Қазір жасанды интеллект қарқынды дамып, тіпті реформа жасап жатыр. Ол кей адамның жұмысын жеңілдетсе, кейбірінің жұмысын құнсыздандырып жібере алады. Әрі қоғамда жасанды интеллектінің функциясына қатысты түрлі пікір айтылып жүр. Жасанды интеллектінің реформасы шығармашылық жолында жүрген адамдарға да әсер етеді. Алматыда жасанды интеллектінің ықпалы туралы «Зерайна» стратегиялық ойыны өтті. Ойын кезінде өнер және жасанды интеллект эксперттері жаңа технология өнерге қалай әсер ететінін талқылады.
Ойынның форматы ерекше болды. Іс-шараға актерлар, бишілер және суретшілер қатысты. Бишілер ойында болып жатқан жайттарды іс-қимылмен, актерлар мимикасымен, ал суретшілер сурет салып түсіндірді. Осылай, әр сала өкілдері жасанды интеллект туралы көзқарасын жеткізді.
Стратегиялық ойынды осындай ойындардың авторы, коуч Людмила Бурлаченко ұйымдастырды. Оның айтуынша, бұл ойын жасанды интеллект, оның болашағы, ертең өнерге қалай әсер ететіні жайлы ой-пікір қалыптастыруға көмектеседі.
Қатысушылар айтылған ой-пікірлерге қарай жасанды интеллектіні қалай дұрыс қолдану керек екенін де айтты. Көрермендер ой-пікірін бөлісе алды.
Людмила Бурлаченкоға бұл ойынды ұйымдастыруға режиссер Игорь Макаров көмектескен. Ол іс-шараға актерларды, бишілерді және суретшілерді қатыстыруды жөн санапты. Өйткені олар көрерменге ерекше әсер беріп, іс-шараны қызық ете түседі.
Ойында бұл мамандармен қоса модераторлар да болды. Модераторлар көрерменнің ой-пікірін параққа жазып, соны қатысушыларға оқып беріп отырды. Осылай, қонақтар қатысушылармен бірге ой-талқыға қосыла алды. Модератор Жадыра Мырзағылованың сөзіне қарағанда, көрермендердің ой-пікірі әртүрлі болды.
Бір көрермен суретшілердің болашағы туралы пікір білдірді. Ол суретті не жасанды интеллект салғанын, не адам салғанын ажырата алмауымыз мүмкін екенін айтқан еді. Сөйтіп «Оның критериі, белгісі қандай болады?» деген сұрақ туындады. «Уақыт өте келе жасанды интеллектінің еңбегі жоғары бағалана ма, әлде адамның еңбегі ме?» деген сауал да қалыс қалмады, — дейді Жадыра Мырзағылова.
Оның сөзіне қарағанда, кейбір көрерменді «жасанды интеллект адамның ойлау қабілетін, оның сана-сезімін жаулап алуы мүмкін» деген ой алаңдатады. Ал енді бірі жасанды интеллект адамның орнын баса алмайды деп түйді.
Көрермен Ян Благовтың айтуынша, болашақта жасанды интеллектінің арқасында нағыз өнердің құны өседі. Себебі көп сурет жасанды интеллект арқылы салынып, қолдан салынатын суреттердің саны азаяды да, олар құнды бола түседі. Дегенмен суретшілер картинаны өзі салғанын дәлелдеуге мәжбүр болуы мүмкін.
Қазір жасанды интеллект салған кескін адам қолымен салған суреттен айнымай қалып жатыр. Жасанды интелллект салған картинаны суретші өзінің салған суреті ретінде ұсынып, әділетсіздік болуы мүмкін. Сөйтіп суретші картинаны өзі салғанын дәлелдеу үшін сурет салып жатқанын видеоға түсіруге мәжбүр болатын шығар, — дейді ол.
Жасанды интеллект бойынша әзірлеуші Елена Чурсинаның айтуынша, жасанды интеллект біздің өмірімізге, өнерге ене береді. Технология саласы түсініксіз әрі қауіпті болғанымен, адамзат оны дамыта түседі.
