Суицидке баратын жастардың орташа жас шамасы — 14 пен 17  аралығы.

суицид бала
Инфографика: Baribar.kz

Жастардың өзіне-өзі қол жұмсауы қалай басталады? Тееnѕ жасөспірімдер суицидінің алдын алу бағдарламасының жетекшісі, психотерапевт Светлана Богатыреваның айтуынша, бірінші кезеңде жасөспірімдердің 70%-інде суицид туралы ой болады. Бұл кезеңде олар психологиялық соққы алған болса немесе күйзеліске түскен болса, суицид жасауға ниеттенеді. Бұл жалғаса берсе, өзін-өзі өлтіру уақыты мен орнын жоспарлай бастайды. Соңы әрекет етуге ұласады. Бұл кезеңдегі баланы сөзбен емдеу мүмкін емес, тіпті, оған психолог та көмектесе алмайды. Оны міндетті түрде психиатрға көрсету керек.

Балаларға мектепте суицид туралы айту керек пе?

Светлана Богатырева
Светлана Богатырева. Фото жеке архивінен

Светлана Богатыреваның айтуынша, Қазақстан мектептерінде суицид туралы әңгіме көп қозғалмайды, аз талқыланады. Көп психологтың ойынша, ол туралы айту баланың суицид жасауына ықпал етеді. Бірақ психотерапевтің айтуынша, ешбір әлемдік зерттеуде «Суицид туралы мектепте естіп, өз-өзіне қол жұмсапты» деген себеп жазылмаған.

Мектеп психологтары оқушыларға диагностика жасау арқылы аз да болса қауіптің алдын алып, суицидке апаратын алғашқы кезеңдегі баланы анықтай алады. Светлана Богатырева мектеп психологтарына Teenslive.kz сайтын пайдалануға кеңес берді. Бұл сайтта баланың психологиялық күйзелісі сатыларын анықтайтын тест жинақталған.

Балалар ақымақ емес. Олар ешуақытта естігенін істемейді. Суицид жасамақ болған адам алғашында өмірден кетуді емес, мәселесінің шешімін іздеумен жүреді, — дейді Светлана Богатырева.

Көп психолог «Өлім туралы ойладың ба? Соңғы рет қашан ойладың? Соңғы екі аптада ойладың ба? Егер ойласаң, қандай тәсілін ойладың?» деген сұрақтарды жиі қолданады екен. ЮНИСЕФ бұл сұрақтарды баланың психикасын мазақ ету деп есептейді. Ұйым мәселені аз да болса шешуге көмектесетін әлемдік тәсіл ұсынды.

Психолог балаларды «Балалар, адам өмірінде жыныстық қатынас, өлім туралы немесе тағы басқа күрделі сұрақтар болады. Бұл — адам өмірінің бір бөлігі. Бұл мәселелер жағымсыз жағдайларға душар етуі мүмкін, бірақ ондай жағдай ересек адамдарда да болады. Егер сен де ауыр жағдайға тап болсаң, ол туралы кімге айтарыңды білмесең, сені тыңдайтын, сұрақтарыңа жауап беретін орын немесе адам бар. Бұл ұят емес, қорқынышты да емес» деу арқылы өзіне жақын тартуы керек, — дейді маман.

Светлана Богатырева төрт жылдан бері мектеп психологтарымен жұмыс істеп келеді. Оның айтуынша, қоғамда балалар мен жасөспірімдердің өзіне-өзі қол жұмсауы мәселесіне психологты кінәлау қалыптасқан.

Суицид — өте қиын психикалық диагноз. Онымен психолог емес, психиатр немесе психотерапевт айналысуы керек. Оның қолынан ең көп дегенде балалардың жағдайын анықтап, алдын алу ғана келеді. Психолог балада суицидтің белгілерін байқаса, дұрыс бағыт көрсетіп, ата-анасына ескертуі керек, — дейді ол.

Маманның айтуынша, қазіргі ата-аналардың көбі психиатрға қаралған баласын тіркеуге алады деп қорқады. ЮНИСЕФ-тің осы мәселені зерттеуінің нәтижесінде психиатрға қаралған баланың бірден тіркеуге алынбайтыны белгілі болды. Ата-аналар сол себепті баласын маманға апармайды екен.

Суицид туралы мифтер

1-миф: «Өлім туралы айта берген адам өз-өзін өлтіре алмайды».

