Интим аймағын қаншалықты жиі жуу керек?

Интим аймағы гигиенасы әйелдің денсаулық жағдайын, өмір сүру сапасын білдіреді. Ол таза болмаса, әйелдің жүріп-тұруы өзгереді, түрлі ауру пайда болады, жыныстық қарым-қатынас кезінде ауырады, жағымсыз иіс пайда болуы мүмкін. Бұл адамның өзін бағалауын төмендетеді.

Әйел адамның таңертең тұрғандағы жұмысы интим аймағын жуудан басталуы керек. Әйелдің интим аймағы зәр шығару каналынан, қынаптан және анал аймағынан тұрады. Зәр шығару каналы жоғарылап, қуық, бүйрекке жалғасады. Бұл мүшелерде бактериялар болмайды, өйткені сүзілген қан сыртқа зәр болып шығады. Ал қанда бактериялар жоқ.

Қынапта бактерияның екі түрі бар: тұрақты (95%-ке жуық) және шартты-патогенді (5%-ке жуық). Қынаптың кіреберісінде арнайы бездер бар. Олар ылғал бөледі, бұл — микрофлора, яғни бактериялар үшін тұрақты, жайлы мекен. Осы бактериялардың проценті бұзылмауы керек. Шартты-патогенді бактерия көбейсе, ауру пайда болады. Қынап бактерияларының бірі — дедерлейн таяқшасы. Бұлар осы аймақтың тұрақты ортасын жасайды. Бактериялар осы жердің иммунититетін бірқалыпты ұстап отырады.

Анал аймағының өз бактериясы бар. Бұл бактериялар сол орталыққа керек, пайдалы, бірақ қынапқа зиян. Демек, интим аймағын жуғанда екеуінің бактериясын араластырып алмау керек. Ол үшін әуелі зәр шығару каналын, одан кейін қынап, сосын анал аймағы жуылады. Осы реттілік сақталуы керек. Анал аймақтан соң жоғары жақты жууға болмайды.

Дәрет аларда қолды, тырнақ астын сабындап жуып алуды ұмытпаған жөн. Өйткені алақан мен тырнақ асты — микроб жиналатын орындар.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Таңертең тұрғанда жылы сумен, түнде жатар алдында интим гелімен дәрет алған дұрыс. Қынаптың ішін жууға болмайды, шырышты қабатына зақым келуі мүмкін. Тек сыртын, терісін жуу жеткілікті. Қынаптың үлкен және кіші еріндерінде жиналған артық бөлінділерді ғана жуу керек. Ал етеккір кезінде төсеме ауыстырған сайын жай сумен жуынған дұрыс. Әр жыныстық қатынастан соң әйел кіші дәретке баруы керек. Жақындасқан кезде ер адамның жыныс органы әйелдің несеп жолына тиеді де, ол тітіркеніп, кіші дәретті шақырады. Содан кейін міндетті түрде интим аймағы жуылады.

Интим гелін қалай таңдайды?

Сулы ерітінділердің қышқыл өлшемін білдіретін pH (п-Аш) сутегі көрсеткіші бар. Оның көрсеткіші 0 (0-7 — қышқыл) және 14 (8-14 — сілтілі) саны аралығында көрсетіледі. Әйелдің дені сау болса, pH көрсеткіші 7-8-ді аралығындағы интим гелін алу керек. Ал қынап бактерияларында проблема болса, қышқылды, соның ішінде 5,5-6,5 деген көрсеткішті таңдауына болады. Кез келген жуғыш зат құрамында бұл көрсеткіш мөлшері жазылады.

Интим аймағына арналған майлықтар жолға шыққанда пайдалануға ыңғайлы. Бірақ күнделікті қолдануға жарамайды. Жалпы, майлық болсын, гель болсын, интим аймағын жууға арналған заттарды жиі пайдаланбау керек. Өйткені олар бактериялар мөлшерін бұзады. Қынаптың өз бактерияларын өлтіруге әрекет етеді. Сабынның сыртында «бактерияның 99,9%-ін жояды» деген жазу рас.

Қандай төсемелер пайдаланған жөн?

Етеккірге арналған төсемелердің ауа өткізетінін таңдау керек. Кейбір төсеменің беті клеенка сияқты болып тұрады. Мұндай материал ауа өткізбейді. Енді бірі жұмсақ болып шығады. Мүмкін болса осындай табиғиға жақын материалдан жасалғанын алған дұрыс. Интим аймағына күн тимейді. Ал күн көзінде көп бактерияның өлетінін білеміз. Ақыры күн түспейді екен, тым болмағанда ол аймаққа ауа баруына мүмкіндік жасайық.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Етеккір төсемесін әр 4 сағат сайын ауыстырған жақсы. Күнделікті төсемелерді (ежедневки) 3 сағат сайын ауыстырып отыруға, ең дұрысы мүлдем қолданбауға кеңес беріледі. Себебі төсеменің беті ауа өткізгіш болған күннің өзінде, астыңғы жағы целлофаннан жасалады. Одан ауа өтпейді. Іш киімнің ауа өткізетін, яғни мақта-матадан жасалғанын алу ұсынылады. Кіші дәреттен соң дәретхана қағазын пайдаланбайтындар да бар. Осыған байланысты кіші дәрет іш киімде тұрып қалуы мүмкін. Мұндайда ылғал, жылы, күн сәулесі түспейтін, ауа кіру мүмкіндігі төмен ортада әлгі қынаптағы шартты-патогенді бактериялар мөлшері артады. Демек ауру пайда болады. Іш киімді күн сайын ауыстыру керек. Бұл адамда кішкентай кезінен қалыптасатын әдет болуға тиіс.

