Қазақстанда әр үшінші жұп ажырасады. Себебі мен алдын алу жолы

Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов/Baribar.kz
2022 жылы Қазақстанда 128,4 мың жұп неке қиған. Сонымен қатар 44,5 мың ажырасу тіркелген. Эксперттер мұның себебі отбасылық құндылықтар өзгергенінен дейді. Baribar.kz тілшісі мамандардан елде ажырасу неге көбейіп бара жатқанын және мұның қандай зияны болуы мүмкін екенін сұрады.

«Қазір жастардың түсінігіндегі отбасы моделі басқа»

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпова ажырасудың көбейгеніне қоғамдағы құндылықтардың өзгергені себеп болды деп есептейді. Ол қазір жастардың түсінігіндегі отбасы моделі басқа екенін айтады.

ажырасу, әлеуметтанушы
Айман Жүсіпова. Фото жеке архивінен

Қазақстан азаматтары үшін отбасылық құндылықтар үнемі бірінші орында болды. Бірақ ажырасу саны артып барады. Себебі қазір әйелдер отбасында екінші орында болғысы келмейді. Қазір олар барлық салада, оның ішінде отбасылық қатынастарда да тең құқық болғанын қалайды. Өкінішке қарай, әлі де еліміздің кейбір өңірінде отбасында әйел құқықтары шектеліп жатады, — дейді ол.

Әлеуметтанушының айтуынша, ажырасуға жастардың қаржылық мәселелерді шеше алмауы да себеп болады.

Әйелдер қазір жұмыс істейді, жақсы табыс табады. Зерттеулерге сәйкес, бұл тенденция оңтүстік өңір үшін әлі біраз жат сияқты. Әйел адам тапқан табысын күйеуіне беруі керек деп есептейтіндердің үлесі Астанада — 2,7%, Алматыда – 5,3%, Шымкентте – 19,0%, — дейді әлеуметтанушы.

Үйленген жастар әке-шешесінен ажырауға дайын болуы керек

Психолог Гүлзат Қанат ерлі-зайыптының ажырасуына ата-анадан бөлінбеу, сепарация болмауы себеп болуы мүмкін дейді. Маман ажырасудың себебін анықтау үшін балалық шаққа да үңілу қажет екенін айтады.

Екі адам үйленгенде әке-шешесінен ажырап, сепарацияға ұшырайды. Бұл, әсіресе, қыздардың мысалында анық көрінеді. Қыздар өскен үйінен ажырап, басқа үйге барады. Кейбіреулер тегін де ауыстырып жатады. Жігіттің де енді әйелі — өз отбасы бар болған соң, ол да ата-анасынан ажырайды. Осы процестен екі жас дұрыс өтпесе, олардың әке-шешесі оларды бөлек тұлға, бөлек отбасы деп қабылдауы қиын болуы мүмкін. Бірақ бала өсе келе емшектен шығару керек болғаны сияқты, әр кезге тән сепарация болады. Балабақшаға бару керек болғанда да, бала бармаймын деп жылауы мүмкін. Оны ата-анасы да уайымдайды. Бірақ жылады деп үйде отырғызып қоймайды ғой. Балабақшаны бітіріп, мектепке барарда бала балабақшадағы достарын, тәрбиешісін қимаймын деуі мүмкін. Бірақ бұл да — ажыраудың бір кезеңі. Адамның өмірі осындай ажыраулардан тұрады. Үйленген жастар да әке-шешесінен ажырауға дайын болмай, отау құрса, түбі ата-анасының үйіне қайтып келеді. Сондықтан ажырасу көбіне ересек позициясына өтпеген азаматтардың арасында болуы мүмкін. Сонымен қатар ата-ана да баласынан ажырауға дайын болмаған соң, ұл немесе қызының өміріне араласа беруі ғажап емес. Бұл да екі жастың отбасы болып өз бетінше кетуіне кедергі болады, — дейді ол.

Психолог үйленбес бұрын серігіне қатысты кішкентай ғана күдік болса да, ойланған абзал екенін айтты.

Гүлзат Қанат
Гүлзат Қанат. Фото жеке архивінен

Үйленбес бұрын «Бұл — менің жарым» деп дұрыс ниет қою керек. «Қатын жолда, бала белде» деген ұстаныммен өмір сүретін жігіт болса, қыз ертеден бұл адам менің өмірлік жарым бола ала ма, әлде жарты жолда тайып тұра ма деп ойлануы керек. Әрине, болашақта кім қалай болады дегенге ешкім 100% кепілдік бере алмайды. Дегенмен екі азаматтың ақыл деңгейі, өмірлік принциптері сәйкес келе ме, соған қарау керек. Екі жас отау құрған соң, бір кемеге отыратын болған соң, екеуінің бағыты бір болуы керек. Ал үшінші назар аудару керек дүние — бір-біріне жыныстық тартымдылық сезе ме, осыған мән беру қажет. Отбасылық өмірдегі алғышарттар — осындай, — дейді маман.

Ал заңгер Ғабдулғани Әбутәліп ажырасу себептерін адвокат көмегіне жүгінген азаматтардың кейстеріне қарап талдап көрді. Ол нақты бір себепті атап айту қиын дейді.

