Медиалар балалар мен жасөспірімдер суициді туралы жазғанда оқиғаның қайда, қалай болғанын тәптіштеп кетеді. Қайтыс болған адамның қалай дайындалғанын көрсететін телеарналар да жоқ емес.
Осы тұста «Медиа балалар суицидіне әсер етуі мүмкін бе?» деген заңды сауал туындайды. Baribar.kz тілшісі журналист Оразай Қыдырбаевпен және психолог Ақгүл Төлеуханқызымен сөйлесіп, осы сұраққа жауап іздеп көрді.

Өзекті проблема

Медиада балалар мен жасөспірімдер суициді туралы ақпарат жетерлік. Іздеу жолағына «Суицид» деп жазып қалғанда «Шымкентте 11-класс оқушысы суицид жасады», «Жамбыл облысында 15 жастағы оқушы суицид жасады», «Алматыда жасөспірім суицид жасады» деген тақырыптағы жаңалықтар шығады.

Балалар мен жасөспірімдер суициді – Қазақстандағы өте өзекті проблема. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне қарағанда, Қазақстан — балалар мен жасөспірімдер суициді ең көп тіркелген елдердің бірі. Мысалы, Қазақстан 2015 жылға дейін жасөспірімдер арасындағы суицид саны бойынша 10 жыл қатарынан алғашқы үштікке кірген.

ЮНИСЕФ дерегі бойынша, 2023 жылы Қазақстанда балалар суициді 33% артқан. Ал 2024 жылдың алғашқы сегіз айында 128 бала мен жасөспірім өзіне қол салған. Бұл оқиғалардың басым бөлігі медианың назарынан тыс қалмады. Журналистер түрлі материал жазып, түрлі сюжет түсірді. Алай кей жағдайда медианың өзі суицид статистикасының артуына себеп болуы мүмкін.

Оразай Қыдырбаев
Оразай Қыдырбаев, журналист. Фото: Azattyq

Вертер эффекті

XVIII ғасырдың соңында неміс жазушысы Гете «Жас Вертердің жан азабы» деген роман жазған. Романда бас кейіпкер суицид жасайды. Романды оқыған Еуропа тұрғындары өзіне қол жұмсай бастаған. Осылай, Еуропада суицид саны күрт өскен. Бұл оқиғадан кейін шығармаға бірнеше елде тыйым салынып, Вертер эффекті деген термин пайда болған.

Вертер эффекті әр нәрсенің ауыр салдары болуы мүмкін екенін көрсетеді. Бұл эффект кейінгі жылдары журналистикада да жиі талқыланады. Медиамамандар балалар мен жасөспірімдер суициді туралы ақпараттың өзі суицидке итермелеуі мүмкін екенін айтады. Журналист Оразай Қыдырбаевтың сөзіне қарағанда, журналистер ақпараттың салдарына да жауапты.

Зерттеушілер суицидтің «жұқпалы» қасиеті бар екенін анықтаған. Ол нәрсені Copycat suicides деп айтып жатады. Осы Сopycat suicide-тың көпшілік арасында кең тараған екінші атауы – Вертер эффекті. Мұны журналистердің білгені өте маңызды. Өйткені журналистер ақпаратты жариялағаннан кейін оның ықтимал кері салдарына да жауапты. Медиада суицид оқиғаларының жиі жариялануы, әсіресе ол оқиғаның сенсациялық жаңалық ретінде, егжей-тегжейлі сипаттала отырып хабарлануы осыған ұқсас суицид оқиғаларының жиілеп кетуіне әсер етеді. Біздің мақсатымыз адамдарды суицидтен сақтандыру, қиын өмірлік жағдайдағы азаматтарға қол ұшын созу болса, демек суицид оқиғаларын бұлай хабарлаудан аулақ болуымыз керек, – дейді журналист.

Ақгүл Төлеуханқызы – балалар психологы. Ол депрессияда жүрген жасөспірімдермен сөйлесіп, суицид жасауға талпынған балалармен жұмыс істейді. Психологтың сөзіне қарағанда, медиадағы өлім-жітім туралы жаңалықтар суицидке жетелейтін негізгі фактор емес, бірақ әсері бар.

Менің ойымша, қоғамда болып жатқан оқиғалар, суицид туралы ойындар, балалардың зорлық-зомбылық бар видео көруі, медиадағы өлім-жітім туралы жаңалықтар баланы суицидке жетелейтін негізгі себеп емес. Алайда бұл нәрселер депрессияда жүрген, жан деңгейінде жарақаты бар баланы қозғап жіберуі мүмкін, – дейді психолог.

