Алматының Медеу ауданындағы Самал-3 шағынауданы, 21-үйдің қасбетіне КСРО Халық әртісі, аты аңызға айналған әнші Роза Бағланованың бейнесі бар мурал салынды. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Әкімдіктің мәліметінше, мурал тұрғындардың әкімдікке жасаған өтініші негізінде жүзеге асырылды. Осыдан кейін көркем нысанды жасау жұмыстары ұйымдастырылған.
Жобаның маңызды екені Роза Бағланованың кезінде дәл осы үйде тұрғанында болып отыр. Енді ғимараттың қасбеті ұлы өнер иесіне деген құрмет пен тағзым белгісіне айналды. Жобаны дайындау және жүзеге асыру жұмыстарына Роза Бағланованың келіні Марал Бағланова да қатысқан. Ол атқарылған жұмысқа жоғары баға беріп, жобаны жүзеге асырған азаматтарға алғыс білдірді, — делінген хабарламада.
Осылайша, Халық әртісінің жарқын бейнесі енді халық жадында әрі ұлттық өнер тарихында ғана емес, Алматының сәулеттік келбетінде де мәңгілікке сақталады.
