Не болды?
2026 жылғы сәуір айынан бастап Қазақстанда бірқатар маңызды өзгеріс күшіне енеді. Baribar.kz толығырақ айтып береді.
Сәуірде неше күн демаламыз?
Сәуір айында аптасына бес күн жұмыс істейтіндер сегіз күн демалады. Алты күн істейтіндер төрт күн демалады.
Ай ішінде мемлекеттік мереке жоқ, сондықтан демалыс тек сенбі және жексенбі күндері болады. Атаулы күн ретінде мына мерекелер тойланады:
- сәуірдің бірінші жексенбісі (5 сәуір) – Геологтар күні;
- 7 сәуір – Дүниежүзілік денсаулық күні және Мемлекеттік қызмет көрсету саласы қызметкерлерінің күні;
- 12 сәуір – Ғылым қызметкерлері күні, Авиация және ғарышкерлер күні;
- 15 сәуір – Ғашықтар күні («Қозы Көрпеш – Баян сұлу»);
- 23 сәуір – Ұлттық кітап күні.
Көлік салығын төлеу мерзімі аяқталады
Бірінші сәуірден бастап 2025 жылға арналған көлік салығын төлемеген адамға айыппұл жазыла бастайды. Салық мөлшері көліктің қозғалтқыш көлеміне қарай есептеледі. Оны мемлекеттік кірістер комитетінің сайтындағы онлайн-калькулятормен тексеруге болады.
2026 жылдан бастап шыққанына 10-20 жыл болған көлікке 0,7, ал 20 жылдан асқан көлікке 0,5 төмендету коэффициенті қолданылады (бұл 2027 жылы төленетін салыққа қатысты).
Салық рақымшылығы аяқталады
1 сәуірде кәсіпкерлерге салық рақымшылығы мерзімі аяқталады. Осы уақытқа дейін негізгі қарызын өтегендердің өсімпұл мен айыппұлы кешіріледі.

Жанармай мен коммуналдық тарифтер өсуі мүмкін
Жанармай мен коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуіне қойылған мораторий 1 сәуірден бастап аяқталады. Бұл шектеу 2025 жылғы қазан айынан бастап енді. Бұл бензиннің (АИ-92), дизель отынының және коммуналдық қызметтердің бағасының күрт қымбаттап кетуіне жол бермеу үшін қабылданған еді.
Балалар лагерьінен лицензия талап етіледі
2026 жылғы 1 сәуірден бастап балаға арналған демалыс лагерьлері міндетті түрде бес жылға берілетін лицензия алуға тиіс. Бұл талап 2025 жылғы 26 желтоқсанда қабылданған заң аясында енді.
Лагерьге қойылатын талап күшейді: білім беру бағдарламасына, мұғалімнің білігіне, қауіпсіздікке, медициналық қызметке және санитария жағдайына қатысты жаңа нормалар енді.
Мобайл аударымдар қадағаланады
Банктер 2026 жылғы бірінші тоқсан бойынша мобайл аударымдар туралы мәліметті 15 сәуірге дейін салық органдарына тапсырады. Тек мынандай аударым қадағаланады:
- 100 және одан да көп адамнан ақша түссе;
- аударым үш ай қатарынан жүрсе;
- жалпы сома 1 020 000 теңгеден асса.
Шот бірден бұғатталмайды, тек түсіндірме талап етілуі мүмкін.
Мемлекеттік қызметке қабылдау талабы өзгереді
Енді мемлекеттік қызметке қабылдау толық цифрлы форматта өтеді. Байқау мерзімі бес-жеті жұмыс күніне дейін қысқарады. Жаңа жүйе бойынша байқауға қатысушы эссе, сұхбат, практикалық тапсырма мен психометриялық тестілеу кезеңдерінен өтуі керек.

Жүргізуші куәлігін онлайн ауыстыруға болады
2026 жылғы сәуірінен бастап азаматтар жүргізуші куәлігінің мерзімі өтіп кетсе, оны eGov.kz порталы мен eGov Mobile қолданбасы арқылы онлайн ауыстыра алады. Бұл жаңашылдық құжаттың барлық санатына қатысты.
Мерзімі өтпеген куәлікті ауыстырсаңыз, медицина мамандарының қарауы қажет емес. Қызмет көрсету уақыты — небары 60 минут.
Алайда мерзімі өткен куәлікті ауыстыру үшін медицина қарауынан өту қажет.

Қару ұстауға қойылатын талаптар күшейді
2026 жылғы сәуірлен бастап Қазақстанда қару айналымы мен күзет қызметіне қатысты заңнамалық өзгерістер күшіне енеді. Енді азаматтық және қызметтік қару ұстайтындар міндетті түрде бақылау үшін оқ атудан өтуге тиіс. Белгіленген мерзім бұзылса, ішкі істер министрлігі қару ұстауға берілген рұқсат қағазының қолданысын тоқтата алады.
Stadler вагондары іске қосылады
Сәуір айынан бастап елімізде Штадлер жолаушылар вагоны теміржолға шығады деп жоспарланды. Олар тальго пойызының орнын басуы мүмкін. Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың мәлімдеуіне қарағанда, қазір ҚТЖ мен өндіруші компания арасындағы соңғы техникалық мәселе шешіліп жатыр. 2026 жылдың соңына дейін еліміздің теміржол паркін 191 жаңа вагонмен толықтыру көзделіп отыр.

Air Astana қайтадан Дубайға ұша бастайды
Естеріңізге салайық, Қазақстандағы ұлттық тасымалдаушы Air Astana компаниясы 2026 жылғы 11 наурыздан 31 наурызға дейін Дубайға ұшатын рейстерін тоқтатқан еді. Оған Таяу Шығыстағы шиеленіскен жағдай себеп болған. Әуе компаниясының айтуымен сол аралыққа билет алған азаматтар оны 1 сәуір мен 31 мамыр аралығындағы уақытқа ауыстырды. Air Astana 1 сәуірден бастап қайтадан Дубайға ұша бастайды.

Ал FlyArystan әуе компаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстердің тоқтау мерзімін 19 сәуірге дейін ұзартты.
Ботаникалық бақ жаңа жұмыс кестесіне көшеді
1 сәуірден бастап Алматыдағы Ботаникалық бақ таңғы сағат 9:00-ден 20:00-ге дейін істейді. Касса жұмысы сағат 15:00–15.30 аралығында техникалық үзіліске шығады. Айдың бірінші дүйсенбісі — санитария күні. Санитария күні техникалық себептер бойынша немесе айдың бірінші дүйсенбісі мереке күніне сәйкес келсе, кейінге қалдырылуы мүмкін.
