Анар — екінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан. Дәрігерлер склеродермия деген диагноз қойған. Буындары ауырғандықтан ұзақ уақыт жүре алмайды. Алайда, ол ешқашан мойыған емес. Қолына тоқыма біздерін алып, жүзінен мейірім төгілген ойыншықтар тоқып, сатады. Қазір дәрілерінің қаражатын өзі тауып отыр. SZH редакциясы жақында шебердің шеберханасында болып, сұхбаттасып қайтқан еді.

Анар Лепесованың ойыншықтары
©SZH.kz

«Қуыршақ тоқығаныма 5 жылдай болып қалды»

Бұрын сурет салатынмын. Портрет салғанды жақсы көретінмін. Дизайнер мамандығында оқитын достарымның емтиханға қажетті суреттерін салып беретінмін. Бұрын ғой, бір сурет үшін телефоныма 500-1000 бірлік құйдырып алатын едім (күліп). Сосын баспа үйінде істедім. Айына 30 мың теңгедей алдым. Қазір одан ойыншықтарды тоқудан көбірек табамын.

Интернеттен тоқылған ойыншықтың суретін көрдім. Қатты ұнады. Өйткені мен мектеп кезінен қол өнерді жақсы көретінмін. Жай мойынорамал тоқуды білетімін. Сосын қызыққа істеп көрмек болдым да, жираф тоқыдым. Өзіме ұнады. Менің қолымнан шыққан ең алғашқы ойыншық сол болды. Қазір ол ең жақын досымның үйінде тұр, соған сыйлағанмын. Кейін үйдегілердің бәріне ойыншық тоқып бердім. Сөйтіп жүргенде достарым «ойыншықтарыңды сатып көр» деген ұсыныс жасады. Неге олай істемеске деп ойладым.

Ең алғашқы тапсырыс

Ең алғашқы болып ойыншыққа «Ринго» тобының мүшесі Данияр Өтеген тапсырыс берді. Оған үш жираф тоқып бердім. Өйткені, басында тек жирафты тоқып үйренгендіктен, басқа ойыншық жоқтай тек қана сол жирафты тоқи беріппін ғой (күліп).

Анар Лепесованың ойыншықтары
©SZH.kz

Қазір тапсырыс берушілердің қалауына қарай түрлі ойыншықтарды жасай беремін. Көбінесе, сұраныс мультфильм кейіпкерлеріне түседі. Сол үшін мультфильмдерді көп көремін (күліп). Кейде суретіне қарап та жасай беремін.

Бір ойыншық жасауға кететін уақыт

Егер таңертеңнен кешке дейін отырсам, «Майя арасы» ойыншығын бір күнде бітіре аламын. Бірақ кейде денсаулығыма байланысты көп отыра алмай жүрмін. Ондай күндері екі күн кетеді. Ал көлемі үлкен ойыншықтарды бітіру үшін 3-4 күн керек. Ең үлкен ойыншық – Қоян. Бұл арық, бірақ үлкен. Шөп жемеген қоян (күліп). Әрі үлкен, әрі жібі жұмсақ болғандықтан, тоқылғаны көрінбейді. Қысқасы, басқаларға қарағанда қиындау. Бес жылда бұның үшеуін ғана тоқыдым.

Мына Майя араларын кеше түсте бастадым. Екеуінің басын бастап қойдым да, қалаға кеттім. Кешке келгенде денелерін жасадым. Ал, бүгін қолы мен аяқтарын жасап отырмын (күліп). Бұлардың біреуі Новосибирскке, екіншісі Қарағандыға кетеді.

Африкадан да тапсырыс түскен

Негізі, Астана, Ақтау, Шымкенттен тапсырыс көп түседі. Сосын Ресейден де көп хабарласады. Бір рет Африкадан жираф ойыншықтарға тапсырыс түсті. Әдетте суретін сұрамайтын едім. Тек Африкадан деген соң, рас-өтірігін білгім келіп, суретін жіберуін өтіндім. Екі қап-қара сүйкімді бала жирафтарды ұстап түсіп, жіберіпті (күліп). Жақында Үндістаннан 10 пілге тапсырыс берді. Екеуін ғана дайындап қойдым. Әлі сегізін жасауым керек.