Ақгүл Төлеуханқызы, психолог. Фото: Baribar.kz\Нұрназар Әмзе
Ақгүл Төлеуханқызы, психолог. Фото: Нұрназар Әмзе

Балалар суициді туралы қалай жазу/жазбау керек?

Көп медиа балалар мен жасөспірімдер суициді туралы жазғанда оқиғаның қайда, қалай болғанын тәптіштеп кетеді. Қайтыс болған адамның қалай дайындалғанын көрсететін телеарналар да жоқ емес. Медиаэксперттер бұл дайын инструкция екенін айтады. Психолог Ақгүл Төлеуханқызы бұл пікірді растап отыр.

Суицид туралы ақпаратты «Таңертең тұрыпты. Жуыныпты» деп тәптіштеп жазып, драмалық сипатта көрсету балалардың қызығушылығын оятуы мүмкін. Негізі бала өлім туралы 10 жастан кейін ойлана бастайды. Ал 10 жасқа дейінгі балалардың санасына «өзімді өлтіру» деген ой кірмейді. Медиадағы суицид туралы жаңалықтар 10 жастан асқан балаларға белгілі бір деңгейде әсер етуі мүмкін. Осы тұста бір нәрсені ойлану керек сияқты: Баланың суицидті қалай жасағанын, өзіне қалай қол жұмсағанын ашық жазудың не керегі бар? Жалпы бұл нәрсені егжей-тегжейлі көрсету не үшін керек? Негізі суицид бір сәттік дүние сияқты көрінсе де, ұзақ уақыт жоспарланады. Терең депрессияда жүрген балалар алдын ала ойланады, «Қалай жасаймын?» деп жоспар құрады. Осындай жағдайда медиадағы тәптіштеп жазылған материалдар дайын нұсқаулық болуы мүмкін, – дейді психолог.

Журналист Оразай Қыдырбаев балалар мен жасөспірімдер суициді туралы қалай жазу/жазбау керек екені туралы айтып берді:

  • Оқиғаның қалай жасалғанын, қайда жасалғанын, қандай әдіс-тәсілмен жасалғанын айтпау.
  • Мұны сенсациялайтын, романтизациялайтын, қалыпты нәрсе ретінде не проблеманың шешімі ретінде көрсететін тіл қолданбау.
  • Жаңалыққа сенсациялық тақырып қоймау, бас жаңалық ретінде көрсетпеу.
  • Суицид романтизациясынан сақтану үшін әрекет пен оны жасаған адамның фото, видео, аудиоларын пайдаланбау.
  • Бұлай қайтыс болған адамның әлеуметтік желідегі парақшаларына сілтеме жасамау.

Бұл ескертулер Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының суицидті хабарлау туралы медиа қызметкерлерге арналған нұсқаулығында жазылған. Ол нұсқаулықты мамандар көптеген зерттеуге, психологтардың кеңесіне сүйеніп жазып шыққан. Сарапшылар суицид күрделі әлеуметтік құбылыс екенін ескертіп, мұны жасауға бір ғана фактор әсер етпейтінін айтады. Осы себепке байланысты медиа қызметкерлер болған оқиғаны бір ғана себеппен байланыстырмауы керек,  – дейді журналист Оразай Қыдырбаев.

Ол суицидтен құтылған адамдардың оқиғасын айту маңызды екеніне де тоқталды.

Біз мұндай оқиғаларды емес, суицидтен не ауыр күйзелістен құтылған адамдардың хикаясын, суицид жайлы ойлар мазалап жүрген азаматтарға көмектесетін ұйымдар туралы жазғанымыз жөн. Зерттеулер қиын жағдайдан шыға білген адамдардың оқиғасын хабарлау мұндай жағдайдың азаюына әсер ететінін анықтаған. Бізде суицидтің алдын алу үшін, адамға ой салмау үшін ол жайлы айтпау керек дейтін кең тараған миф бар. Бұл қате. Керісінше, мәселенің ашық айтылуы, бұл тақырыптың талқылануы суицид жасауды ойлап жүрген адамға басқа шешім жолдары бар екенін көрсетіп бере алады, – дейді журналист.

Оразай Қыдырбаев, журналист.
Оразай Қыдырбаев, журналист. Фото: New Reporter

Этика мәселелері

Журналистикада суицид тақырыбы туралы дилемма көп. Медиаэксперттер «Медиа марқұмның суреті мен видеосын жарияламауы керек. Бұл этикаға қайшы» деп шырылдап жатады. Ал журналистер сурет болмаса ақпараттың оқылмайтынын айтып, шағымданады. Оразай Қыдырбаев журналистердің аргументі қате екенін айтып отыр.

