Шымкент тұрғындары қаржы пирамидасына 700 миллион теңге салған

Шымкентте Chia Tai Tianging қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімше басшысына қатысты тергеу аяқтады. Қылмыстық іс сотқа жіберілді. 

Бұл туралы қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Шымкент тұрғыны 2022 жылғы қараша мен 2023 жылғы сәуір аралығында қаржы пирамидасының қаладағы филиалын басқарған. Сол кезде 200-ден астам адам осы қаржы пирамидасына 700 миллион теңгесін салып, ақшасын қайтара алмаған. Қазіргі кезде сотқа дейінгі тергеу шаралары аяқталды. Қылмыстық іс сотқа жолданды, — делінген хабарламада.

Айта кетейік, заң бойынша қаржы пирамидаларын құрғаны үшін 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған. Кінәлі адамның мүлкі тәркіленеді.

Батыс Қазақстан облысында Chia Tai Tianging Pharmaceutical қаржы пирамидасының құрылымдық бөлімшесін ұйымдастырған адам 400-ден астам адамды алдаған. Олар осы пирамидаға 523 миллион теңгесін салды.