Музыка — адамның эмоциясына, санасына әсер ететін идеологиялық құрал. Кейінгі жылдары Қазақстандағы жас әншілер сапалы, қазақша әндер жазып, айтып жүр. Әсіресе, тіл, тарих, саясат, ұлт тақырыбын қозғайтын әндер танымал болып жатыр. Сөйтіп жастар арасында қазақша әндерді тыңдау кәдімгі трендке айналды. Музыкатанушы Мерей Сембай ауқымды мәдени бетбұрысқа ықпал еткен әндердің мағынасы мен әуенін талдап берді. Маман мұндай музыка тыңдармандарға қалай әсер етіп жатқанын да айтты.

Мерей Сембайдың айтуынша, қазір қазақ әндері экспериментке толы. Кез келген жанрда айтатын әншілерді, әндерді табуға болады. Қазір джаз, soul, RB, рэп, блюз, электрон музыка жанры танымал болып жатыр. Оған қоса ескі өлеңдерді жаңаша өңдеу тендценциясы белең алды. Мәселен, әншілер қазақтың ескі әндерін loung, bossa nova стилінде де айтып жатыр.

Музыкатанушы Ninety one тобының, Мархаба Сәбидің, Мирас Жүгінісовтің және Yenlik-тің әндерін талдады.

Ninety one тобы

Ninety one тобы туралы айтпастан бұрын, топтың негізін қалаған продюсері  Ерболат Беделханның еңбегіне тоқталу керек. Осы топты құрған кезде продюсердің басты мақсаты елімізде жоқ поп-музыка нарығын бастау еді. Сол уақытта музыка нарығы той бизнесімен ғана шектелген.

Ерболат Беделхан қазақ тілінде жастардың жүрегін жаулап алған топ шығарды. Мұның ең үлкен артықшылығы — жастар шетелдің әншілерін тыңдап, солардың аудиториясын толтырғанша отандық топқа назар аударды.

Алғашында адамдар топтың әніне емес, өздеріне қарсы болды. Уақыт өте келе Ninety one өзін кәсіби деңгейдегі топ ретінде көрсетіп, талай нәтиже көрсетті. Қазақша сөйлемейтін жастардың қазақ тіліне деген махаббатын аша алды. Сонымен қатар олар басқа музыканттарға жол ашып, қазақ тіліне дем берді.

Мерей Сембай. Музыкатанушы
Мерей Сембай. Фото: Жақсылық Аяулым/Baribar.kz

Ninety one тобының «Jur mapelep» әнінің әуені мен өлеңі француз музыкасына, тіліне ұқсап айтылады. Бұл — Ninety one тобының іздемпаздығын, тапқырлығын, шығармашылығының бірегейлігін көрсететін әндердің бірі.

Мәтінінде әлеуметтік тақырып қозғалады. Отбасындағы психологиялық күйзелістен шығу, адамдардың қарым-қатынасы туралы айтылады. Ел аузындағы «Үй болу қиынды» «Қиын болу үй» деп сөздердің орнын алмастырады. Осы бөліктің өзінен-ақ мынаны байқау керек: топ барлық таптаурыннан аулақ болғысы келеді.

«Bari biled» әнінде әлеуметтік және саяси проблемалар көтерілген. Олардың ішінде суицид, ақпараттық соғыс, экологияның ластануы, сөз бостандығы, адамды қорлау бар. Өлең әдеби тілде жазылмаса да, мағыналы, астарлы. Адамның өз-өзіне, қоршаған ортаға жауыз екені айтылған. Бейнебаяны да өте сапалы, әдемі шыққан.

Ninety one бұл ән арқылы әлеуметтік проблемаларды барынша жұмсақ жеткізгені көрініп тұр. Қорқынышты заттарды эстетика түрінде көрсетіп, адамдарға үлкен ой салады. Бейнебаянда артық декорация жоқ. Бәрі өз орнымен, әрбір проблеманы жіктеп, белгілі бір ой жеткізіп тұр.

Мархаба Сәби

Еліміздің қазақы болмысын көрсететін әнші — Мархаба Сәби. Оның әндерінің бір ерекшелігі қазақы музыканың атмосферасына бөлейді. Оның әні де, даусы да жағымды, бірқалыпты айтады. Әнін тыңдағанда адамның жан-дүниесі жайлылық сезініп, іштегі қақтығыс тынышталады.

Мархаба Сәбидің даусы кең диапазонды әнді айтуға жетеді. Алайда оның стилі — қазақтың кең даласында тербеліп отыратын жайлы әндер. Даусын естігенде бесік жырын тыңдағандай боласың.

Мерей Сембай. Фото: Жақсылық Аяулым/Baribar.kz

Мархаба Сәбидің «Qazaqsha» әніне тоқталайық. Бұл әннің жалпы мағынасы «болмысым да, өзім де, тамырым да, жан-дүнием де қазақша» деп тұр. «Құлағымда қазақша ән, тамырымда қазақы қан, кеудемдегі қазақы жан» деген әннің сөзі мұны айқын көрсетеді. Мұны патриоттық әнге жатқызамыз. Оған қоса бұл ән нағыз қазақ болуға итермелейді.

«Qoi, kursinbe» әніне келейік. Бұл әнді естігенде бірден әжелердің айтқан ақыл-кеңесі, берген тәрбиесі мен жылуы еске түседі. Әр шумағында осы күнге деген тәубе, қазақы тәрбие байқалады. Мархаба Сәби ән арқылы өз екпініде, стилінде күш-жігер беріп, адамның жанын жұбатады. Тығырыққа тіреліп, күйзеліске түскен адам сабырға келетіндей.