Бұл мәселенің тамыры тереңде жатыр. Неолиберал капитализм асқынғанда медиа өзінің қоғамда атқаруға тиіс негізгі міндетінен айырылып, оқырманның назарын, эмоциясын саудалайтын, аудитория жинап алып, оны жарнама берушілерге сататын (біздің жағдайда мемлекет тапсырысы арқылы саяси билікке де сатады) бизнес түріне айналып кетті. Журналистердің «сурет болмаса, жаңалық оқылмайды» деген аргументі де осыдан шығады. Бұл – қате түсінік. Өйткені журналист сурет арқылы оқырманның эмоциясын оятып, сол арқылы трафик жинап, кейін оны жарнама берушіге сатқысы келіп отыр. Қарап отырсаңыз, ілмекке жем салып қойып, қармақпен балық аулап отырған сияқты көрінесіз ғой. Бұл жиіркенішті, этикадан жұрдай әрекет емес пе? Журналистердің көздегені рейтиң болса, мен мынаны айтқым келеді: әлемде порно сайттарының трафигі кез келген жаңалық сайтының трафигінен жоғары. Солай екен деп, бәріміз порно түсірмейміз ғой? – дейді Оразай Қыдырбаев.

Кей жағдайда суицид жасаған жасөспірімдер мен балалар хат жазып қалдырады. Осы тұста «Қаза болған адамның соңғы хатын жариялау қаншалық этикаға сай?» «Соңғы хат басқа адамдарға әсер етпей ме?» деген заңды сауалдар туындайды. Психолог Ақгүл Төлеуханқызы медиада марқұмның соңғы хатын жариялау дұрыс емес деп есептейді.

Соңғы хат – адамның жеке мәселесі. Баласынан айырылып жатқан адамдардың жеке мәселесін ашық көрсету адами тұрғыдан қарағанда да дұрыс емес қадам екені түсінікті. Бірнеше рет өзіне қол жұмсауға талпынған баламен жұмыс істедім. Оған «Сен үшін суицид деген не? Қашу ма?» деген сұрақ қойғанда «Жоқ. Бұл – менің еркіндігім» деп жауап бергені есімде. Ол баланың да жазған хаты бар. Сол хат туралы сөйлесіп, не үшін жазғанын сұрағанда ата-ананы жазалау мақсатында жазылғанын байқатты. Бала «осыған сендер кінәлісіңдер» деген ой айтып, хат жазу арқылы ата-ананы жазалағысы келген. Міне, депрессияда жүрген балалар осындай хатты оқып, суицидті жалғыз шығар жол деп ойлап қалуы мүмкін. Балалар мен жасөспірімдер суицидті өз өмірін тоқтату үшін емес, жанының ауырсынуын тоқтату үшін жасайды. Бұл екеуі екі бөлек дүние. Бала ауырсынуын тоқтату үшін түрлі мүмкіндік іздейді. Ал медиада жарияланған соңғы хат «бұл бала да ауырсынудан осылай құтылған екен ғой» деген ой тастауы мүмкін, – дейді психолог.

Журналист Оразай Қыдырбаевтың пікірі психолог Ақгүл Төлеуханқызының пікіріне ұқсас.

Хаттарды жариялаған жөн емес. Туыстары келісім берсе де жарияламау керек. Өйткені мұндай хаттардың мазмұны көп жағдайда суицидті романтизациялайтын болып келеді. Бәлкім кейбір жағдайда мұндай хаттар суицидке итермелеген тұлғаларды жауапқа тарту үшін қажет шығар, бірақ бұл іспен бірінші кезекте медиа қызметкерлері емес, тергеушілер айналысқаны жөн, – дейді ол.

Ақгүл Төлеуханқызы, психолог. Фото: Baribar.kz\Нұрназар Әмзе
Ақгүл Төлеуханқызы, психолог. Фото: Baribar.kz\Нұрназар Әмзе

Психолог кеңесі

Балалар психологы Ақгүл Төлеуханқызы журналистерге бірнеше кеңес айтты:

  1. Ең алдымен журналистер «Суицид оқиғасы туралы жазу керек пе, жоқ па?» деп ойлануы керек секілді.
  2. Суицидті мәселенің шешілу жолы ретінде көрсетпеген дұрыс.
  3. Өз-өзіне қол жұмсаған адамды қаһарман ретінде көрсетудің қажеті жоқ.

Сізге психолог көмегі қажет болса, 150 нөміріне қоңырау шала аласыз.