Не болды?
Елімізде ішкі әуе рейстерге биометриямен сәйкестендіру жүйесі іске қосылады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Биометрия жүйесі жайлы үкімет отырысында көлік министрі Нұрлан Сауранбаев мәлімдеді. Министрдің айтуынша, пилот жоба алғаш рет Астана-Шымкент бағытында жүзеге асады. Жаңа жүйе жолаушыға құжат тексерісінен жылдамырақ өтуге мүмкіндік береді.
Қазақстан әуежайларында Q-Gate автоматтандырылған мультибиометрия терминалы істеп тұр. Бұл жүйе тексерістен өтуді 3 минуттан 50 секундқа қысқартады. Қазір Астана мен Алматы әуежайында 16 терминал бар. Биыл дәл осындай терминалды Шымкент, Атырау, Ақтөбе және Ақтау әуежайына орнату жоспарланды. Әр әуежайда төрт терминалдан іске қосылады.
Жүк тасымалы да жеңілдемек
Жүк тасымалы саласына e-Freight цифрлық жүйесі еніп жатыр. Министрліктің мәліметінше, бұл технология жүк өңдеу уақытын бір күннен бір сағатқа дейін қысқартып, барлық процесті толық цифрландыруға мүмкіндік береді.
Контекст
2025 жыл қорытындысы бойынша еліміздің әуе компаниялары 15 миллион жолаушы тасымалдаған. Ал әуежайлар 32 миллион адамға қызмет көрсетіп, 173 мың тонна жүк өңдеген. 2026 жылдың алғашқы төрт айында ішкі рейстегі жолаушы саны төрт миллион адамнан асты.
Естеріңізге салайық, Қазақстаннан Токио мен Нию-Йоркке тікелей әуе рейстері қашан ашылатыны белгілі болған еді.
