Елімізде күтім мен сәнге көп ақша жұмсайтын қай қала?

Не болды?

Бірінші кредиттік бюро еліміздегі сән мен күтімге көбірек ақша жұмсайтын қала тұрғындарын жариялап отыр. Бұл — Шымкент тұрғындары.

Мәлімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің ұлттық статистика бюросы үй шаруашылығын іріктеп өткізген үлкен зерттеу қорытындысы негізінде алынған.

Мәлімет

2025 жылдың II тоқсанында Шымкентте жан басына шаққандағы киімге, аяқ киімге, матаға және жеке күтім мен гигиенаға арналған түрлі тауарға кеткен шығын тоқсанына шамамен 36,4 мың тг болған. Бұл — елдегі ең жоғары көрсеткіш және республикалық орташа деңгейден 36% көп.

Алайда Шымкенттегі орташа ақшалай табысты аса жоғары деуге келмейді: жан басына шаққанда тоқсанына 267,5 мың тг шығады, яғни ҚР бойынша жалпы деңгейден 26% төмен. Демек, «әдемілік пен күтімге» жұмсалатын шығын ақшалай табыстың 14%-на тең. Ал еліміз бойынша орташа деңгей бұл көрсеткіштен екі есе төмен.

Шығын қалай анықталады?

Сән мен күтімге кеткен шығын мынадай үш санат бойынша анықталған:

  • жеке күтімге арналған электр құралдары (сауалнама қағаздарына электр ұстара, фен, депиляторлар және т.б. кірген);
  • жеке гигиена тауарлары (сусабын, сабын, крем, косметика, дәретхана қағазы, т.б.);
  • басқа санаттарға кірмейтін жеке қолданыстағы заттар (әшекей, сағат, сөмке, қолшатыр, оттық, баланың бесік арбасы, т.б.)

Шымкент бұған дейін де көш бастаған

Бір айта кетерлігі, мұндай жағдай кейінгі жылдары тұрақты түрде байқалып келеді. 2025 жылдың I тоқсанында да қала тұрғындары осыған ұқсас мақсаттағы абсолют шығын көлемі бойынша да, ол шығынның табысқа шаққандағы үлесі бойынша да көш бастаған еді.

2024 жыл қорытындысы бойынша да нәтиже осындай болған. Ал 2020-2023 жылдары Шымкент абсолют көрсеткіштерде Алматыдан қалып қойғанымен, табысқа шаққандағы үлесі жағынан республика бойынша бірінші орында тұрды.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да