Интим аймағындағы түк маңызды ма?

Интим аймағына түктің шығуы екі жағдайда маңызды:

  1. Адамның гормоналды статусын, яғни қалай ер жетіп/бой жетіп жатқанын бағалау үшін;
  2. Артық түк шығуының бар-жоғын анықтау үшін. Бұл адам ағзасында тестостерон гормоны артық өндіріліп жатқанынан хабар береді.

Ал басқа жағдайда түктің еш маңызы жоқ. Оны қалдыруды немесе алып тастауды адам партнерына жағымды-жағымсыз екеніне немесе өз қалауына орай шешеді. Түк алудың бірнеше тәсілі бар: шугарингіде қантты, балауыз арқылы алуда парафинді пайдаланады, сондай-ақ лазерлі түксіздендіруді білеміз. Лазер арқылы түк «тамырын» зақымдайды, сондықтан түк шықпайды. Бұлардың ешқайсының денсаулыққа зияны жоқ.

«Түк секреция бездерін ұстап қалып, ол табиғи жолмен кебеді» деген сөз жалған. Түктің ондай функциясы жоқ.

Интим аймағынан жағымсыз иіс шығу себебі

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Норма бойынша интим аймағының өзіне тән иісі болады. Ал жағымсыз иіс шығуының мынадай себептері болуы мүмкін:

  1. Қынаптағы шартты-патогенді бактерия өзіне түскен қоректі ашыту процесімен айналысады. Жағымсыз иістің пайда болуы сол бактериялардың көбейгенін, ашыту процесі көптеп жүріп жатқанын білдіреді. Одан құтылу үшін микрофлораны қалыпқа келтіру керек.
  2. Жыныстық қатынас арқылы берілетін трихомониаз ауруының пайда болуы. Ондай кезде пациенттер интим аймағынан балықтың иісі шығатынын айтады. Ол рас. Өйткені ауру тудыратын бактерия өнім бөледі, соның арқасында балықтың иісіне ұқсас иіс шығады.

Гигиена сақталмаса, қандай аурулар пайда болады?

Интим аймағы гигиенасы сақталмаса, қуық қабынатын цистит ауруы пайда болады. Оны көбі суықтан дейді. Негізі бұл ауру интим аймағында жасырын инфекция бар екенін білдіреді. Одан кейін дәрет алмайтын немесе сирек алатын адамдарда және күнделікті төсемені өте жиі пайдаланатындарда микрофлора өзгереді. Мұны медицина тілінде бактерия вагинозы ауруы дейді.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы

Адам ішегіндегі бактериялардың жалпы салмағы 2-3 келіге жетеді. Бұл бактериялар қынапқа тікелей әсер етеді. «Ауру — астан». Асыңыз денсаулыққа пайдалы өнімдерден тұрса, уақтылы ішілсе, ішектің жағдайы жақсы болады. Демек иммунитет те күшті, репродуктив жүйе жұмысы да бірқалыпты болады.

Сәбидің интим аймағын қалай күту керек?

Қыз бала туғанда әйелдердегідей етеккір келуі мүмкін, бірақ өте аз мөлшерде. Бұл — қалыпты нәрсе және ең ұзақ дегенде 2 аптаға созылады. Сол сияқты қынаптан сұйық та бөлінеді. Мұның бәрі бастапқы уақытта анасының гормонары бала іште жатқанда оған берілгенінен болады. Ол гормондар қынаптан шыққан сұйықпен, аналық безден сығылған сұйықпен, кіші және үлкен дәретпен сыртқа толық шығып кетеді. Бұл процесс 2 аптадан көп уақытқа созылса, баланы педиатрға апарған дұрыс.

Бесік — қыздың да, ұлдың да интим аймағын таза ұстаудың ең жақсы шешімі. Онда кіші дәрет пен үлкен дәреттің түбекке кету жолы бөлек. Бірақ қазір көбі жөргек (памперс) қолданады. Онда екі дәрет араласады. Яғни қынап пен анал аймағы бактериялары араласады. Оған қоса, жөргек ауа өткізбейді. Бұл сәбилерде болатын вульвовагинит ауруына әкеледі. Демек анасы қызының интим органын дұрыс тазаламайды.

Интим аймағын жақсылап жумағандықтан қынапқа үлкен дәрет қалдықтары кіріп кетуі мүмкін. Оны болдырмас үшін жөргекті жиі ауыстырып, әр ауыстырған сайын баланың интим аймағын жылы сумен жуып немесе майлықпен сүртіп отыру керек. Әрине, интим аймағы әр бөлігіне жеке майлық пайдаланған жөн.

Тағы оқыңыз:

Қыз-келіншектерді жиі мазалайтын сауалдарға гинеколог жауап берді

Ер адам жыныс гигиенасы туралы нені білу керек?