Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

«32 рет пышақ сұққан». Атыраудағы қанды қылмыс бойынша сот өтіп жатыр

Фото: Тengrinews.kz
Атырау облысында бір отбасының төрт мүшесінің өліміне қатысты атышулы іс бойынша сот отырысы жалғасып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

«Ақ Жайық» мәліметінше, айыпталушы Сұлтан Сәрсемәлиев сотта өзіне тағылған айыптардың басым бөлігін мойындады.

Іс Атырау облыстық мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер жөніндегі сотта қаралып жатыр. Процесті судья Зарема Хамидуллина жүргізіп жатыр. Сот барысында Сәрсемәлиев Наурыз Мұқанғалиевті қасақана өлтірді деген айыппен келіспейтінін айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бұл әрекет қорғану кезінде болған. Алайда қалған эпизодтар бойынша кінәсін мойындады.

Тергеу нұсқасы бойынша, сотталушы жұбайының әкесі Максот Қарабалинге тоғыз рет, анасы Нәсіп Өтешқалиеваға сегіз рет, бауыры Наурыз Мұқанғалиевке 10 рет, ал әпкесі Мейрамгүл Қарабалинаға 32 рет пышақ жарақатын салған. Сонымен қатар ол ұрлық, алаяқтық және құжаттарды заңсыз иемдену баптары бойынша да кінәсін мойындады. Айыпталушы бұл әрекеттерге қылмысын жасыру үшін барғанын айтқан, — делінген хабарламада.

Сәрсемәлиевке жалпы 13 бап бойынша айып тағылған. Оның тек біреуін ғана мойындамай отыр.

Еске салайық, жантүршігерлік оқиға Атырау облысы Жангелді ауылында болған. Бір отбасының төрт мүшесі қаза болып, күдік күйеу балаға түскен еді. Айыпталушының айтуынша, қанды қылмысқа отбасындағы ұзаққа созылған жанжал себеп болған.