Бизнес әлемінде Мөлдір Рысалиева сияқты мол тәжірибесімен және жетістігімен мақтана алатындар аз. Ол әуелі журналистиканың қыр-сырын меңгерген, кейін электрон коммерция индустриясының ықпалды көшбасшысына айналды. Оның табысқа жету құпиясы — тынымсыз еңбек, үздіксіз даму және жоғары жетістіктерге ұмтылу. Baribar.kz Мөлдірмен қызмет жолы, басқару саласындағы қыздарға қатысты таптаурындар мен мүмкіндіктер туралы сұхбаттасты.

«PR cаласы жаныма жақын көрінді»

Негізі оқыған мамандығым бойынша журналиспін. Студент кезімнен-ақ кәсіпке қатысты журналда шығарушы редактор болып істедім. Сол уақытта PR саласына қызығатынымды түсіндім. Дәл осы сала жаныма жақын көрінді. Оның үстіне PR мен журналистика — бір-біріне жақын мамандық. Бірнеше жылдан соң Lamoda компаниясынан ұсыныс түсті. Осылай, 2013 жылы электрон коммерция саласындағы жолымды бастадым. Ол кезде елімізде бұл бағыт енді ғана дамып жатқан еді. Әуелі онда PR-менеджер болып істедім. Сегіз жыл қызмет еттім. Бұл уақыт аралығында көп тәжірибе жинадым, қызметім де өсті. PR-департаменттің жетекшісі, кейін PR және маркетиң бөлімінің басшысы болып үш жыл жұмыс аттқардым. 2021 жылғы қыркүйекте жұмыс ауыстырғанды жөн көрдім.

Сөйтіп, Ozon компаниясына келдім. Бұған дейінгі жұмыс орным бұрыннан істеп келе жатқан компания болған. Ал жаңа жұмыс орным Қазақстан нарығына енді келіп жатты. Сол себепті маған компанияны елімізде іске қосу әрі дамыту міндеті жүктелді. Бұл екі есе сынақ болды.

Мөлдір Рысалиева
Мөлдір Рысалиева. Фото жеке архивінен

«Қазір директормын, бірақ бұл қызметтің жолында 10 жылдық тәжірибе жатыр»

Бірден директор болып кетпедім. Бұл қызмет жолында басқаруға қатысты 10 жылдық тәжірибе жатыр. Осы уақыт ішінде көп нәрсе үйрендім. Сол себепті жауапкершілік пен міндетім көбейсе де, қызметкерлердің саны артса да, басқарудың жалпы принципі өзгеріссіз қала беретінін үнемі айтамын. Дегенмен менің дұрыс әрі тиімді басқара алуым үшін командам да үлес қосты. Біз бірге түрлі қиын жағдайдың шешімін тауып, дамып отырдық.

Қазіргі міндетіміз — компаниямыз арқылы тауар сатып алатын адамдардың көңілінен шығу, компаниямыздың қызметкерлеріне жайлы жұмыс орнын ашу. Ол үшін операциялық процестерді құрамын, маркетиң мен стратегиялық дамуға назар аударамын. Командамен байыпты түрде жұмыс істеуге әрі әрбір клиенттің қалауына мән беруге тырысамын.

Журналистикадағы білімім мен тәжірибем де зая кетпеді. Соның арқасында серіктестермен, тұтынушылармен, қызметкерлермен жұмыс процесін барынша ыңғайлы әрі тиімді жүргізе алдым.

Мөлдір Рысалиева. Фото жеке архивінен

«Адамның жынысы емес, кәсібилігі мен жеткен нәтижесі маңызды»

Маған ер немесе әйел емес, кәсібилігі мен ісінің нәтижесі маңызды саналатын компанияларда жұмыс істеу бұйырды. Десе де мансап жолымда жынысқа қатысты стереотиптерді, дискриминацияны көрдім. Дегенмен оларға мән бермеймін. Себебі жұрттың мұндай көзқарасына, пікіріне құлақ сала берсеңіз, жұмысқа құлшынысыңызды азайтып жібереді. Меніңше, мұндай көзқарастар мені емес, солай пайымдайтын адамдарды сипаттайды. Мәселен, мен іске кіріскенде қарсыластарым өз ісімнің маманы екенімді түсінеді.

