Алматыда шахматтан кадеттер арасындағы әлем чемпионаты басталды

Алматыда 19–30 қыркүйек аралығында U8, U10 және U12 жас санатындағылар арасында шахматтан әлем чемпионаты өтіп жатыр.

Бұл туралы шахмат федерациясы хабарлап отыр.

Биылғы жарысқа 88 елден 850-ден астам ойыншы тіркелді. Қазақстан атынан 200-ден астам шахматшы қатысады.

Турнирдің ұйымдастырушылары – ҚР туризм және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, Халықаралық шахмат федерациясы (FIDE) және Қазақстан шахмат федерациясы (KazChess). Ашылу салтанатына үкімет пен қала басшылығы, сонымен қатар ФИДЕ президенті Аркадий Дворкович қатысты.

KazChess президенті Тимур Турловтың айтуынша, мұндай ауқымды қатысушылар құрамымен Қазақстанда бұған дейін ешқандай спорттық жарыс өтпеген.

Бұл – еліміз үшін тарихи сәт. Біз турнирді әлемнің ең мықты шахмат державаларының бірі ретінде қабылдап отырмыз, – деді ол.

Жарыс 11 турдан тұрады және швейцар жүйесі бойынша өтеді. Уақытты бақылау – 90 минут және әр жүріске қосымша 30 секунд. Чемпионат ұлдар мен қыздар арасында O8, G8, O10, G10, O12 және G12 санаттарында ұйымдастырылған.

25 қыркүйекте жас шахматшылар үшін мәдени-спорттық бағдарлама жоспарланған. Олар «Шымбұлаққа» экскурсияға шығып, блиц-турнирге қатыса алады. Сонымен қатар 27–28 қыркүйекте Satbayev University-де «Білім берудегі шахмат» атты халықаралық конференция өтеді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да