21 желтоқсанда Алматының бас шыршасы жағылды. Мерекелік іс-шара күні жапалақтап қар жауып, айнала ертегіге айналды. Baribar.kz тілшілері шырша жағылған сәтті фотоға түсіріп, тұрғындардың көңіл-күйін біліп қайтты.

Бас шырша жылдағы әдеті бойынша Абай алаңына қойылды. Қала халқының қуанышына орай, күні бойы қар жауып, қала нағыз қыс құшағында тұр. Әрі бас шыршаны жағар уақытта да қар ертегідегідей жауып тұрды. Шырша жағылар уақыт таяғанда алаңға омбы қарды күтір-күтір басып аяңдап келе жатырмыз. Бізбен бірге бара жатқан халықта есеп жоқ. Көбі бала-шағасын шанаға салып немесе мойнына мінгізіп алған — ата-ана.

Алаңға жетсек, шырша әлі жағылмапты. Жүргізушілер халықтың барынша жиылып, бас шырша жағылған сәтті тамашалап үлгергенін қалап тұр. Алаңға минут сайын қариясы бар, жасы бар, оқушысы мен студенті бар — әжептәуір халық жиылды. Сахнаға сағат 19:00-ден аса Аяз ата мен Ақша қар шығып, халықпен бірге санап, бас шырша жарқ ете қалды.

бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сахнада Роза Рымбаева, Turar, Балжан Бидаш, Назым Әбілдина, Әли Рымбаев және тағы басқа әншілер өнер көрсетті. Жұлдыздар келе жатқан жаңа жылға құтты болсын айтты.

Turar, әнші, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Әли Рымбаев, Бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
әнші, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
әнші, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
әнші, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Көбі баласы көре алсын деп мойнына мінгізіп алған. Тіпті аталар да жасына қарамай, немересі шырша көрсін деп мойнынан түсірер емес.

бала, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Баласын мойнына мінгізіп алып, концерт тамашалап тұрған ер адамды байқадық. Бұл — Алматыда тұратын Бағашар Ерболат. Бүгінгі бас шырша кешіне бала-шағасын ертіп келіпті.

бас шырша, жаңа жыл
Бағашар Ерболат. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Екі қызым, бір ұлым бар. Ұлым алты жаста. Осы балалардың көңілі үшін келеміз, осылар көрсін дейміз. Жаңа жылды ел қатарлы қарсы аламыз. Үйге қонақ келеді, өзіміз де қонақ болып барамыз. Дегенмен біздің жаңа жыл Наурыз ғой, — дейді ол.

Бағашар Ерболаттың отбасында 2024 жылы біршама жақсы жаңалық болған. Соның ең үлкен — ұлына сүндет той жасап бергені.

2025 жылы отбасым, туыс-туған, ел-жұрт аман болса деп тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болса екен деймін, — деп тілек білдірді қала тұрғыны.

бас шырша, жаңа жыл
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Әншілер сахнаға шығып ән айтқанда жастар билеп жүр. Ортаға кішкентай сіңлісін алып алған екі қыздың билеп жүргеніне қарап, өзіміздің де көңіліміз көтеріліп қалды. Олар — Айым мен Алима деген құрбылар. Ал ортадағы Айымның сіңлісі Айғаным екен.

жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бүгінгі кешке Жаңа жылдың атмосферасын сезіну үшін келдік. Бұған дейін де талай келгенбіз, бірақ бүгінгісі ерекше. Биыл алаңды бұрынғыдан әдемірек безендіріпті, түрлі жарқыраған элемент көп. Әрі бүгін жапалақтап қар жауып тұр, — дейді Айым.

Айым мен Алима Алматының университеттерінде оқиды. Бас шырша жаққанын көбіне құрбылармен немесе отбасымен бірге келіп көреді.

жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Шырша мен концерттен шеткерек қол ұстасып тұрған жұпты байқап қалдық. Жанына барып таныса кеттік.

жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл — ерлі-зайыпты Әли мен Даяна. Екеуі 2024 жылы шаңырақ көтерген. Өздеріне биылғы жылдың бас жаңалығы — отбасын құрғаны.

Жаңа жылды алты жылдан бері бірге қарсы алып келеміз. Алайда биыл ерлі-зайыпты ретінде алғаш бірге қарсы алғалы тұрмыз. Жамбыл облысынанбыз, көрші ауылда тұратынбыз. Әуелі дос болдық, кейін махаббатамыз оянды, — дейді Әли.

жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Даяна стандарттау бойынша техник болып істейді. Әли — сату бөлімінің маманы. Олар Алматыдағы бас шыршаны жаққанын бірінші рет көріп тұр екен.

Былтыр жанынан қарап өткенбіз, биыл арнайы келдік. Жаңа 2025 жылдан мынан күтеміз деп кесіп айта алмаймыз. Не де болса уақыт көрсетеді, — деп жымиды Даяна.

Тұрғындар шыршаны да, сахнада ән айтып жатқан әншілерді де фото-видеоға түсіруден танған жоқ. Енді бірі жақындарына видеомен қоңырау шалып, шыршаны көрсетіп жатты.

бас шырша, жаңа жыл
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Оған қоса түрлі костюм киген аниматорлар да жүр. Олар жиылғандармен суретке түсіп, билеп, көңілін көтеріп әлек.

бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
жаңа жыл, Қазақстан қонақүйі
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
бала, жаңа жыл
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Turar
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
бала, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
жаңа жыл, бас шырша
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz