Жасанды интеллектінің кейінгі жылдағы тағы бір жетістігі — ChatGPT. Бүгінде оны көбі кеңінен қолданып жүр. Бірі ол арқылы диплом жұмысын, енді бірі код, контент-жоба жазып жүр. Енді біреулер өзіне қажет ақпаратын ChatGPT-ден лезде тауып алады. Ал ІТ маманы Ерболат Мәмен өзінің командасымен бірге қазақстандықтарға қолдану ыңғайлы болуы үшін ChatGPT-дің қазақша нұсқасын әзірледі. Baribar.kz тілшісі маманмен KazChatGPT-дің мүмкіндіктері және жалпы жасанды интеллектінің болашағы туралы әңгімелесіп қайтты.

ChatGPT қалай қазақшаланды?

KazChatGPT — қазақ тілінде жұмыс істейтін жасанды интеллектінің бір құралы. Оны түрлі ІТ жобалармен айналысатын QazaqSoft компаниясы әзірледі. Компанияның негізін Ерболат Мәмен қалаған.

Осы күнге дейін біздің компания жасанды интеллект базасы негізінде біраз жоба жасады және әлі күнге дейін жасап келеді. ChatGPT шыққан соң біз оны бірден тәжірибе жүзінде қолданып көрдік. Ағылшын тілінде, орыс тілінде жақсы жұмыс істейтінін байқадық, бірақ қазақша нұсқасы жоқ. Содан командамызбен бірге бұл құралдың қазақша нұсқасын жасауды жөн көрдік. Әдетте кей жобаны тапсырыс бойынша істейміз. Дегенмен нақты осы KazChatGPT-ге өзіміз қызығып, ешкім тапсырыс бермей-ақ әзірледік. Қазақ тілін дамытуға қосқан үлесіміз болса дейміз, — дейді Ерболат Мәмен.

Ерболат Мәмен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

ChatGPT-дің қазақша нұсқасы да дәл түпнұсқасы сияқты. Қолданушы қазақ тілінде сұрағын жазады, құрылғы бірнеше секундта жауап береді. Кейін ол мәтінді көшіріп алуға мүмкіндік бар. Қазір қолданбаның демо-режимі істеп тұр. Оны App Store-дан немесе Play Market-тен жүктеуге болады.

KazChatGPT арқылы сұрағыныңның жауабын табуға, диплом жұмысын, диссертация, ән, өлең, контен-жоба жазуға болады. Әрине, сіз қалағандай мінсіз жазып бермеуі мүмкін, дегенмен жақсы оқитын мектеп оқушысының жұмысындай ақпарат тауып беретіні анық, — дейді ол.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

KazChatGPT-дің тағы бір ерекшелігі — әр қолданушының сұрағына жеке-жеке жауап беретіні, яғни жасанды интеллект бір қолданушыға берген ақпаратын екіншісіне көшіріп бермейді. «Плагиат болады» деп уайымдаудың қажеті шамалы.

Дегенмен мынаны ескерген жөн. Мәселен, студент өзіндік немесе диплом жұмысын KazChatGPT арқылы жазды делік. Оқытушысы не жетекшісі оның мәтінін қолданбаға салып, жасанды интеллектіден «Мына мәтінді сен жаздың ба?» деп сұраса, ол өзінің жазғанын айтып береді, — дейді маман.

Десе де, Ерболат жасанды интеллектіде, оның ішінде ChatGPT-дің кез келген нұсқасында фактчекиң сүзгісі жоқ екенін айтады, сол себепті қолданушы ақпаратты өз бетімен тексеріп отырғаны жөн.

Бұрын Google-ға сауалымызды жазып, бірнеше бетті парақтап, әр сілтемені басып, ақпарат алатынбыз. Ал қазір ChatGPT-ға дәл сол сауалды қойсаңыз, ол өзі сіздің сауалыңызға қатысты Google-да бар ақпаратты шолып, топтастырып, бір ой түйіндеп шығарып береді, бірақ ол мағлұматтың рас-өтірігін тексеріп отырмайды. Сондықтан адам маңызды құжат, мақала жазғанда деректерді өз бетімен тексергені, сенімді дереккөздерден алғаны абзал, — дейді Ерболат.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

KazChatGPT-ге қазақ алфавиті енгізілген, сол себепті қолданба қазақ тілінде таза әрі сауатты жазылған сұрақты ғана түсінеді.