Анар Лепесованың ойыншықтары
Үндістанға»кететін» пілдер ©SZH.kz

«Жәрмеңке жасайын деп жатырмын»

Қазір мен жәрмеңкеге дайындалып жатырмын. Өйткені, Үндістанға баруым керек. Сонда ем алуға сұраныс жібергенмін. Жауап келді. Бағасы 2 мың доллар екен. «Қай уақытта болса да, келе бер» деді. Барғым келеді. Енді ақша жинауым керек. Сосын «Фейсбукқа» көмекке зәру екенімді айтып, жазба жазғанмын. Алайда, «кім маған ақша берер екен» деп күтіп отырмаймын ғой. Қазір 2 мың доллардан тек 150 мың теңгесі ғана жиналды. Әлі көп керек.

Сондықтан жәрмеңке өткізбекпін. Оған кем дегенде 30 шақты ойыншық керек. Сосын  өткізетін жер іздеп жатырмын. Негізі, өзімнің Есентай Моллда өткізгім келеді. Себебі, сол жақта қайырымдылық шараларының жиі болып жататынын көремін. Жақында Аружан Саинның қайырымдылық фильмі болды. Мен бардым. Оның үстіне адам да көп жүреді. Алайда, басшылығымен әлі сөйлесіп көрген жоқпын. Бірінші ойыншықтарды дайындап алайын.

Ең алғашқы көрме

Былтырғы жылы ең алғашқы көрмемді өткіздім. Оған дайындалуға екі-үш ай кетті. Қырықтан астам ойыншық апардым. Одан көп ойыншық дайындауға болатын еді, арасында үзілістер болды – ауруханаға жатып қалдым.

Ойыншықтарға қажетті материалдар

Қажетті жіптерді Көк базар, Атакент жақтағы арнайы дүкендерден аламын. Ал фурнитураларды Aliexpress-тен тапсырыспен алдырамын. Сосын ойыншықтарға арналған аяқ киімдерді сатып аламын. Олардың бағасы кәдімгі адамдыкімен бірдей. Ең кішкентайы 3-4 мың теңге тұрады. Себебі зергерлік жұмыс қой. Оларды Қытайда жасайды. Жақында материалдарға тағы тапсырыс беремін.

Анар Лепесованың ойыншықтары
©SZH.kz

«Ойыншықты қалай жасаймын?»

Ойыншықтардың ішіне каркас саламын, аяқ-қолы қозғалады. Өткенде бір сұхбатымда осыны айтсам, журналистері «өзі ойыншық жасау техникасын тапқан» деп жазып жіберіпті. Оны мен шығарған жоқпын. Бұл техниканы бүкіл қолөнер шеберлері біледі (күліп). Дұрыс түсінбей қалған шығар. Әйтпесе, барлық ойыншықты қарапайым «столбик» әдісімен тоқимын. Ешқандай өрнектері жоқ. Тек пішінін шығара білу керек.

Сосын ойыншықтардың түстер үйлесімділігіне, бет-әлпетіне қатты назар аударамын. Ашық түстерді қолданғанды жақсы көремін.

Анар Лепесованың ойыншықтары
©SZH.kz

Болашаққа деген жоспарлар

Ойыншық тіксем деген ойым бар. Жақында тігін машинасын аламын. Өйткені, ойыншықты тоқығанға қарағанда, тіккен тезірек. Соны байқап көргім келеді.

Сосын қаладан ойыншық сататын дүкен ашқым келеді. Оған қаражат жоқ. Өзіміздің Қазақстанда отандық ойыншықтарды қолжетімді бағада сататын дүкен болса, жақсы ғой, иә? Ашып алсам, сол жерде отырып алып, ойыншық тоқып отыра беретін едім (күліп).

«Даму» қорынан грант ұтып алдым»

2016 жылдың жазында «Даму» қорының грантына қатыстым. 15 шақты адам болдық. Содан бес адам үш миллион теңгеден ұтып алдық. Сол қаражатқа осы шеберханамды жасадым. Шкафтар, материалдар алдым. Қазір азайып қалды ғой – бәріне ойыншық тоқып тастадым (күліп). Сол жылы ИП аштым.