Ғабдулғани Әбутәліп
Ғабдулғани Әбутәліп. Фото жеке архивінен

Сот процестерінде ажырасу себебін сұрағанда азаматтар көбіне судьяға бір-біріне сәйкес келмейтінін себеп қып айтып жатады. Бұған қоса «жолдасым ақша таппайды, ұрып-соғады, әке-шешесімен түсінісе алмаймыз» деген себептер де жиі айтылады. Қазір ажырасып жатқандардың басым көпшілігі жастар — 20-40 жас аралығындағы адамдар. Ажырасуға көбіне әйелдер арыз жазып жазады. Бұл бізде ер адамдардың сөзге қалғысы келмейтінінен болар, — дейді ол.

«Сауатты» ажырасуға тырысу қажет»

Психолог Гүлзат Қанат ажырасатын адамдар оның салдары жайлы да ойлануы керек дейді. Әсіресе ортада бала болса, бұл процестің салдары ауырлау болуы мүмкін. Оның айтуынша, ата-анасы ажырасқан бала кейін өзі отбасын құрғанда да осы жолды қайталауы мүмкін.

Ажырасу әуелі балаға ауыр тиеді. Мұндайда ата-ана барынша «сауатты» ажырасуға тырысуы керек. Баланың бойында 50% әкесі, 50% шешесі болады. Сондықтан оған «Сенің әкең немесе шешең жаман» дей беру «Сенің тең жартың жаман» дегенмен бірдей. Ата-ана бір-бірімен ажырасса да, баладан ажырамайды. Балаға ажырасу әсер етуі де, етпеуі де мүмкін. Бір баланың әке-шешесі үш жасында ажырасып кетіп, ол сол травманы жеңе алмаған болса, кейін өзі үйленгенде өзі де ажырасып кетуі мүмкін. Сондықтан ата-ана бұл процестің балаға ауыр болмауына мұқият болуы керек. Қазір ұрысып, келіспей жатса да, бір кездері ажырасатын екі адам бір-бірінің таңдауы болды, талай жақсы сәтті бастан өткізді. Ажырасу балаға аса ауыр болмауы үшін, ата-ана сол жақсы күндерді еске алып, ара-қатынасты жақсы нотада аяқтауға тырысуы керек. Бірақ мұндай мәдениетті ажырасу өте сирек кездеседі, — дейді ол.

Әлеуметтанушы Айман Жүсіпованың сөзіне қарағанда, қазір ажырасу санын азайту мемлекет деңгейінде қаралып жатыр. Қазір осы мақсатта арнайы трениңдер өткізуді көздейтін бағдарлама іске қосылғалы жатыр.

Қазір мемлекет ажырасу санын азайту үшін арнайы трениңдер бағдарламасын ұсынып отыр. Әзірге жоба пилот деңгейде Шымкент және Астана қаласында жұмыс істеп тұр. Некеге тіркелген азаматтарға бір күндік тегін трениң ұйымдастырылады. Онда  үйленуге ниетті жұпқа қаржы сауаты, репродуктив денсаулық пен эмоциялық интеллект  және отбасы психологиясы жайлы ақпарат беріледі. Мұндағы басты мақсат — үйленбестен бұрын бәрін ашып айтудың маңызын түсіндіру. Отбасында қаржы қалай бөлінетінін, оны кім басқаратынын алдын ала шешіп алу керек екенін, жастардың бірден балалы болғысы келіп-келмейтінін немесе денсаулығына қатысты мәселелер бар-жоғын алдын ала анықтап алудың маңызды екені түсіндіріледі. Бағдарлама оң нәтиже беріп жатса, елдің өзге өңірлерінде де қолданысқа енуі мүмкін, — дейді Айман Жүсіпова.

«Қазіргі отбасы моделіне сай келмейтін түсініктен арылу керек»

Заңгер Ғабдулғани Әбутәліп ажырасу санын қысқартуға қатысты нақты бір шешім жолын айту қиын дейді.

Ажырасуға арыз берген азаматтарға ойлануға бір ай уақыт беріледі. Бірақ ол бір ай көбіне ештеңеге әсер етпейді. Арыз сол күйі бір айдан соң қайта келеді. Дәл осы бір айда құзырлы органдар іске араласып, психологиялық сессиялар ұйымдастырып, екі жаққа көмектесуі қажет болар. Бұған қоса ажырасуды азайтамын деп, үйленуге тыйым сала алмайсың. Сондықтан мемлекет деңгейінде жастарға отбасы құндылықтарын түсіндіретін, бейбіт отбасы қатынастарын үйрететін психологиялық орталықтар ашуға болар еді. Әрине, зорлық-зомбылықтан болған ажырасуларға қатысты шешім жолын айту өте қиын. Мұндайда тек зорлық-зомбылыққа қатысты жазаны күшейту қажет. Бірақ ең дұрысы салдармен емес, себеппен күресу қажет. Ажырасуды азайтамыз деп емес, соның себептерімен күресу керек. Дегенмен ажырасуға болмайды деп сырттан тон пішкеніміз де дұрыс емес. Сонымен қатар қоғам қазіргі отбасы моделіне, жастардың түсінігіне сыймайтын жүктемелерден арылуы керек. Қыздарға қатысты «Қызға қырық үйден тыйым», «Жақсы әйел жарын төрге сүйрейді» деген сияқты немесе ерлерге қатысты еркек адам жыламайды деген стереотиптен қоғам деңгейінде арылу қажет деп ойлаймын, — дейді заңгер.

Статистика комитетінің дерегінше, Қазақстанда кейінгі 10 жылда ажырасатын жұптар қатары артқан. 10 жылда елде 1,5 миллион үйлену дерегі тіркелсе, оның ішінде әрбір үшінші жұп ажырасып кеткен.

***

Әйелге мансап пен отбасының бірін таңдаудың қажеті жоқ — білікті басшы Мөлдір Рысалиева