Не болды?
Астана дүкендерінде қой еті мен сүт өнімдерінің бағасы көтерілді. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік қатарына кіретін өнімнің де бағасы өзгеріп жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Министрлік: Баға тұрақты, өсім байқалмайды
Осы аптада ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен азық-түлік инфляциясына қатысты отырыс өтті. Отырыста министр ірі екі қаладаға баға тұрақты деген еді.
Алматы мен Астанада баға тұрақты. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы сол қалпында, үш апта бойы өсім 0% деңгейінде тұр. Ішкі нарықты жаңа піскен көкөніспен де тұрақты қамтып жатырмыз, — делінген министрлік жауабында.
Астанада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік те қымбаттаған
Ал Inbusiness.kz сайтының ақпаратына қарағанда, жаз маусымы жақындағанымен, Астанада қияр бағасы 499 теңгеден 819 теңгеге көтерілген. Картоп пен сәбіз де қымбаттады. Бұған дейін картоптың келісі 262 теңге болса, қазір 299 теңгеден сатылып жатыр. Ал сәбіздің бағасы 262 теңгеден 268 теңгеге өскен.
Ал кей көкөніс арзандаған. Қызанақтың келісі бірден 296 теңгеге түсіп, қазір 649 теңгеден сатылып жатыр. Пияз бағасы 197 теңгеден 181 теңгеге түскен. Қырыққабат 147 теңгеден 144 теңгеге арзандаса, алманың келісі 100 теңгеге төмендеп, 885 теңге болған.
Ет өнімінің ішінде қой етінің бағасы 6350 теңгеден 6890 теңгеге көтерілген. Мұздатылған тауық еті де 1709 теңгеден 1799 теңгеге қымбаттады. Тауық санының бағасы керісінше 2099 теңгеден 1999 теңгеге арзандаған.
Тауық сирағының бағасы өзгермей, 1699 теңге күйі қалған. Бүтін тауық еті 1899 теңгеден сатылып жатыр. Сиыр етінің бағасы тұрақты. Мәселен сиырдың төс еті – 3990 теңге, сиырдың (сұрпы) еті – 6690 теңге, ал тартылған сиыр еті – 4290 теңге. Сонымен қатар 30 дана жұмыртқа — 1689 теңге, ал мұздатылған минтай балығының келісі 4199 теңге.
Бұған дейін бірнеше есе қымбаттаған ас тұзы қайта арзандады. Қазір Астана супермаркеттерінде 1 келі тұзды 105 теңгеге сатып алуға болады. Қалған дәнді-дақыл мен ұн өнімдерінің құны тұрақты.
Атап айтқанда:
- қант – 430 теңге/кг;
- күріш – 395 теңге/кг;
- қарақұмық – 265 теңге/кг;
- макарон – 299 теңге/кг;
- нан – 95 теңге;
- 1-сұрыпты ұн (2 кг) – 390 теңге;
- қара шай (250 грамм) – 995 теңге;
- күнбағыс майы (1 литр) – 800 теңге.
Сүт өнімдері де айтарлықтай қымбаттаған. Майлылығы 2,5% сүттің литрі 385 теңгеден 468 теңгеге өскен. Қаймақтың келісі 30 теңгеге қымбаттап, 1019 теңгеге жетті. Ірімшіктің келісі 5499 теңгеден 5615 теңгеге көтерілген. 72,5% сары майдың келісі 10 теңге өсіп, қазір 4955 теңге болып тұр.
Контекст
Естеріңізге салайық, 2026 жылғы сәуір айының қорытындысы бойынша азық-түлік инфляциясы 0,7% болды.