Кез келген адам мақсатынан бас тартпай, еңбектенсе, күрессе, нәтиже үшін жұмыс істесе, оны ештеңе шектей алмайды. «Ит үреді, керуен көшеді» деген сөз осындай жағдай үшін тамаша айтылған сияқты. Бейтаныс адамдардың сөзіне, іс-әрекетіне мән бермеген жөн. Менің бар ойым, назарым басқада. Жұрттың сөзін ойлап отырғанша, компаниямдағы және қоғамдағы әйелдердің дамуына көмектескім келеді. Мәселен, үш жылдан бері әйелдерге арналған Wonder Women Mentorship бағдарламасына қатысып жүрмін. Бұл — әйел кәсіпкерлерді қолдауға қосқан үлесім.

Әртүрлі саладағы түрлі білікті маманды көрдім. Сондықтан мұндай таптаурындар ақылға қонымсыз деп ойлаймын. Әр адамның өз қабілеті бар және ол жынысына қарай бөлінбейді. 

«Мықты әйелдер де қорқады»

Әйел көшбасшы ретінде қыздар мансабының түрлі кезеңінде қорқатынын, күмәнданатынын жақсы түсінемін. Бағдарлама аясында мансап жолын енді бастағандармен де, жоғары лауазымды атқаратындармен де, кәсібін сәтті жүргізіп жатқандармен де жұмыс істедім. Мықты деген әйелдер де қорқады. Бұл — қалыпты нәрсе. Маңыздысы, онымен қалай күресетінімізді және осы тәжірибеден қандай сабақ алатынымызды ұмытпау керек. Адамға кішкене болса да өзін сенімді сезінуге көмектесе алсам, әрдайым қол ұшымды созуға дайынмын.

Мөлдір Рысалиева
Мөлдір Рысалиева. Фото жеке архивінен

«Өзіңді дамыту жеке өмірге кедергі емес»

«Көз — қорқақ, қол — батыр» деген принципті негізге алуға кеңес берер едім. Бір істі істегіңіз келсе, қорқып тұрсаңыз да, бастаңыз. Оны бар ынта-жігеріңізбен істеңіз. Есіңізде болсын — әйелге мансап пен отбасы арасында таңдау жасаудың қажеті жоқ. Өзіңді дамыту жеке өмірге кедергі емес. Ал отбасы мансаптың өсуіне кедергі келтірмейді.

Мәселен, күйеуім екеуіміздің үш баламыз бар. Кенжеміз жақында бір жасқа толды. Басты мотивациям мен тірегім – отбасым. Қандай жағдай болса да, күйеуім мені үнемі қолдайды. Бұл бойыма үлкен сенім ұялатады. Ол сәулетші болып істейді. Менің жұмысымның ерекшеліктерін толық түсіне бермейді, дегенмен барынша қолдайды. Оның мені толық қабылдағанына, күнделікті отбасымызға қамқор екеніне ризамын. Жолымда қандай қиын сәттер тұрса да, үйде тыныштық қамалы күтіп тұрғанын білемін.

«Әрбір жаңа сынақ мені білікті маман етеді»

Меніңше, білікті басшы болу үшін, біріншіден, компанияда барлық жағдайға қатысты жауапты бола білу керек. Екіншіден, командаға мотивация, бағыт-бағдар бере білу керек. Себебі нәтиже — тек бір адамның емес, команданың жемісі. Үшіншіден, әр қадамды стратегиялық тұрғыдан жоспарлай алу қажет. Тез шешім қабылдаған жөн, командаға сенген абзал және өзіңіздің айналаңызға дұрыс мамандарды жинаған дұрыс.

Оған қоса жоғары эмоционал интеллектіге де ие болған — эмпатия білдірген дұрыс. Қиын, сәтсіз жағдайларда сынып қалмай, оның шешімін тез табуға тырысу қажет. Маған мұның бәрі тәжірибемен келді. Әрбір жаңа сынақ маған одан да мықты маман болуға мүмкіндік берді.