Биыл жүргізуші куәлігін алуға қатысты ережелерге өзгерістер енді. Ол қандай өзгеріс? Жаңа ереже не үшін қажет? Ол несімен тиімді? Көлік жүргізу бойынша нұсқаушы Бекбосын Қожахметов түсіндірді.

Бекбосын Қожахметовтың айтуынша, жүргізуші куәлігін алуға қатысты ережеге бірнеше өзгеріс қосылды. Соның бірі — биометрия тексерісін күшейту. Енді куәлік алғысы келетін адам емтиханға кірер алдында Egov.kz арқылы биометрия тексерісінен өтеді. Одан өте алмаса, жарты жылға емтихан тапсыру мүмкіндігінен айырылады.

Бұған дейін куәлік аламын деген кейбір адам электрон үкіметі порталы арқылы биометрия тексерісінен өзі өтетін де, емтиханға өзінің орнына басқа адамды кіргізіп жіберетін. Енді олай істеуге мүмкіндік жоқ, — дейді нұсқаушы.

Бекбосын Қожахметов. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Екіншіден, теория жүзіндегі емтихан өтетін сыныптарға бейнебақылау камералары орнатылады.

Бұл шаралар жемқорлықпен күресу үшін жасалып отыр, — дейді ол.

Бекбосын Қожахметовтың айтуына қарағанда, теория немесе тәжірибе сынағынан өте алмаған адам ертесі келіп, емтиханды қайта тапсыра алады. Екінші мүмкіндіктен жолы болмаса, бір айдан кейін ғана тапсырады.

Кейбірі теория жүзіндегі емтиханнан сәтті өтіп, тәжірибе сынағынан қиналып жатады. Осындай жағдайда мына нәрсені ескеру қажет: жүргізуші куәлігіне үміткер үшінші мүмкіндіктен кейін де тәжірибе түріндегі емтиханнан өте алмаса, теориялық тестінің нәтижесі автомат түрде күшін жояды. Бұдан кейін ол адам жүргізуші куәлігін алу үшін емтиханды екі айдан соң ғана тапсырады.

Елдегі жол ережесі, емтиханға берілетін уақыт тәртібі, тестінің сұрақтары өзгермеді. Тек сынақтан өту ережесі сәл өзгерген. Әрине, жаңа өзгерістер тест тапсыратын адамға психология тұрғысынан қиын болуы мүмкін. Бірақ жол ережесін білетін, көлік жүргізе алатын адамға бұл өзгерістер ешқалай әсер етпейді, — дейді нұсқаушы.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Сонымен қатар жүргізуші куәлігін алғысы келетін адамның автомектепті бітіргенін растайтын сертификаты болса, ол емтиханды шексіз, яғни жүргізуші куәлігіне ие болғанға дейін бірнеше мәрте тапсыруға мүмкіндігі бар. Бірақ сертификатты алғанына екі жылдан көп болмауы керек.

Автомектепте көлік жүргізудің, оның тұраққа дұрыс қоюдың барлық ережесі, белігісі бар. Ал күнделікті өмірде, қалада барлық адам жол ережесін қатаң сақтай бермейді. Бекбосын Қожахметовтың айтуынша, жүргізуші күәлігін алатын адам тәжірибе сынағында осындай жағдайларға тап болғанда не істеу керек екенін үйренеді.

Жүргізушінің көбі теорияны жақсы біліп, практика сынағынан өте алмай жатыр. Мысалы, олар қалада көлік жүргізгенде сасқалақтап, ережені көп бұзады. Ал жаңа өзгерістер, тәжірибе сынағын қатаңдату — жүргізушілердің машығын жақсарту үшін тиім әдіс, — дейді Бекбосын Қожахметов.

Оған қоса нұсқаушы жүргізуші куәлігіне үміткерлер тәжірибе сынағы кезінде қалада көбірек көлік айдаса, машығы жақсарып, елдегі жол апаты азаятынын айтады.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz
Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz