Қарлы боран мен көктайғақтың салдарынан Қостанай облысының жолдарында ауыр жүк және қоғамдық көліктер үшін қозғалыс шектелген.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлап отыр.
Шектеулер төрт облыстық және екі республикалық маңызы бар жолда енгізілді.
Атап айтқанда, Октябрь кенті мен Әулиекөл арасындағы автожолда Ақмола облысынан келе жатқан фуралар, Камаздар, Газельдер мен автобустарды қоса алғанда 174 ауыр жүк көлігі тұрып қалған.
Мәселен, полиция қызметкерлері Қырғызстаннан Ресейге бара жатқан автобусты тоқтатты. Салонда төрт бала, бес әйел және 42 ер адам болды. Ауа райының нашарлауына байланысты көлік қозғалысы қауіпті болып, жолаушылар жергілікті мектептің жылыту пунктіне орналастырылып, оларды сусынмен, тамақпен және түнейтін орынмен қамтамасыз етті, — делінген хабарламада.
Тоқтау пункттеріндегі жол қауіпсіздігін патрульдік полицейлер, ТЖД, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ қызметкерлері және жергілікті билік қамтамасыз етіп жатыр.
Полиция жүргізушілерді жолдардың жабылуы туралы ақпаратты қадағалауға және қолайсыз ауа райы кезінде алыс сапарға шықпауға шақырды.