Мектептер мен колледждерде тегін кәсіптік білімді қалай алуға болады?

Кәсіптік білім
Фото: Kazakh-tv.kz

Бүгінде еліміздегі экономика және өндіріс салаларының дамуына байланысты жұмысшы мамандарға деген сұраныс күн санап артып келеді. Қазіргі кезеңде елімізге өркениет әлемінің озық технологияларын меңгерген, жаңа заман талабына сай кәсіптік білімі бар, сапалы да білікті мамандар қажеттілігі туындап отыр.

Егер, сіз, мектепті жаңа бітірген түлек, колледждер мен ЖОО-нан шығып қалған студент немесе білімі жоқ өзін-өзі жұмыспен қамтитын категориялардың өкілі болсаңыз Қазақстанда кәсіптік және техникалық білім беретін колледждерде тегін білім алуға мүмкіндігіңіз бар.

1. Кәсіптік-техникалық білім беру жүйесі дегеніміз не?

Кәсіптік мектеп – кәсіби білім беру жүйесіндегі болашақ білікті жұмысшыларды дайындайтын, оқытатын және тәрбиелейтін оқу орны. Кәсіптік мектеп – педагогикалық жүйенің барлық белгілеріне ие.

Мақсаты – азаматтарды жұмысшы мамандығына даярлауда өз қабілеті мен қызығушылығына, мүмкіндігіне қарай білім беру, оларды қайта даярлау және кәсіптік біліктілігін көтеру.

Осыған байланысты, 2017 жылдан бастап “Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру” жобасы іске қосылған еді. Жобаның мақсаты – алғашқы жұмысшы мамандығын тегін алуға жағдай жасау, білікті жұмысшы кадрларды даярлаудың көлемін 40% арттыруға және барлық тегін білім алуға тілек білдіретін адамдарды қамтуға бағытталады.

Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Қазақстан халқына Жолдауында Мемлекеттік Басшысы 2017 жылдан «Баршаға тегін кәсіптік-техникалық білім» жобасын жариялады.

2. Елімізде кәсіптік білім берудің құрылымы қандай?

Кәсіптік білім беру жүйесінің құрылымы мына төмендегідей:

  • бастауыш кәсіптік білім;
  • орта кәсіптік білім;
  • жоғары кәсіптік білім;
  • жоғары білімнен кейінгі кәсіптік білім;
  • қосымша кәсіптік білім.

Қазақстан Республикасында «Білім беру туралы» Заңының 22-бабына сәйкес мына төмендегі білім беру деңгейлері жүзеге асырылады.

  • мектепке дейінгі тәрбие және оқыту;
  • орта білім;
  • жоғары кәсіптік білім;
  • жоғары білімнен кейінгі кәсіптік білім.

3. Бастауыш кәсіптік және Орта кәсіптік білім беру туралы

Бастауыш кәсіптік білім беру

Бастауыш кәсіптік білім – кәсіптік мектептер мен лицейлерде негізгі жалпы білім базасында орта білім берумен бірге белгілі бір кәсіп саласы бойынша жұмысшы қызметкерлер даярлайды.

Оқу мерзімі кәсіптік мектептерде 2-3 жыл, ал кәсіптік лицейлерде – 3 жыл, кейбір күрделі технологиялар мен құрылғыларды үйрену 4 жыл мерзімді қажет етеді. Кәсіптік оқыту өндірісте, оқу-өндірістік комбинаттарда, оқу орталықтары мен басқа да жұмысшыларды дайындайтын құрылымдарда атқарылады.

Бастауыш кәсіптік білім беру қайсыбір кәсіп саласы бойынша орта білім негізінде қысқартылған уақыт мерзімінде де жұмыс істей алады. 

Орта кәсіптік білім беру

Орта кәсіптік білім – колледждер мен училищелерде орта білім базасында кәсіби бағдар бойынша конкурстық негізде беріледі.

Колледждер мен училищелерде оқу мерзімі 3-4 жыл. Жалпы орта білімі, не бастауыш кәсіптік білімі бар азаматтар өз кәсіп салалары бойынша орта кәсіптік білімі қысқа мерзім ішінде, жеделдетілген бағдарламалар арқылы алуына болады. Колледждер мен училищелер тиісті лицензиясына сәйкес бастауыш және орта кәсіптік білім беруді жүзеге асырады.

Орта кәсіптік білімі бар азаматтар болса ықшам әрі икемделген бағдарламалар арқылы қысқа мерзімде қосымша мамандық иеленуіне болады. 

4. Қандай мамандықтар бойынша тегін білім алуға болады?

Тегін техникалық және кәсіптік білім техникалық, технологиялық, ауыл шаруашылық, сервис және қызмет көрсету мамандықтары бойынша беріледі.

Сонымен қатар, медицина, білім, өнер мамандықтары бойынша даярлық мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады.

Ал құқық, экономика мамандықтары бойынша даярлық ақылы негізде жүргізіледі.

Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты бойынша 050120 «Кәсіптік оқыту» мамандары төмендегі пәндерден білім алады: жалпы білім беру пәндері (ЖБП), базалық пәндер (БП), кәсіптендіру пәндері (КП). Әр цикл екі компонентке бөлінеді: міндетті және таңдау. Кәсіптендіру пәндері (КП) циклының таңдау компонентінің бірі «Ауыл шаруашылық еңбегінің техникасы мен технологиясы» пәні.

5. Ақысыз негізде кімдер оқи алады?

Тегін техникалық және кәсіптік білімді барлық ниет білдірген 9 және 11-сынып бітірушілері, мектепті бірнеше жыл бұрын бітіріп, еңбек нарығында біліктіліксіз немесе жұмыссыз жүрген жастар оқи алады.

Кәсіптік мектепте оқу мерзімі - 2-3 жыл, кәсіптік лицейде - 3 жыл, ерекше күрделі кәсіптер бойынша, сондай-ақ бірегей жабдықтарға қызмет көрсетуге байланысты жұмыстар үшін - 4 жылға дейін болады.

Кәсіптік мектеп білім алушылары (оқушылар) бұлар белгілі бір кәсіп саласына қызығушылығы бар негізгі және орта мектеп бітірген жастар. Негізгі білімі барлар үшін оқу мерзімі – 3 жыл, ал толық орта білімді жастар үшін – 1,5 жыл.

6. Оқу орнына өтініш берген кезде үміткерлер қандай құжаттарды тапсыруы керек?

Оқу орнына өтініш берген кезде үміткерлер мынадай құжаттарды ұсынады:

1) Жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

2) Білім туралы құжат (аттестат, куәлік, диплом);

3) Денсаулық жағдайы туралы анықтама (Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2010 жылғы 23 қарашадағы № 907 бұйрығымен (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6697 болып тіркелген) бекітілген Денсаулық сақтау ұйымдарының № 086-У бастапқы медициналық құжаттама нысанына сәйкес денсаулық жағдайы туралы анықтама);

4) Әлеуметтік көмек көрсетілетін азаматтар санатын растайтын анықтама (бар болған жағдайда);

5) Жолдама;

6) Топтарды жасақтау жылына бір рет 20 маусымнан 30 тамызға дейін жүргізіледі.

Үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттарды үміткердің өзі не ата-анасы немесе заңды өкілдері тапсырады.

7. Бағдарлама қатысушыларына қандай жеңілдіктер қарастырылған?

Бағдарламаға оқу орындарына түспеген, жұмыс іздеген 9-11 сынып бітірушілері, өмір­де қиын жағдайға тап болған­дар және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ жұмыспен қамту орталықтарында тір­келуіне қарамастан 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады.

Сондай-ақ бағдарламаға қатысушылар стипендиямен, бір реттік ыстық тағаммен, жолақымен қамтамасыз етіледі.

Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған бағдар­ламада тек нарықта сұранысқа ие мамандықтарға басымдық берілген.

Жоба аясында жастар кейбір мамандық бойынша колледждерге емтихансыз, сұхбаттасу қорытындылары бойынша қабылданады.

8. Елімізде кәсіптік білім беретін қанша колледж бар?

Еліміз бойынша, барлығы 817 колледж жұмыс істейді, олардың 473 колледжі мемлекеттік, 344-і — жекеменшік. Оның 83-і Алматы қаласында орналасқан.

Бүгінде 38 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарында (27 мемлекеттік және 11 мемлекеттік емес колледждерде) 19,9 мың адам мамандықтар мен жұмысшы кәсіптерін алуда.

Жұмысшы кадрлар мен мамандарды даярлау 74 мамандық және 139 біліктілік бойынша жүргізілсе, соның ішінде 38 техникалық, технологиялық және ауыл шаруашылық бағыттағы мамандықтар.

Мемлекеттік колледждердегі 12520 білім алушы континентінің 4603 студенті (36,8%) жұмысшы мамандықтар бойынша білім алуда. Мемлекеттік емес колледждердің 8179 білім алушысы орта буын мамандықтарына оқытылуда.

Елбасының тікелей тапсырмасымен 2017 жылдан бастап еліміздің жастары тегін кәсіптік-техникалық білім ала бастады. Қазіргі таңда «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім» бағдарламасы аясында колледж­дерде 25 мыңға жуық студент білім алып жатыр.

9. Қоғам қандай артықшылыққа ие болады?

  • Жұмыспен қамтуды арттыру жастар арасында әлеуметтік ортаны жақсартады;
  • Барлық тілек білдіретін адамдарды тегін жұмысшы біліктілігімен және орта буын маманыдығымен толық қамту жұмыссыздық көрсеткішін қысқартады, бұл фактор елдің толықтай экономикасына дұрыс ықпал етеді;
  • Мамандық алу көбірек табыс табуға мүмкіндік береді – еңбек нарығы білікті мамандарға қызығушылық танытады;
  • Кәсіпорындар кадрлар тапшлығының мәселесін шешуге мүмкіндік алады.

Білім және ғылым министрі­лігінің мәліметінше, бағдарлама бойынша 2021 жылға дейін 700 мыңнан астам адамды тегін кәсіптік біліммен қамту жоспарланған.