Астанада құрылысы аяқталмаған 10 тұрғын үй пайдалануға беріледі

Астанада биыл құрылысы ұзаққа созылған тұрғын үй кешендерінің соңғы бөлігі аяқталады. Бұл туралы қала әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Қала басшысы Жеңіс Қасымбек «Араби 2 — Гранитный 2», «Арыстан, 4-блок» мен «Future home» нысандарының құрылыс барысымен танысты. Осы тұрғын үй кешендері 12 жылдан бері тапсырылмай жатыр.

Мысалы, «Араби 2 — Гранитный 2» тұрғын үй кешені 2013 жылы проблемалық нысан деп танылған. Мұнда 200-ге жуық отбасы баспанасын күтіп жүр. «Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы да 2013 жылы басталған. Нысанды Елорда құылыс компаниясына беру кезінде төрт және жеті қабаттар ғана салынған, — деді Жеңіс Қасымбек.

2023 жылы қалада құрылысы ұзаққа созылған 32 тұрғын үй кешені болған. Сол кезде 22 тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды.

Биыл 10 үй қалды, олардың құрылысы осы жылдың 1-2 тоқсанында аяқталады. Осылайша, қалған 500-ге жуық үлескер отбасы баспаналы болады. Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың құрылысы мемлекет басшысының тікелей бақылауында, — деді қала басшысы.