Жасанды интеллект қазіргі шығармашыл мамандардың, мысалы, дизайнердің, суретшінің жұмысын жеңілдетеді әрі олардың қажеті азаяды. Мәселен, жасанды интеллектіге картинаны сипаттап берсең, бір-екі секунд ішінде дайын сурет ұсынады. Дегенмен бұл мамандықтардың орнына жаңасы пайда болады, — дейді Елена Чурсина.
Оның сөзіне қарағанда, болашақта шығармашылық пен технологияны бірге алып жүре алатын мамандар қажет болады. Олар жасанды интеллектімен жұмыс істей алуы керек. Адам жаңа құралдарды үйренуден бас тартса, кәсіби тұрғыда дамымай қалуы мүмкін.
Елена Чурсина жасанды интеллект пайда болғаннан кейін авторлық құқық мәселелері туындағанын айтты. Бұл Италияда ChatGPT-ге тыйым салынған себептердің бірі болған, ол жақта тіпті жазушылар мен актерлар ереуілге шыққан. Жақын арада бұған байланысты заң қабылданып, проблема шешілуі керек.
Қазір жасанды интеллект жол қозғалысы ережелерінсіз жүретін көлікке ұқсайды. Уақыт өте келе ережелер де пайда болуы қажет, — дейді ол.
Еленаның сөзіне қарағанда, адамдар жасанды интеллект өнімдеріне сөзсіз сенеді. Оның ақпараты қаншалық дұрыс-бұрыс екенін тексермейді. Болашақта жасанды интеллект арқылы адамға қысым жасау үшін оған жеке психологиялық шабуыл болуы мүмкін. Мұның бәрі адамзатқа қауіп төндіреді. Сондықтан жасанды интеллектіні қолдануға қатысты заң қабылданып, нормалар бекітілуге тиіс.
Жасанды интеллектіні шығармашылық шабыт жоқ кезде қолдануға болатын сияқты. Шығармашыл адамға мұндай жағдайдан шығуға жасанды интеллект көмектесе алады. Қазірдің өзінде кейбіреулер ойын жинақтап, мәтін жазу үшін ChatGPT қолданып жүр, — дейді ол.
Эксперттің айтуынша, жасанды интеллект музыка саласында да пайдасын тигізуі мүмкін. Мысалы, ол ән әншінің тыңдармандарына жететінін-жетпейтінін анықтап болжауы ықтимал.
Форсайтер Евгений Виноградовтың айтуынша, жасанды интеллект біздің өмірімізге қалай әсер ететіні әзірше белгісіз. Мұны форсайтерлер зерттеп, болжам жасағаннан кейін тұжырым шығаруға болады.
Жасанды интеллект — аспап. Кім көп аспапта ойнай алса, сол жасанды интеллектіден көп пайда алады. Жасанды интеллектіден суретшілер емес, копирайтерлер, дизайнерлер қорқуы керек. Оларға жасанды интеллект дамыған сайын қиын болады. Жалпы, жаңа технологияның дамуын бақылаған өте қызық. Болашақта не болатынын көрейік, — дейді ол.
Жасанды интеллект саласының эксперті Андрей Симонов жасанды интеллект суретшілердің, музыканттардың, дизайнерлердің күнделікті тапсырмаларын автоматтандырып жатыр. Мысалы, жасанды интеллект суретшінің айтқан бөліктерін салып беріп, дайын сурет шығарады. Музыканттың орнына әуендерді қосып өңдей алады. Бұл шығармашыл адамдардың шабыттануына, идея ойлап табуына ден қоюға мүмкіндік береді.
Болашақта жасанды интеллект өнер туындыларын сынап, оны қалай жақсарту керек екенін айта алуы мүмкін. Бұл суретшілерге кері байланыс алып, жұмыстарын жақсартуға мүмкіндік береді, — дейді Андрей Симонов.
Мысалы, театр актеры Артур Асланян жасанды интеллектіні жұмысында көп қолданады. Мысалы, әлеуметтік желідегі қойылым туралы постын ChatGPT жазып берген. Бірақ ол жасанды интеллект сценариді нашар жазатынын айтты.
***
Тағы оқыңыз:
Қазақша чат-бот, адам санайтын камера – жасанды интеллект арқылы іске асқан жобалар