Тапсырыс берген кезде

Балалар ойыншықтарды көріп, әлеуметтік желілерде әр ойыншықтың бағасын сұрайды. Кейде жауап беріп үлгере алмай қаламын. Жалпы алғанда, күніне 2-3 тапсырыс түсіп тұрады. Ал, әншілермен келісіп, олар мені жарнамалаған кезде, күніне 10-15 тапсырысқа дейін түседі. Соңғы рет «Рэкетир» фильміне түскен Саят Исембаев жарнамалады, ертеңінде бірден 20 тапсырыс түсті. Көбі Майя арасын, Пингвин Пороро мен Қоянға тапсырыс берді.

Анар Лепесованың ойыншықтары
©SZH.kz

Бағасы

Менде бағалары 3 мыңнан 15 мыңға дейін. 3 мыңға ұзындығы 20 сантиметр болатын ойыншықтар келеді. Ары қарай көлеміне қарай бағасы да өсе береді. Бағаларды аспаннан алып қоя салмаймын (күліп). Қалай бағалау керектігін бухгалтер үйреткен. Қанша материал кетеді, олардың бағасы деген сияқты ойыншықтың өзіндік құны мен өзімнің еңбегімді есептеп, бірақ шығарамын. Әйтеуір, еңбегім ақталып жатыр. Дәрілеріме жетеді.

Күн сайын ішетін дәріні аурухана береді. Ал, қымбат дәрілерді өзім сатып аламын. Маған қажетті дәрілердің бағасы әртүрлі. Кейбіреулері 15 мың теңгеден тұрады. Көбінесе, дәрумендер ішемін. «Жас-ай» клиникасына жатып тұрамын. Онда емделу құны – он күн үшін 80 мың теңге. Ол тек мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана жасалатын жеңілдік. Негізгі бағасы – 110 мың теңге.

«Көмекші іздеп жүрмін»

Көмекшілерім болған. Олар ойыншықтардың киімдерін тоқиды. Сосын кейде жастық, балалардың бас киіміне тапсырыстар түседі. Соларды істеп береді. Кейде ойыншықтың аяқ-қолдары сияқты бөлшектерін жасайды. Оларға әр ойыншықтан түскен табыстың белгілі бір пайызын беріп отырамын.

Қазір көмекші іздеп жүрмін. Менімен бірге шеберханамда отырып істейтін адам болса жақсы болар еді. Өзім көрсетіп, көмектесіп отырар едім. Кейбіреулері үйден істеп әкелемін деп, алып кетеді де, басқандай қылып жасап алып келеді. Сосын оны түзету немесе мүлдем тарқатып тастау керек болады. Ал, ол артық жұмыс.

Анар Лепесова
©SZH.kz

Бұрын қалада шеберлік сыныптарын өткізетінмін. Қазір қайта-қайта қалаға баратын мүмкіндігім жоқ. Оның үстіне шеберханам да осы Ақсайда. Алыс болғандықтан көп адам келмейді.

Қалаға көшу туралы ойым бар. Универсиадаға салынған үйлерді тұрғын үй ретінде беріп жатыр ғой, соған кезекке тұрғанмын. Егер маған беріп қалса, жақсы болар еді. Шеберханам қалада болар еді (күліп).

«Брендтік пакет жасаттым»

Бұрын ойыншықтарды «Магнумның» целлофандарына салып беретінмін. Бірақ ыңғайсызданатынмын. Қазір қағаз шығаратын Adanaz деген компанияға сыртына «Игрушки от Анарик» деген жазуымен арнайы қағаз пакеттер жасаттым. Олар маған үш айға тегін сертификат берген. Әзірге тегін, әлі ақшаға жасаған жоқпын. Мерзімі біткен соң көреміз, келісеміз (күліп).

Анар Лепесованың ойыншықтары
©SZH.kz

Тапсырысты жеткізу

Тапсырысты курьермен жеткізіп беремін. Бағасы Алматы қаласы бойынша 660 теңге, ал басқа қалалар үшін 1400 теңге. Бұрын Exline-мен жұмыс істейтінмін, бірақ олардың жұмысы ұнамады. Жауапсыз болды. Алып кеткен тапсырысты жеткізбей жүріп алатын. Қазір «Алем ТАТ»-тың қызметін қолданамын. Олар жеткізіп берген ақысын тапсырыс берушіден алады. Шеберханадан келіп алып кетуге де болады.