Бұл — хитке айналған ән. Себебі өлең мен әуені өте жайлы әрі жеңіл. Қайталанатын өлең шумақтарының сөзі есте жақсы сақталып, ерекше әсер береді. Хит әндердің басты критериінің бірі — сөзінің жадта жатталып қалатыны. Сөздердің айтылуы да, мағынасын түсіну де жеңіл. Психологиялық тұрғыда да, музыка жағынан да ән жақсы жазылған.

Мирас Жүгінісов

Мирас Жүгінісов әндері арқылы рухани құндылықтарын жастарға жеткізіп жүр. Әнші дауыс тембрінің әдемі, диапазоны кең екенімен және әндерін түгел өзі жазатынымен ерекшеленеді.

Оның даусын, ырғағын естіп, тыңдарман эстетикалық ләззат алады. Сонымен қатар Мирас Жүгінісов көбіне лирикалық әндер жазады. Оның әндерінің темпі Мархаба Сәбидікіне қарағанда жылдамырақ.

«Зымыран» әні махаббат туралы. Бұл бес буыннан тұратын, өлеңі жеңіл ән. «Қолымнан ұста, ұшам десең алысқа, сезім — зымыран, құлаштайды ғарышқа» — Мирас Жүгінісов осы тіркестер арқылы махаббат сезімінің беріктігін жақсы сипаттады.

Мәселен, тез ғашық болған адамның сезімі зымырандай жылдам болса да, биікке апарады. «Сезімі тез ашылса да, алысқа ұшамыз» деген мағынаны әдемі жеткізген.

«Жанамын» әні әуен жағынан да, өлең жағынан да «Зымыраннан» гөрі күрделі. Бейнебаян мен әннің мағынасы әртүрлі болса да, екеуі де маңызды ой айтады. Бұл ән адамның көңіл-күйімен «ойнайды». Себебі әннің темпі бір көтеріліп, бір түсіп отырады.

Әндердің әуені көбіне жайлы әрі жеңіл басталады. Бірақ мұнда әннің тақырыбын, мағынасын бірніші нотадан бастап байқауға болады. Қайырмасы басталған кезде, әуеннің темпі жылдам, көңілді, ойнақы бола бастайды. Одан соң «Ак пенен кара, от пенен ауа» деген жерде әуен қайтадан бірқалыпты, мұңды, кішкенке ауырлау темпке ауысады да, ән жылдам, көңілді темппен аяқталады.

Мұнда өлең мен әуен бір-біріне сәйкес келеді. Сөзі ауыр болған жерде әуен бәсеңдейді, ал жұбататын сөздерде әуеннің темпі өзгереді. «Біресе жанамын, біресе сөнемін, мың қалыпқа түсіп өзгеремін.

«Біресе жанамын,
Біресе сөнемін.
Мың қалыпқа түсіп өзгеремін.
Біресе жазамын,
Өшіріп, сызамын
Мың сұраққа жауап іздегенім.
Біресе қызамын, біресе тозамын
Дос болам өзіме, жау боламын.
Ұрысып, керісіп,
Сөйлесіп, келісіп,
Қайтсем шындығыма
Жетіп құлармын?..»

Мына өлең жолдары өмірде адамның сезімі, өмірі құбылмалы болғаны қалыпты жағдай екенін түсіндіріп жатыр. Ән жолдары көңілді темппен шырқалады.

Yenlik

Еңліктің әндерінің стилі ерекше. Себебі оның әндері басқаларға қарағанда «мінезді». Мәселен, Еңлік RnB стилінде рэп оқиды. Оның әндерінің әуені көбіне заманауи, хип-хоп стилінде, би билеуге шақырады. Оған қоса Еңліктің әндері тыңдарманның көңілін көтереді. Өлеңі күйзелісті, жалпы, өмірдің мәнін, қиындығын айтып түсіндірмейді. Әндері жеңіл. Сондықтан оны тыңдармандар жақсы көреді.

«Dop» әнінен баланың анасын қолдағаны, жұбатқаны сезіледі. Мысалы, «Мама, мама, енді күнде-күнде гүл шығады, ісің оңнан реттеледі, ісің оңалады, далада жүреді балаң добы домалап» өлең жолдарында балалық көңіл байқалады. Уайымсыз баланың проблемаларға жеңіл қарап, сол жеңілдікті анасына жеткізгісі келетіні білінеді.

Еңліктің стилі заманауи болса да, әнінен қазақылық, әншінің шын болмысы, мінезі сезіледі. Мұны оның «Bir kem dunie» әнінен байқауға болады. Әннің ерекшелігі — өлеңде қазақтың нақыл сөздеріне, мақал-мәтелдеріне, жалпы, әдебиетке сілтеме жасалуында. Мысалы, әнде «он бәленің тоғызы тілден» деген нақыл сөз қолданылған.

Оған қоса өлеңіндегі «Көксеректердің ұлуына еріп кете бересің-ау ұдайы» деген жолдарда Мұхтар Әуезовтің «Көксерек» повесін еске алыпты. Сонымен қатар әннің атауы Шерхан Мұртазаның «Бір кем дүние» кітабының құрметіне аталғандай.

Музыкатанушының айтуынша, Еңлік жасөспірімдерге ақын жазушылардың сөзін осы ән арқылы жеткізіп, талай ақыл-кеңес берді. Еңлік бір стильде тоқтап қалмай, түрлі эксперимент жасап жатыр. Рэптен бөлек «Мен деп ойла» деген лирикалық әннің каверін айтады.

***

Тағы оқыңыз: 

Õzen, Shotal, Uya. Қазақстанда қандай лейблдар бар?