Маманның жауабы: Өлім туралы айтып жүрген адам көмек немесе қолдау күтіп жүруі мүмкін. Олар күйзелісте жүріп, басқа шешім таппағандықтан шарасыз күйде болады.

2-миф: «Адам суицидті ескертусіз, күтпеген жерден істейді».

Маманның жауабы: Көп жағдайда ауызша немесе мінез-құлық арқылы алдын ала ескерту белгілері байқалады. Мысалы, «ертең менен құтыласыңдар» деп елеусіз айта салуы мүмкін немесе өзінің сүйікті затын әлдекімге сыйлауы мүмкін.

3-миф: «Суицидті тек өлгісі келген адам жасайды».

Маманның жауабы: Суицид туралы ойлаған адам іс-әрекетінің дұрыс-бұрыстығына түпкілікті сенімді емес болады. Ол тірі қалғысы келіп тұрса да, асығыс қадамға баруы мүмкін.

4-миф: «Адам өзін-өзі өлтіруге бейім болса, мұндай ойдан ешқашан арылмайды».

Маманның жауабы: Суицидке бейім мінез-құлық белгілі бір оқиғаға байланысты уақытша қалыптасқан болуы мүмкін. Арада уақыт өткеннен кейін бір кездері өлгісі келген адамның ойы өзгеріп, ұзақ өмір сүрген жағдайлары бар.

5-миф: «Суицидке тек психикалық ауытқуы бар адамдар бейім болады». 

Маманның жауабы: Адамның өмірден түңілуі оның ауыр эмоциялық жағдайда екенін байқатуы мүмкін, бірақ оның психикасында ауытқу барын білдірмейді. Психикалық денсаулығы нашар адамдардың бәрі суицидке бара бермейді, сол сияқты өзіне-өзі қол жұмсайтындардың бәрінің психикасында ауытқу жоқ.

6-миф: «Өмірден түңілген адам бәрібір суицидке бармай қоймайды, оны құтқару мүмкін емес».

Маманның жауабы: Адамның суицид туралы ойлауы оның сыр бөлісер адамға зәру екенін білдіреді. Ашық әңгімелесіп, райынан қайтаратын ешкімі жоқ адам ғана өмірден түңіледі. Адамды қай кезде де құтқаруға болады.

Қай кезде дабыл қағу керек?

Егер баланың қимылдарында қандай да бір күрт өзгерісті немесе мынадай белгілерді байқасаңыз, маманның көмегіне жүгініңіз:

  • Оңаша қалғысы келуі. Бұл кейде қалыпты жағдай болуы мүмкін, бірақ қоршаған ортасынан, достарынан жиі және ұзақ уақыт бөлектену күмәнді.
  • Кірпияздық. Мұндай жағдай ауа райына, адамның шаршауына немесе отбасындағы, қызметтегі кикілжіңдерге байланысты болуы мүмкін. Бірақ адамның көңіл-күйі күн сайын бұзылып, күрт өзгеретін болса, алаңдауға себеп бар.
  • Агрессия. Жасөспірімнің айналасындағыларға кенет ашулануы, қатыгездік байқатуы оған тиісті көңіл бөлінбегенін, баланың көмекке мұқтаж екенін сездіреді. Бірақ ата-ана көбіне баланы түсінудің орнына, сынап жатады.
  • Өз-өзіне құрметті жоғалту. Олар өзінің «ешнәрсеге жарамсыз», «ешкімге қажетсіз» немесе «сүйкімсіз» екенін айтса, дабыл қағу керек.
  • Тәбетінің өзгеруі. Адамның еңсесі түскен кезде тәбеті өзгереді: артады немесе, керісінше, мүлдем болмайды.
  • Ұйқысының бұзылуы. Көңіл-күйі түсіп, жабырқаған кезде жасөспірімдер күні бойы ұйықтайды немесе, керісінше, ұйқысын жоғалтады.
  • Өзіне тиесілі заттарды таратуы. Суицид туралы ойлаған адам өзі жақсы көретін заттарды басқаларға оңай қия салады.
  • Өлім туралы айтуы. «Менен құтыласыңдар», «Келесі дүйсенбіде тірілердің арасында болмаймын», деген сияқты сөздерге бейжай қарамаңыз.
  • Мінез-құлқы, өмірге көзқарасы мен құндылықтарының кенет өзгеруі. Мұндай күйдегі балалар мен жасөспірімдер бұрын әуестенген ісінен тез бас тартады.