Еліміздің басым бөлігіне атмосфералық фронтальды бөліктер әсер етіп, жаңбыр жауады. Бұл туралы «Қазгидромет» РМК синоптиктері хабарлады.
Синоптиктердің мәліметінше, еліміздің басым бөлігі атмосфералық фронтардың ықпалында болғандықтан, тұрақсыз ауа райы сақталады, найзағаймен жаңбыр, дауылды жел күтіледі.
Республикамыздың солтүстігінде — қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар), солтүстік-батысында, оңтүстігінде — қатты жаңбыр жауады, республикамыздың солтүстігінде, солтүстік-батысында, оңтүстігінде, шығысында бұршақ жауады деп күтілуде.
Республика бойынша екпінді жел, оңтүстік-батыста, шығыста, солтүстікте, орталықта — тұман күтіледі. Түнде Солтүстік Қазақстан облысының солтүстігінде, Ақтөбе, Қостанай облыстарының солтүстік-батысында 1-3 градус үсік жүруі ықтимал.
Қостанай облысының оңтүстігінде, Атырау облысының солтүстік-батысында, Қызылорда облысының шығысында, Батыс Қазақстан облысының батысында, оңтүстік-батысында, Шығыс Қазақстан облысының солтүстік-батысында, оңтүстік-шығысында, Абай облысының орталығында жоғары өрт қауіпі сақталады.
Абай облысының оңтүстігінде, Түркістан облысының шөлді аудандарында, Жетісу облысының шығысында төтенше өрт қауіпі күтіледі.