«Аналар үйі» жобасы халықаралық деңгейге шықты

«Аналар үйі» — баланы өз отбасында қалдыруға, жетімдіктің алдын алуға және жаңа туған балалары бар, дағдарыс жағдайындағы жүкті әйелдерді қолдауға бағытталған қазақстандық кәсіпкерлердің әлеуметтік жобасы. Енді меценаттар  қайырымдылық шарасын кеңейтіп, жобаны халықаралық деңгейде жалғастырады.

«Аналар үйі» жобасы 2013 жылы құрылды. Көпжылдық тәжірибеге сүйене отырып, жоба Mother’s Home International Foundation (MHIF) брендімен халықаралық деңгейге шығады. Осы мақсатта биыл Өзбекстан мен Малайзияда MHIF «Аналар үйін» ашу жоспарланып отыр. Украинада «Аналар үйі» (Будинок мами) ашылды.

«Аналар үйі» жобасының арқасында Қазақстанда алты мыңнан аса баланы жетімдіктен аман алып қалдық. Елде көптеген балалар үйі жабылды. Бұған қол жеткізу үшін кәсіпкерлер жобаға 10 жыл ішінде шамамен 16 млн АҚШ долларын құйды. Балалар жетімдер үйіне түспес үшін ауқымды кеңейтіп жатырмыз. Сол үшін MHIF жобасын іске қостық, – деді MHIF қорының құрылтайшысы Айдын Рахымбаев.

MHIF қорының құрылтайшысы Арсен Томский алдағы екі жылда 10-ға жуық «Аналар үйі» ашылатынын айтты.

2025 жылға дейін жылына үш-төрт «Аналар үйін» ашып отырамыз деп ойлаймын. Нақты қай елде, қай қалада болатыны туралы тізім алдағы уақытта нақтыланады. Әзірге ата-анасы жоқ бала саны көп елдер бойынша зерттеу жүргізіп жатырмыз. Меніңше тізімде Колумбия сияқты шалғай жатқан елдер де болады, — дейді ол.

Арсен Томский жобаны халықаралық деңгейге шығарудың жоспары жайлы айтты.

Әуелі өз күшімізбен бір «Аналар үйін» ашып алуымыз керек. Бұл үшін шамамен 150-200 мың доллар керек. Сосын біршама уақыт ішінде жобаның тиімді екенін дәлелдеуіміз керек. Осыдан соң жергілікті меценаттарды тартуды жоспарлап отырмыз, — дейді ол.

Бүгінде Қазақстанның 18 қаласында 21 «Аналар үйі» ресурстық орталығы бар. «Аналар үйі» 10 жылда 6 695 бала отбасы табуға көмектесті. Сонымен қатар қор 2 048 әйелді жұмысқа орналастыруға көмектескен, 1 075 әйел кәсіптік білім алды. 802 әйелге медициналық көмек берілді. 1 823 әйелдің  құжаты  қалпына келтірілді. 10 жылда балалар үйіндегі бала саны 73%-ке азайды.

Қазақстан халқының саны өсіп жатыр. Логикаға салсақ, жетім саны да өсуі керек. Бірақ жобамыздың елдегі ата-анасы жоқ бала санын азайтуға үлес қосып жатқанына қуаныштымыз. Жобаны енді бастап жатқаны Қазақстанда небәрі 14-15 миллион адам болды. Ал жетімдер үйінде 11 мың бала бар еді. Қазір халық саны — 20 миллион, балалар үйінде тек 4800-ге жуық бала бар.  Қазір Қазақстанда асырап алушылар арасында сегіз жасқа дейінгі балалар жетіспейді (дефицит). Мұндай нәрсе тарихта болмаған. Осы уақытқа дейін түрлі сала бойынша өзге елдің тәжірибесіне сүйеніп жүрдік. Ал дәл осы жетім бала санын азайту бағытындағы әлеуметтік жобамыз керісінше халықаралық жобаға айналып отыр. Өзге елдер біздің тәжірибемізге сүйеніп мәселені шешуге ықылас білдіріп жатыр, — дейді Айдын Рахымбаев.

Айдын Рахымбаевтың айтуынша, жобаны қазір Қазақстанның 20 меценаты жүзеге асырып жатыр. Кәсіпкерлер жоба аясында жетім балаларды емдеуге де ақша бөледі. Бүгінде 186 бала емделіп шыққан.