Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Қазақстан азаматтары 78 елге визасыз бара алады

Фото: Қазақстанның Ресейдегі елшілігі

Не болды?

Қазақстан төлқұжаты халықаралық рейтиңде тағы да жоғарылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Henley Passport Index-тің 2026 жылға арналған мәліметі бойынша, Қазақстан әлемдегі ең ықпалды төлқұжат тізімінде 57-орынға тұрақтады. Қазір Қазақстан азаматы әлемнің 78 еліне визасыз немесе жеңіл тәртіптегі режимде бара алады.

Кейінгі бірнеше жылда Қазақстан төлқұжатының дәрежесі жақсарып келеді. Мәселен, 2023 жылы еліміз 70-орында болса, 2024 жылы 66-сатыға көтерілген. Ал 2025 жылы 61-орынға жайғасқан. Биыл Қазақстан тағы бірнеше саты жоғарылап, 57-орыннан көрінді. Қазақстан төлқұжаты екі жарым жылда 13 орынға көтерілді.

Визасыз режим деген не?

Халықаралық сапарда визасыз режимнің екі түрі бар. Кей мемлекет Қазақстан азаматын толықтай визасыз қабылдайды. Мұндай жағдайда шекарада тек төлқұжатқа мөр басады. Ал кей елде виза елге барғаннан кейін рәсімделеді немесе арнайы электронды рұқсат қажет болуы мүмкін. Дегенмен бұл елшілікке барып, ұзақ құжат жинауды талап етпейді. Сапар алдында ресми дерекке сүйеніп, құжатты тексеріп алған абзал.

Қазақстан азаматы визасыз бара алатын елдер

Қазақстан азаматы Қытайдың құрлық бөлігіне және Хайнан аралына 30 күнге дейін визасыз бара алады.

Мына елдерде де визасыз 30 күнге дейін жүруге мүмкіндік бар:

  • Малайзия;
  • Малдив аралы;
  • Біріккен Араб Әмірлігі;
  • Бразилия;
  • Виетнам;
  • Қатар;
  • Марокко;
  • Никарагуа;
  • Оман;
  • Сербия;
  • Филиппин;
  • Эквадор;
  • Кук аралдары.

Ал кей мемлекетте визасыз мерзім қысқа:

  • Иран — 14 күн;
  • Хоңкоң— 14 күн;
  • Макао — 14 күн;
  • Барбадос — 28 күн;
  • Аргентина — 30 күн.

Туниске 90 күнге дейін визасыз баруға болады. Өзбекстанда 30 күннен көп болсаңыз, міндетті түрде тіркеуден өту қажет.

Оңтүстік Кореяға 30 күнге дейін визасыз кіруге рұқсат етілгенімен, сапар алдында K-ETA электронды рұқсат қағазын рәсімдеу талап етіледі.

Кей мемлекет еліміздің азаматына 60 күннен артық мерзімге визасыз жүруге мүмкіндік береді.

  • Әзербайжан — визасыз, бірақ 30 күннен кейін тіркелу қажет;
  • Грузия — 1 жылға дейін;
  • Қырғызстан — визасыз, 30 күннен соң тіркелу міндетті;
  • Тайланд — 60 күнге дейін, TDAC миграция картасын толтыру қажет;
  • Түркия — 90 күнге дейін.

Жеңілдеген режимді ұсынатын елдер

Қазақстан азаматы мына мемлекеттерге жеңілдеген тәртіппен, яғни алдын ала тіркеусіз немесе әуежайда тіркеліп бара алады:

  • Албания — 90 күнге дейін;
  • Армения — 90 күнге дейін;
  • Беларусь — 30 күнге дейін тіркеусіз;
  • Доминикан Республикасы — 60 күнге дейін;
  • Замбия — 90 күнге дейін, ақылы электронды рұқсат қажет;
  • Индонезия — 30 күнге дейін, виза әуежайда рәсімделеді;
  • Колумбия — 90 күнге дейін;
  • Маврикий — 60 күнге дейін, құжат әуежайда рәсімделеді;
  • Молдова — 90 күнге дейін;
  • Моңғолия — 90 күнге дейін;
  • Намибия — 90 күнге дейін, рәсімдеу әуежайда жүреді;
  • Ресей — 90 күнге дейін, 30 күннен кейін тіркелу керек;
  • Сейшел аралдары — 30 күнге дейін;
  • Сент-Китс және Невис — 90 күнге дейін;
  • Сент-Винсент және Гренадиндер — 90 күнге дейін;
  • Тәжікстан — визасыз, бірақ 30 күннен кейін тіркелу қажет;
  • Украина — 90 күнге дейін;
  • Черногория — 30 күнге дейін, тек туризм маусымында.

Халықаралық рейтиңдегі есептеу тәртібі

Henley Passport Index рейтиңі әлем елдерінің азаматы қанша мемлекетке визасыз бара алатынына қарай есептеледі. Елге визасыз кіруге мүмкіндік болса немесе виза шекарада рәсімделсе, төлқұжатқа бір ұпай беріледі. Рейтиңде алдын ала виза алу қажет мемлекет есепке алынбайды.

Контекст

Естеріңізге салайық, жазда ел ішінде қосымша теміржол және әуе рейсі ашылады.