Ойыншық алғанда неге мән беру керек?

Ең бастысы ойыншық зиян болмауы керек. Сосын қазір ойыншық көп қой. Ішіне қалған-құтқан материалдар салып қояды, қандай да бір сым темірлер шығып тұрады. Сондай болмаса. Мысалы, өзімнің ойыншықтарымды мақтап қояйыншы (күліп). Ешқандай зияны жоқ. Кәдімгі жіптерден тоқылған. Іштерін синтепон, холлофайдермен толтырамын. Олар жуған кезде басылып қалмайды, қайтадан үрпиіп шығады. Бұларды көбінесе жастық жасағанда қолданады.

Сосын қазір қорқынышты ойыншықтар көп қой. Олар да балалардың психикасына әсер етеді. Неге керек олар? Бір қолы жоқ, саусағы жоқ ойыншықтар. Алайда, қазіргі балалар оларды мультфильмдерден көре-көре сұранысы да көп болып кетті ғой. Тіпті өзім де жасағанмын. Бір ата-ана кішкентай баласына  компьютердегі ойындарда болатын «Джордж аюын» жасап беруімді сұрады. Түрі сондай қорқынышты. Соны өзім істедім де, өзім қорқып кеттім ғой (күліп). Тек ақшадан қысылған кезде болмаса, ондай тапсырыстарды үнемі ала бермеймін. Негізі тапсырыстарды туған күнге жасатады.

Анар Лепесова
©SZH.kz

«Маған қол ұшын созғандар»

Нұртас Адамбай көп көмек жасады. Аукцион жасап берді, ойыншықтар жасатты. Сосын Әсел Садуақасова осы 2017 жылдың Жаңа жылында 300 мың теңгеге тапсырыс берді. Қыс бойы сол кісінің тапсырысын жасаған шығармын (күліп). Оның үстіне «Арнайы бірдеңелерді жасап қиналмай-ақ қойыңыз, өзіңізге қайсысы оңай, соларды жасап берсеңіз болады»,- деді. Сондай-ақ, өзінің «Келін де адам» фильмінің тұсаукесеріне шақырды.

Қазақстандағы медицина туралы бірер ой

Ештеңе айта алмаймын. Себебі, олар үнемі бір ғана ем түрін қолдана береді. Мысалы, мені гормондық дәрілермен емдей береді. Үнемі солай. Жаңа ештеңе жоқ. Емделіп шығасың, үйге келесің, дәрінің әсері бір аптаға ғана жетеді. Көп ауруларды емделіп бітпей, шығарып жібергенін де көрдім. Біздің жақтағы медицинаға көңілім толмайды менің. Бәрін айта да алмаймын. Егер айта беретін болсам, келесі жолы олар мені емдемей қоюуы мүмкін (күліп). Ал, мен өмір бойы ауруханаға барып тұратын адаммын. Үндістанға барғанда да толық жазылып кетпеймін ғой. Тек осы жағдайымды сақтап тұруға жәрдемдеседі. Яғни, аурудың асқынып кетуінің алдын алады.

«Өзім мен отбасым туралы»

Орал Таңсықбаев атындағы колледжге дизайнер мамандығына оқуға түскенмін. Алайда, денсаулығыма байланысты тастап кеттім. Қазір жасым 32-де. Үйде әкем, анам үшеуіміз тұрамыз. Төрт ағайындымыз. Үш әпкем де тұрмыста, жұмыстары бар. Әкем аурухананың көшесін сыпырады, анам үй шаруасында. Үйде тоқымаға қызығатын мен ғана.

Автордан:

Анар  «кім маған көмек берер екен?» деп қарап отырған жоқ. Жай ғана тоқыған ойыншықтарының өткенін қалайды. Ендеше теңіздің тамшысындай үлесіңіз болсын, ақшаңыз да құр кетпейді, ойыншық сатып алыңыз. Оған төмендегі желілер арқылы тапсырыс беруге болады:

Сұхбаттасқан Әсел Сарқытсуреттер  Ақжарқын Қыдырханова

Материал ҚР Заңнамасына сәйкес қорғалған. Барлық авторлық құқықтар SZH.KZ интернет-порталына тиесілі. Материалдың кез-келген бөлігін көшіру, тарату үшін редакцияның жазбаша рұқсатын алу қажет.