Қазақ циркінің аңызы, артист, клоун Кәрім Мұтұрғанов 70 жасқа толды. Мерейтойға орай Мұтұрғановтар триосы Алматы циркінде өнер көрсетті. Бұл трио — нөмірлеріне жануарларды қоспайтын Қазақстандағы жалғыз цирк.
Майкл, Мұрат және Кәрім Мұтұрғановтар — Мұтұрғановтар триосының мүшелері. Бұл трио Алматының циркінде 10 жыл бойы өнер көрсете алмады. Қала циркі Кәрім Мұтұрғановқа енді ғана қайта ашылды.
10 жыл бойы Алматы циркінде өнер көрсете алмадық. Ол кезде циркте директордың орынбасары болып істедім. Осындағы біршама олқылықты түзедім. Сосын олар «біздің жүйемізді құрттың» деп менің де, әкемнің де жолын кесті. Кәрім Мұтұрғанов — Қазақстан циркінің аңызға айналған тұлғасы. Енді міне зорға дегенде циркте өнер көрсетуге қолымыз жетті. Енді әкемнің осы цирктің көркемдік жетекшісі болуы үшін еңбек етем. Өйткені циркте бұл лауазымға одан лайық адам жоқ, — деді Мұрат Мұтұрғанов.
Мұтұрғановтар триосы — Қазақстандағы жануарларсыз өнер көрсететін алғашқы цирк.
Бұған қарсы болғандықтан емес, жануарларды үйрете алмағандықтан осылай. Бірақ бәрі циркте жануарларсыз өнер көрсетсін деп үгіттемейміз, — дейді цирк артисі.
Мұтұрғановтардың бұл жолғы цирк қойылымында бұрынғы бағдарлама бар, бірақ жаңасы да қосылған.
Жаңа нөмірлер қосу қашан да қауіпті. Өйткені оны көрермен қалай қабылдарын білмейсің. Клоунның нөмірін жасау кітап жазғанмен бірдей — оны жылдап жасайсың. Жаңа нөмірдің бәрі керемет болмауы мүмкін. Сондықтан көрермен жақсы қабылдайтын бұрынғы нөмірлерді қойған да дұрыс. Оларды әкем 5-10 жыл бойы әлемде көрсетіп жүрді, — дейді Мұрат.
Цирк артисі, режиссер және клоун Кәрім Мұтұрғанов биыл 70 жасқа толды.
Осы цирк ашылғанда қазақ бағдарламасы қойылғанымен, оны орыс клоундар жасайтын. Сөйтіп труппаға бір қазақ клоуны керек болды. Сол кезде опера студиясын бітіріп жаттым. Хор инспекторы Серік Қалтаев цирктің директоры болып сайланды. Мені клоун етіп алды, — деп еске алды Кәрім Мұтұрғанов.
Артист кейін 80-жылдары Мәскеуге барып Цирк учлищесіне оқуға түсіп, жеке шығатын клоун ретінде оқу бітірген. Ал екі жылдан соң Луначарск атындағы Ресей театр өнері институтын тәмамдаған. Қазір ол — Қазақстандағы цирк академиясының білімі бар жалғыз артист.
Бүгінгі циркте көрерменмен қауышуды күтемін. Бұрынғы жылы жүздесулерді күтемін, — деді артист.
Мұтұрғановтар триосының режиссеры, педагогы, продюсері Кәрім Мұтұрғанов цирк сахнасына шығып, әлем көрермені жақсы көретін айтулы репризиялары мен нөмірлерін көрсетті және бірегей жаңа нөмірлер ұсынды.
Шоуға елдің басқа аймақтарынан келген артистер мен Жүсіпбек Елебеков атындағы республикалық эстрада-цирк колледжінің студенттер де қатысты. Айта кетейік, бұл бенефист тек бір-ақ рет Алматының циркінде өтті.