Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыда жазғы алаңдарды орналастыру талаптары өзгеруі мүмкін

Фото: Бақдәулет Әбдуалы
Алматы әкімі Дархан Сатыбалды заңсыз орнатылған стационарлық емес сауда нысандарын реттеу және қоғамдық тамақтану орындары жанындағы жазғы алаңдардың жұмысын жүйелеу мәселелері бойынша арнайы кеңес өткізді. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Қалада 876 сауда нысаны дизайн-кодқа сай емес

Қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Берікбол Мәндібаев жүргізген мониториң нәтижесінде қала аумағында 1595 заңсыз стационарлық емес сауда нысаны анықталғанын айтты.

Оның ішінде:

  • 509 нысан мемлекеттік жер телімдерінде орналасқан;
  • 210 нысан жекеменшік аумақта жердің нысаналы мақсатын бұза отырып қойылған;
  • 876 нысан бекітілген дизайн-код талаптарына сәйкес келмейді.

Басқарма мәліметінше, мұндай нысандар жаяу жүргіншілер қозғалысына кедергі келтіріп, қаланың сәулеттік келбетіне нұқсан келтіруде әрі тұрғындардың наразылығын туғызып жатыр.

Алматы әкімі аудан әкімдерін сынға алды

Кеңесте қала әкімі заңсыз сауда нысандарына қатысты бақылауды күшейтуді тапсырды.

Бұл мәселеде ең алдымен аудан әкімдері жауапты болуы керек. Олар күн сайын аумақтарды аралап, заңбұзушылықтарды дер кезінде анықтауға міндетті. Жыл басынан бері бар болғаны 157 нысан бұзылған, бұл мегаполис үшін өте төмен көрсеткіш. Инженерлік желілерден ажырату мәселесін қарастырып, полициямен бірлесіп меншік иелерін әкімшілік жауапкершілікке тарту қажет, – деді Дархан Сатыбалды.

Қазіргі уақытта қалада стационарлық емес сауда нысандарын орналастыруға арналған 142 арнайы орын бекітілген. Жыл соңына дейін олардың санын көбейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар кеңесте қоғамдық тамақтану орындарының жазғы алаңдарын реттеу мәселесі де қаралды. Бүгінде мұндай алаңдарды қоғамдық тамақтану орындарының шамамен 30%-ы пайдаланады.

Әкімдік мәліметінше, қолданыстағы талаптар жазғы алаңдардың уақытша әрі жеңіл конструкция екенін толық ескермейді. Соның салдарынан келісу рәсімдері күрделеніп, рұқсатсыз орналастыру жағдайлары көбейген.

Осыған байланысты кәсіпкерлер үшін рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған қағидаларға өзгерістер енгізу ұсынылды.