Мемлекеттік корпорация жүргізуші куәлігіне теориялық емтихан тапсыру жүйесіне өзгерістер енгізіп жатыр. Енді жүргізуші куәлігіне үміткерлер екі факторлы аутентификациядан өтеді.
Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы хабарлап отыр.
Екі факторлы аутентификация – қолданушының екі түрлі әдіспен өзін-өзі растау тәсілі: біріншісі – СМС хабарламаның көмегімен, екіншісі – биометриялық сәйкестендіру арқылы.
Қызмет алушыға тестен өтпес бұрын 1414 нөмірінен жеке деректерге қатысты сұрау салу туралы хабарлама келеді. Айта кету керек, SMS қолданушының Электрондық үкімет порталының жеке кабинетіне тіркелген телефон нөміріне жіберіледі.
Сәтті авторизациядан кейін қызмет алушы биометриялық сәйкестендіруден өтеді.
Алаяқтар күн сайын алдаудың жаңа тәсілдерін ойлап тауып жатыр. Осы орайда біздің қызметкерлеріміз де заңбұзушылықтарды анықтау үшін үлкен жұмыстар атқарады. Сонымен қатар Мемлекеттік корпорация қызмет көрсетудің сапасын жақсарту бойынша тұрақты жұмыс жүргізіп келеді. Ендігі кезекте, екі факторлы аутентификацияны енгізу емтихандағы бұзушылықтардың санын азайтуға көмектеседі деп сенемін. Сәйкесінше, қызмет алушының деректері де сенімді қорғалады, – деді мемлекеттік корпорацияның басқарма төрағасы Арман Кенжеғалиев.
Айта кетейік, жаңа бастама әзірге 11 қазаннан бастап Астана қаласында енгізіледі. Ал еліміздің мамандандырылған ХҚКО-да екі факторлы аутентификацияны жыл соңына дейін енгізу жоспарланған.