Елімізде тұрмыстағы зорлық-зомбылық фактісі көп тіркеледі. Сарапшылар Қазақстанда жыл сайын 400 әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан қайтыс болатынын айтады. Поп-мәдениетте зорлық-зомбылықты қаралайтын да, насихаттайтын да ән көп.
Baribar.kz Әділет Жауғашардың «Қыз іздеймін», Нұрбай Атамұраттың «Ас үйдің атаманы», Нұрболат Қанайдың «Үндеме», Еркін Нұржановтың «Тыңда» деген әндерін музыкатанушы Жанель Сафиевамен және журналист Оразай Қыдырбаевпен талдап көрді.

«Медиа бір идеяны қайта-қайта көрсету немесе еш көрсетпеу арқылы шындықты қалыптастырады»

Әділет Жауғашардың «Қыз іздеймін» (Әні: Еркеш Хасен, сөзі: Рамазан Амантай – ред) әні мен Нұрбай Атамұраттың «Ас үйдің атаманы» (Әні/сөзі: Совет Төрехан) әні мағыналас. «Қыз іздеймін» әнінде анасына келін іздеген жігіттің оқиғасы баяндалса, «Ас үйдің атаманы» әнінде әнші жар іздейтінін жеткізеді. Журналист Оразай Қыдырбаевтың айтуына қарағанда, ән авторлары тең құқылы жұп емес, үй қызметкерін армандайды.

Бұл әндерде ән авторлары өзіне өмірлік жолдас, өзімен тең құқылы әйел, үй тірлігін бірлесіп орындайтын жұбай емес, үй қызметкерін, бала күтушісін, аспазды армандайтынын байқаймыз. Әрі ол қызметкер осының бәрін тегін атқаруы керек. Баршаға аян нәрсе болса да айта кетейін, әрине, бұл еш дұрыс емес, – дейді ол.

Музыкатанушы Жанель Сафиева әйелді «ас үйдің атаманы» ретінде қабылдайтын деңгейден өтіп кеттік деп ойлаған.

Бұл біршама қызық болып естілуі мүмкін, бірақ мен әйелді «ас үйдің атаманы» ретінде қабылдайтын деңгейден өтіп кеттік деп ойладым. Себебі әйел — қоғамның дербес әрі маңызды бөлшегі. Осы уақытта әйелдер басшылық қызмет атқарады, түрлі шешім қабылдайды, барлық мәдени-әлеуметтік, экономикалық процестерге араласады. Әділет Жауғашар мен Нұрбай Атамұрат келесі әндерінде әйел бейнесінің осы жағына да назар аударады деп үміттенемін, – дейді музыкатанушы.

Medianet жүргізген сауалнама бойынша, қазақстандық әйелдің 44%-і ақы төленбейтін үй еңбегіне күнделікті алты сағатын жұмсайды. Қазақстандық отбасының 93%-інде  тамақ дайындау әйелдердің мойнында. Оразай Қыдырбаевтың айтуынша, медиа бір идеяны қайта-қайта көрсету немесе еш көрсетпеу арқылы шындықты қалыптастырады.

Күнделікті өмірде бір нәрсені көре берсек, уақыт өте келе соны шындық яки дұрыс деп қабылдайтынымыз анық. Көбіміз дәстүрлі патриархал құндылықтарды ұстанатын отбасыда өсіп, патриархал көзқарас басым қоғамда тәрбиелендік. Осыған байланысты көбіміз тамақ жасау әйелдің міндеті деп ойлауымыз мүмкін. Өйткені одан басқа нұсқаны көрмедік. Бірақ біздің көрмеуіміз олардың жоқ екенін немесе біз көрген нәрсенің ғана дұрыс екенін білдірмейді. Сонымен қатар мұндай жаңсақ нормалардың қалыптасуында да, жойылуында да медиа, оның ішінде әндер маңызды рөл атқарады. Медиа бір идеяны қайта-қайта көрсету немесе еш көрсетпеу арқылы шындықты қалыптастырады, – дейді журналист.

«Әнді мәтіннен тыс бағалау мүмкін емес»

Нұрболат Қанайдың «Үндеме» әнінде «Үндеме, ашуым келген кезде», «Маған сөйлеме», «Тыныш отыр құйрығыңды қысып» деген сияқты сөйлемдер бар. Бұл ән әлеуметтік желіде хейтке де ұшырады. Еркін Нұржановтың «Тыңда» әнінде «Жүр дегенде жүр, қал дегенде қал», «Әйелден ерді биік ұстаған қазақ ақылды» деген сөйлемдер кездеседі. Жанель Сафиеваның сөзіне қарағанда, бұл әндер абьюзге толы.

Абьюздің дұрыс емес екенін қазіргі сот процесі (Бишімбаев ісіне қатысты сот – ред) көрсетті. Нұрболат Қанайдың «Үндеме» әні әлеуметтік желідегі хейтке лайық. Мен де бұл хейтті қолдаймын. Негізі «Үндеме» әні музыкалық, әсіресе саунд-продакшн тұрғысынан жақсы жазылған. Бірақ әнді мәтіннен тыс бағалау мүмкін емес. Ал бұл әннің мәтінін түсініп тыңдағанда бірден өшіріп тастағың келеді. Еркін Нұржановтың «Тыңда» әнінің сөзі де, бейнебаяны да ауыр сезімдер қалдырады, – дейді ол.

Оразай Қыдырбаевтың сөзіне қарағанда, сексизм, мизогиния той әндерінде ғана кездеспейді.

Осы тұста мынаны ескеруіміз керек: сіз ұсынып отырған әндердің барлығы «той әндері» деп аталатын жанрға жатады. Сексизм, мизогиния тек той әндерінде кездеспейді. Мысалы, Ninety One тобының әндерінде де «сенің миың болмаса, кімнің миын жейін?», «сырт келбетіңе әңгімем жоқ, бірақ шашыңның астындағысына менің күмәнім бар» дейтін мизогинист тіркестер кездеседі. Орысша-қазақша аралас тілде ән шығаратын Ирина Кайратовна тобы бұрынғы шоуларында талай мәрте сексист, мизогинист, гомофоб пікірлерді таратқан. Бірақ осы әрекеті үшін аудиториядан кешірім сұраған емес. Жах Халибтің зорлыққа ұшыраған әйелдер жайлы даулы мәлімдемесін еске түсірейік. Бұл арқылы не айтқым келеді? Айтпағым: әйелдерге қарсы риторика тек той әндерінде кездеспейді. Ол жалпы поп-индустриямыздағы кешенді мәселе деп білемін. Ал той әндерін ғана сынап, қалғандарына үнсіз қалу – қазақ тілінде сөйлейтін топ немесе ауыл-аймақта тұратын халық тыңдайтын әншілерді ғана сексист-мизогинист, «жабайы» көретінімізді білдіруі мүмкін. Осылай, өзіміз де нәсілшіл болып шыққан боламыз, – дейді Оразай Қыдырбаев.

Музыка қоғамға әсер ете ме, әлде қоғам музыкаға әсер ете ме?

«Қазақстандық отбасының 93%-інде тамақ дайындау әйелдердің мойнында» деген статистиканы оқыған кей әнші «біз шындықты шырқап жүрміз» деуі мүмкін. Осы тұста «Музыка қоғамға әсер етуі керек пе, әлде қоғам музыкаға әсер ете ме?» деген заңды сауал туындайды. Музыкатанушының сөзіне қарағанда, бұл — бір-біріне тығыз байланысты процесс.

Әрине, музыканың қоғамға әсері бар. Қоғам да музыкаға әсер етеді. Бұл бір-біріне тығыз байланысты процесс. Мұнда әншінің қаншалық қоғамдық пікірдің иесі екенін де ескеруіміз керек. Мысалы, Dequine деген әншінің «Фемида» әнін еске түсірейік. Бұл ән елде болып жатқан жағдайларға күшті реакция болды. Осы сияқты әр музыкант тыңдарман алдындағы жауапкершіліктің қаншалық көп екенін түсінуі керек. Себебі әншінің өнімі арқылы қоғам пікірі қалыптасады. Ал «Әйел – үй қызметшісі» деген сияқты жағымсыз түсініктер қоғамдық санаға ескі таптаурындарды ғана бекітеді, – дейді Жанель Сафиева.

Жанель Сафиева
Жанель Сафиева. Фото жеке архивінен.

Оразай Қыдырбаев әртістер өнері арқылы қоғамды алға жетелеуі керек екенін айтады.

Міржақып – «Бақытсыз Жамалды», Жүсіпбек – «Ақбілекті», Сұлтанмахмұт –  «Қамар сұлуды» жазу арқылы әйел құқығына назар аударғысы келген еді. Шәкәрім «Қалқаман-Мамырды» жаза отырып, ескірген салт-дәстүрлерді сынады. Тіпті көп адамға ұнамайтынын, біраз адам теріс айналатынын біле тұра баршаға ортақ игі құндылықтарды насихаттады. Ал бұл әншілердің туындылары ондай игі ойларды емес, керісінше қоғамның кейбір мүшесіне, атап айтқанда әйелдерге зиян идеяларды насихаттайтынын байқаймыз, – дейді журналист.

Оразай Қыдырбаев. Фото жеке архивінен
Оразай Қыдырбаев. Фото жеке архивінен

Оның айтуынша, жауапкершілік өнер адамына да, аудиторияға да артылған.

Өнер адамының жауапкершілігі – нәсілшіл мәдениет өнімдерін өндірмеу, жалпыадамзаттық құндылықтарды, игілікті насихаттау. Ал қоғамның міндеті – нәсілшіл мәдениет өнімдерінен бас тарту, олардың таралуына тосқауыл болу. Заманауи тілмен айтсақ, кәнсіл жасау. Яғни екеуі де бір-біріне әсер етуі керек. Бір-біріне әсер етеді де, – дейді ол.

Тағы оқыңыз: 

Гендер теңсіздігі: Алып қашу туралы әндердің қоғамға ықпалы бар ма?