Мектептерде қауіпсіздікті қамтамасыз ету талаптарын сақтау мақсатында бас прокуратураның басшылығымен барлық елордалық мектепті тексеру басталды.
Бұл туралы Polisia.kz хабарлады.
ІІМ әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаевтың мәліметінше, тексеру қараша айының соңына дейін аяқталады.
Түрлі ведомстволардың 70-тен астам қызметкері жұмылдырылды. 98 мемлекеттік мектеп, 56 жеке меншік, үш Назарбаев зияткерлік мектебі, төрт республикалық, үш түзету және бес BINOM мектептері тексеріледі, — деді Қайсар Сұлтанбаев.
Ол кәмелетке толмағандарға қатысты құқық бұзушылық фактілеріне бей-жай қарамауға шақырды.
Полицияға 102 немесе 111 нөмірлері бойынша хабарласу керек. Көрсетілген телефондар арқылы тәулік бойы ақпараттық, консультациялық, психологиялық көмек пен қолдау алуға болады. Біз отбасы мен балалардың қорғаушысы болуымыз керек, – деді Қайсар Сұлтанбаев.
