Ұлттық құрылтай – президент жанындағы консультативті-кеңесші орган. Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, елде түрлі пікірталас алаңы болғанымен, құрылтайдың жөні басқа. Бұл – қоғамды біріктіретін тың идеялар орталығы.
Ұлттық құрылтай құрамында парламент депутаттары, саяси партиялар, үкіметтік емес ұйымдар, Қазақстан халқы ассамблеясы мүшелері мен аймақтардағы қоғамдық кеңес мүшелері сияқты 117 адам бар. Құрылтай жылына кемі бір рет немесе керек кезде өтуге тиіс.
Құрылтай құрылғалы бері төрт рет ұйымдастырылды. Алғашқы отырысы 2022 жылы Ұлытауда өтті. Одан кейін құрылтай мүшелері әр жылдары Түркістанда, Атырауда және Көкшетауда бас қосты.
Ұлттық құрылтай ұлттық құндылықтарға баса назар аударады әрі оны заң арқылы бекітуге күш салады. Әр отырыста құрылтай мүшелерінен ел дамуына қатысты маңызды ұсыныстар түседі. Нақтырақ айтар болсақ, Ұлытаудағы отырыста 42, Түркістанда 106, Атырауда 149 және биыл Көкшетауда өткен жиында 113 ұсыныс түскен.
Ел ішінде шешімі табылмай жатқан немесе елеусіз қалған мәселелерді талқылап, нүктесін қоятын ұлттық құрылтай жайлы тұлғалар пікірін ұсынамыз.
Ұлттық ғылым академиясының академигі, Ұлттық құрылтай мүшесі Асқар Жұмаділда Ұлытаудағы алғашқы отырыста құрылтай президентке ақыл айтатын консультативті орган екенін айтқан. Академиктің пікірінше, мүше етіп түрлі кәсіп иесін алғаны да содан. Ақын, ғалым болуы міндетті емес, бастысы, ел болашағы туралы президентке ақыл айта алатын адам болуы керек.
Тарих шынайы, бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек. Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым және жоғары білім министрлігіне мұны айрықша қадағалауды тапсырды. Қажет болса, шетел ғалымдарын да тартуға болады. Бұдан былай Республика күніне ұлттық мереке мәртебесі қайтарылады. Президент бұл күнді мемлекет құру жолындағы қарышты қадамының символы болады деп сенеді. Есесіне Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл бас мемлекеттік мереке болып қала береді, — дейді Асқар Жұмаділда.
Ұлттық құрылтай төрағасының орынбасары, Қазақстан Республикасы парламент сенатының депутаты Бибігүл Жексенбай Ұлттық құрылтайдың үшінші отырысы Атырауда өткенінің мәні ерекше екенін айтқан. Оның айтуынша, тарихымыздағы Алтын Орданың астанасы әйгілі Сарайшық қаласында атақты хандарымыз орда тіккен. Атырау – әлемнің түкпір-түкпіріне өркениетін жайған киелі мекен. Сонымен қатар сол жиында ұлт болашағына қатысты келелі мәселелер қозғалған.
Әрине, Рамазан айы, жыл басы – Наурыз мерекесімен тұспа-тұс келген Ұлттық құрылтайдың Атыраудағы алқалы жиынындағы әңгіме де кесек-кесек, қозғалған мәселелер де келелі болды. Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыратын құндылықтар тізбесі айқындалды, – деді Бибігүл Жексенбай.
Ұлттық құрылтай мүшесі, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова құрылтайдың халық пен билік арасындағы диалог құру деген мақсаты бар екенін жеткізді.
Ұлттық құрылтайды қай уақытта жиды? Ел мен елді елдестіру үшін және күрделі тарихи жағдай болғанда да құрылтай шақырған. Бұл жиын күрделі кезеңдерден, тығырықтан шығатын жол іздейтін біздің дала демократиясының негізгі механизмі болды. Сондықтан Ұлттық құрылтайдың халық пен билік арасындағы диалог құру деген негізгі мақсаты бар және президент жанындағы консультативті орган болып саналады, — дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Ұлттық құрылтайға аға буын өкілдері, ел дамуына еңбегі сіңіп жатқан еңбек қайраткерлері, ақын-жазушылар, жастар мен орта буын өкілдері, еңбек санатындағы азаматтардың бәрі қатысады.
Құрылтай жылына бір рет өткенімен, оған дейін тоқсанына бір рет жиыламыз. Жұмыс тәртібінде үлкен жиындар өтеді және ең өзекті деген тақырыптарды талқылаймыз. Бүгінгі таңда ұлттық құрылтайдың жалпы ұлттық сипатқа толық жеткенін сеніммен айта аламын, – дейді ол.
Жұлдыз Сүлейменованың айтуынша, осы уақытқа дейін тоғыз заң қабылданған. Ол заңдардың бәрі – мемлекетіміздің әлеуметтік-идеологиялық салаларына жауап іздейтін және жауап беретін нақты заңнамалық, орындау тетіктері қарастырылған, еліміз үшін қажет заңдар.
Мысалы вейпті шектеу туралы заң қабылданды. Идеологиялық тұрғыда жастар мен балалар арасында осы зиян әрекетті тыю деген күн тәртібіндегі өзекті мәселе болды. Одан кейін есірткіге қарсы заңды қарастырдық. Бұған дейін «закладчик» дейтін есірткі таситындар бұл ісіне қатысты ауыр бап бар екенін білмеген. Білместіктен шалыс басқандарға гуманизм тұрғысынан қоғам кешіріммен қарау керек екені талқыланды. Лудоманияға байланысты да заң қабылданды. Көптеген азамат, оның ішінде мемлекет қызметкерлері, әскерде борышын өтеп жүргендер лудоманияға шалдығып, бұл да әлеуметтік кеселге айналғанын білеміз, — дейді министр.
Оның айтуынша, әлеуметтік те, экономикалық та проблемалардың шешімі бар. Ал шешімі қиыны – идеологиялық мәселелер.
Бұл – тәртіп, тәрбие мәселелері. Ұлттық құрылтайда 30 жыл қоғамда айтылмай, ұзақ уақыт көңіл бөлмеген, бірақ қазір жан-жақтан себеп-салдары шығып жатқан мәселелерді талқылаймыз. Отырыста шындықты айтып, ортаға салып, шешім шығарамыз. Бұл қабылданған заңдардың нәтижесі алдағы үш-төрт жылда көрінеді. Неге? Себебі бұлар – көпмерзімді мәселелер. Оның нәтижесін де біраз уақыттан кейін байқаймыз, – дейді Жұлдыз Сүлейменова.
Ұлттық құрылтайда көтеріліп, шешімін іздеп жатқан не жауабы табылып, арнайы заң қабылданған мәселелердің бәрі елдік мұрат пен ұлттық мүддеге қатысты.
