Көп проблема журналист білімінің таяздығынан болып отыр

Журналистердің басты проблемасы деп олардың адам құқығы, демократия, әділдік жайлы теория және философия тұрғысынан білімінің болмауын айтар едім. Бізде журналистиканы көбіне практика жағынан қарастырады. Журфакта оқымай-ақ, мықты тілші бола аласың деген пікір айтылады. Журналист мәтін жазатын, фото түсіретін, видео өңдейтін, иллюстрация жасайтын маман болуы керек деген картина қалыптасқан. Ал оның біліміне баса назар аударылмайды. Қазіргі кезде журналистикадағы көп проблема сол білімнің таяздығынан болып отырған сияқты. Бұл проблеманы тек ағарту арқылы шешуге болады.

Журналистер этика принципіне, терең моральға ие болуы қажет. Ол ақпаратты жариялағаннан кейін мұның соңы неге апарады дегенге жауап бере алуға тиіс.

Мысалы, коронавирус инфекциясына байланысты енгізілген карантин кезінде медиаресурстар көмекке мұқтаж азаматтардың, олардың балаларының фотосын ашық жариялап жүрді. Кәмелет жасына толмаған бала фотосының жариялануына келісім берді ме, бұл оқиғадан кейін оның кластастары не ойлайды, достары ортасында кемсітуге ұшырап жүрмей ме деген сұрақ туады. Сол себепті журналистер этиканы сақтап, өзге адамның еркіндігіне, бостандығы мен құқығына кесірін тигізетін қандай да бір ойды қалыптастырмауы керек.

Журналистика әлеуметтің барлық тобының, әртүрлі дін өкілінің, жыныстың, этникалық топтың, ойын, көзқарасын беретін медиа болуы қажет. Менің түсінігімдегі идеал журналистика – осы.

Қазақстандағы БАҚ-ты инклюзив және эксклюзив деп бөлуге болады. Медиа қоғамның барлық мүшесін қамтып, олардың проблемасын, көзқарасын ұсынса, ол инклюзив. Ал тек бір ғана топтың идеясын беріп, бір ғана көзқарасты көрсетсе, ол эксклюзив.

Мемлекеттік ақпарат құралдары және үгіт-насихат туралы

Мемлекеттік ақпарат құралдарының артықшылығы — олар көп ресурсқа ие. Тәуелсіз медиа журналисі биліктен оңайлықпен ақпарат ала алмайды, үнемі кедергіге жолығады. Олар жолдаған сұрақ жай ғана еленбей қалуы мүмкін. Ал мемлекеттік басылымдарға кез келген есік ашық. Бірақ олар соған қарамастан мұндай мүмкіндікті журналистика үшін емес, билік пропагандасы үшін пайдаланып отыр, өкініштісі – осы.

Қоғам медиаға «Бұл тақырыпты неге жазбайсыңдар», «Мына проблеманы неге көтермейсіңдер?» деген сынды жиі айтады. Бұған журналистердің де жауабы дайын, олар мемлекеттік тапсырыспен жұмыс істейтінін, мұндай тақырыпты жазуға, айтуға болмайтынын, оған уақыт та, капитал да жетпейтін сылтауратады.

Бюджеттен ақша алатын басылымдарды бақылап жүріп проблема мемлекеттік тапсырыста емес, журналистердің ынтасы мен түсінігінде екенін ұқтым.

Жақында «Литер» жыныстық бағыты үшін қысымға ұшыраған гомосексуал хикаясын көлемді сұхбат ретінде беріпті және сайттың бас бетіне, негізгі жаңалық ретінде жариялапты. Осыдан кейін «Айқынның» сайтын ақтардым. Бірақ онда осындай типтес материалдарды байқамадым. Екеуі де NurOtan-ға тиесілі, екеуі де мемлекет тапсырысымен жұмыс істейді, бюджеттен ақша алады. Бірақ екеуі екі түрлі жұмыс істейді.

Медиаға мемлекеттен соншалықты қысым байқалмайды

Медианы қаржыландыратын азаматтар және оны басқарып отырған тұлғалар ақпараттың өндірілуіне әсер етеді. Бірақ журналист осылай екен деп қарап отырмауға тиіс, қарсылық көрсетуі қажет. Қарсылық көрсету деген тек тікелей мағынада емес. Бір мысал келтірейін. Бірнеше жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетіне саясаттанушы досымның материалы шықты. Онда Қазақстан туралы бірде-бір сөз жоқ. Автор мақаласында АҚШ Президенті Дональд Трамптың саясатын сынға алады. Оның бар кемшілігін айтады. Сауатты оқырман бұл мақаланы оқып отырып бірден қазіргі Қазақстанды елестетеді. Өйткені АҚШ Президентінің бойындағы кемшілік Қазақстан Президентінен де табылатынын түсінеді. Қанша жерден сөз бостандығы шектелген басылым болса да, сауатты журналист мұндай шектеулерді айналып өте алады.

Негізі мемлекеттен медиаға сондай қатты қысым жоқ. Журналистердің өзі «Бізде сөз бостандығы жоқ, қысым көп» деген сияқты шеңбер жасап алған. Сол себепті олар тек билік өкілдерін мақтап, мадақтаудан аса алмай отыр.

Жақында «Қазақстан жастары «Рухани жаңғыру» бағдарламасын қалай қабылдады?» деген тақырыпта магистрлік диссертациямды қорғадым. «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанкая правда» газеттерінің бірнеше санын салыстырдым. Мұндағы мәтіндер бір-біріне өте қатты ұқсайды, үнемі қолданылатын шаблондар бар. Екі газеттегі фотоларды да салыстырып шықтым, 80-90%-і — иллюстрация. Мысалы кең даланың, қыран құстың фотосы, сонымен бірге саясаткерлердің портреті көп. Ал қалғаны мәдени шара кезінде, дөңгелек үстел кезінде түсірілген. Екі газетте де шынайы өмірді көрсететін фото аз. Газет беттерінен оқиға орнынан түсірілген фоторепортажды немесе елдің шынайы көрінісін көрсететін материалды табу қиын.

Өзім күн сайын жұмысқа бара жатқанда, келе жатқанда Алматының «Алтын орда» базарындағы көлік кептелісін, ондағы қарапайым халықты, жұмысшыларды көремін. Бірақ медиада мұндай көрініс байқалмайды. Көп медиа Қазақстанда бәрі керемет деп көрсеткісі келеді. Ешқандай басшылық осындай нәрсені көрсетті екен деп журналисті жұмыстан шығарып жібермейді немесе түрмеге қамамайды. Олар тек сол жерге баруға, оны түсіруге ерінетін сияқты.

Тағы оқыңыз: Әсем Жәпішева: Елдегі кез келген мемлекеттік органнан ақпарат алу қиын

Жалғас Ертай: Қазақ аудиториясын табуға бас қатыруымыз керек