Алматыда TURAN этно-фольклор ансамблінің жеке концерті өтті. Бұл кеште ансамбль TAMYR деген халықаралық концерт жобасын бастады.

Биыл TURAN этно-фольклор ансамбліне 15 жыл толып отыр. Атаулы дата қарсаңында олар әлем бойынша ауқымды концерттік турнесін ұйымдастырды. Ал 29 ақпанда Алматыдағы Республика сарайында алғашқы үлкен концертін өткізді. Ұжым мүшелері «ER TURAN дәуірі аяқталып, TAMYR кезеңі басталды» дейді.

Топ алғаш құрылғанда ұлттық аспабымызды, өнерімізді дүниежүзіне танытуды миссиямыз еттік. Аллаға шүкір, сол қалауымыз орындалып жатыр. Бірнеше жыл бұрын түркі әлеміне аты шыққан, ұранына айналған ER TURAN деген шығармамызды дүниеге әкелдік. Оның сөзін ақын Исраил Сапарбай жазды. Сөйтіп ол туынды, ол дәуір Turan ансамблін көп жетістікке жеткізді. Бұл шығарма қазіргі жастардың, түркі халықтарының ынтымағын нығайтуға көп септігін тигізді. Енді TAMYR деген кезеңді бастағымыз келеді. Осылай, түркі халықтарының тамырын баршаға танытқымыз келеді, — дейді Turan ансамблінің мүшесі Мақсат Медеубек.

Turan мүшелері енді тек қазақ емес, түркі халықтарының түрлі аспабымен өнер көрсететінін айтады.

«Бәйтерек биіктеген сайын тамыры тереңдей береді» демекші, ата-бабамыздың тарихына қаншалық үңілсек, біз де, өнеріміз де соншалық танылады деп ойлаймыз. TAMYR жобасы жай ғана күйтабақ емес, алдағы төрт-бес жылда шығаратын жинақтар циклы. Бізді шығармашылық тұрғыда ғана емес, географиялық сипатта да үлкен сапарлар күтіп тұр, — дейді Мақсат Медеубек.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

Публикация от TURAN ethno-folk ensemble (@turan_ethno_folk)

Ұжым мүшелерінің айтуынша, TAMYR жобасын Алматыда бастағанының себебі бар.

Жүрегімізде алматылық тыңдармандарымыздың орны бөлек. Олар бізді әрдайым қолдап, шығармашылығымызға шабыт сыйлайды. Сондықтан TAMYR жобасының алғашқы концертін дәл осы алматылық тыңдармандарға ұсынғымыз келді, — дейді Turan ансамблі.

Turan ансамбілінің Алматыдағы концертінде зал лық толы болды. TURAN мүшелері аспабының дыбысын тыңдауға қариялар да, жастар да, шетел азаматтары да келген. Түркиядан концертті тамашалауға арнайы келген Turksoy мәдени орталығының бас хатшысының орынбасары Сайита Юсуфаның айтуынша, Turan — әлемнің түкпір-түкпіріндегі халық сүйіспеншілігіне бөленген ансамбль.

Былтыр қазанда Turan Түркияның Анкара қаласына және тағы басқа 10 қалаға барып, 15 жылдық концертін берді. Анкарада мемлекеттің үлкен симфониялық оркестрімен бірге шығармашылық кеш өткізді. Алғашында этно-фольклор топ ретінде ашылса да, біраз уақыттан соң даусы мен аспаптарының дыбысы әлемнің түкпір-түкпіріне естіліп, түркі мәдениетін танытты, — дейді Сайита Юсуфа.

Turan ансамблі концертінде 60-қа жуық аспапта ойнап, қазақ, қырғыз, түрік, түркімен, мажар, ноғай, алтай және тағы басқа халықтың музыкасын орындады.

Фото: Turan этно-фальклор ансамблі
Фото: Turan этно-фольклор ансамблі

Айта кетері, Turan этно-фольклор ансамблі  15 жыл ішінде дүниежүзінің түрлі мемлекетіне барып, қазақ өнерін, мәдениет көрсетіп үлгерген. Олар әлемнің 100-ден астам қаласында 3000-нан аса жеке концерт берді, бес күйтабақ шығарды.