Экс-министр Қуандық Бишімбаевтың сотында судья Айжан Құлбаева ұлттық қауіпсіздік комитетінің техникалық мамандары оның ұялы телефонын аша алмағанын айтты.
Судья Айжан Құлбаеваның айтуынша, соталды тергеп-тексеру барысында Қуандық Бишімбаевтың ұялы телефоны заттай айғақ ретінде танылған.
Қылмыстық-процестік кодексінің 375-бабына сәйкес заттай дәлелдемелерді қарау сот тергеуінің кез келген сәтінде жүргізіледі. Осы телефон бойынша соталды тергеу барысында ҰҚК 5-ші қызметінің 12-ші департаменті зерттеу жүргізді. IPhone 13 Pro Max ұялы телефонында алты таңбалы код-пароль қойылған деген қорытынды шығарылды. Код-парольді қолда бар техникалық құралдармен айналып өту мүмкін болмады, — деді судья.
Айжан Құлбаева сот тергеуінің осы сатысында ұялы телефон ашылмай, зерттелмегенін айтты.
Айта кетейік, Қуандық Бишімбаевтың ісі Астана сотына жіберілген болатын. Оған екі бап бойынша айып тағылып отыр. Олар:
- Қылмыстық кодекстің 99-бабы, 2-бөлігінің 6-тармағы – адам өлтіру, басқа адамды қасақана аса қатыгездікпен адам өлтіру қазаға ұшырату (15 жылдан 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру);
- Қылмыстық кодекстің 110-бабы, 2-бөлігінің 1-тармағы — адамға дәрменсiз күйде екенi көрінеу белгiлi не кiнәлi адамға материалдық немесе өзгедей тәуелдi адамды қинау (төрт жылдан жеті жылға дейін бас бостандығын шектеу немес осы мерзімге бас бостандығынан айыру);
- Ал Бақытжан Байжанов қылмыстық кодекстің 432-бабы (аса ауыр қылмысты жасырып қалу) және 434-бабы (аса ауыр қылмыс туралы хабарламау) бойынша айыпталып отыр.
Еске салайық, былтыр 9 қарашада бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың елордадағы мейрамханалардың бірінде әйелін ұрып, өлтіргені туралы хабар тарады.
12 қарашада Қуандық Бишімбаевқа қатысты екі айға қамауға алу туралы бұлтартпау шарасы қабылданғаны белгілі болды.