Кейбірі «Қолданба істемей тұр» деп шағымданады. Мәселені қарап, шешуге тырысамыз. Сол кезде көп байқағанымыз сол, адамдар әлеуметтік желідегідей қазақтың «қ», «ң», «і», «ұ» әріптерін қолданбай, қате-қате жазады екен. Мысалы, кейбірі «бүгін», «сіз» дегенді «бугин», «сиз» деп жазады. Ал оны жасанды интеллект түсінбей, дұрыс жауап қайтара алмайды. Сол себепті өзіміздің төл әріптерді қолданып жазуға кеңес беремін. Ал одан бөлек басқа да ақаулар болса, бірден түзеуге тырысамыз, — дейді Ерболат.

Ерболат Мәмен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ерболат Мәменнің айтуынша, бүгінге дейін қолданбаны 27 мыңнан астам IOS қолданушысы, 466 Android қолданушысы жүктеген.

Өкінішке қарай, Қазақстанның осы саладағы нарығы шағын, оның ішінде қазақ тілінде сөйлейтін азамат аз. Ал бұл қазақ тіліндегі ІТ саласының дамуына кедергі келтіріп отыр. Дегенмен қазақ тілін қолданатындардың көбейіп жатқанын да айтқан жөн. Олар көбейген сайын қазақша жобалардың саны артады. Мысалы, осы қолданбаға сұраныс артса, оны әрі қарай дамытуға дайынбыз, — дейді ІТ маманы.

Сонымен бірге ол ChatGPT-дің қазақша нұсқасы жақсы жұмыс істеуі үшін қазақ тіліндегі сауатты, дұрыс жазылған ақпараттың көп болуы керек екенін айтады.

ChatGPT адамдарды «жалқау» етіп жібермей ме?

Дүниежүзі елдерінің, адамдарының жасанды интеллект, соның ішінде ChatGPT-ге қатысты пікірі екіге жарылды. Бірі мұны жаңа технологияның жаңа мүмкіндігі көрсе, енді бірі төнген қауіп санайды. Мәселен, «Терминатор» деген фильмнің авторы Жеймс Кэмерон машиналар адамзатқа қарсы көтерілсе, олар қару ретінде ядро бомбасын емес, дипфейкті таңдайды депойлайды. Ал әлемге әйгілі инвестор Илон Маск пен Стив Возняк жасанды интеллектіні дамытуды алты айға доғара тұруға шақырып отыр. Ал Нью-Йорктегі мектеп оқушылары мен оқытушыларына ChatGPT чат-ботын сабақ үшін қолдануға тыйым салынды. Олар енді оқу орнының құралдары мен желілері арқылы чат-ботты қолдана алмайды. Сонымен бірге жақында әлемге әйгілі Nature ғылыми журналы жасанды интеллект арқылы жасалған контент бар мақала мен зерттеуді басып шығармайтынын хабарлады. 

Дегенмен жасанды интеллект мүмкіндігін қолдайтындар да бар. Мысалы, Александр Жадан деген Ресей студенті жасанды интеллект арқылы бір тәулікте диплом жұмысын жазып шыққан. Ол жасанды интеллекті құрылғысынан диплом жоспарын құрып беруін, кейін мәтінді жазып беруін сұраған. Жұмыстың бірегейлігі 82% деңгейін көрсетіп, плагиатқа қарсы тексерістен сәтті өткен. Оқытушылар студентке “қанағаттанарлық” деген баға қойған. Александр Жаданның айтуына қарағанда, ол диплом жұмысын жазуға бірнеше күн — диплом жазған уақытын ғана есептегенде 23 сағат жұмсаған. Алғашында университет басшылығы студенттің диплом жұмысын қабылдамайтынын мәлімдесе, кейін жасанды интеллект мүмкіндігін қолдауды жөн көрді.

Ерболат Мәмен де жасанды интеллектінің, ChatGPT-дің мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек екенін айтады.

Кезінде калькуляторды ойлап тапқанда да «Енді адамдар ақымақ боп кетеді» деп қауіптенгендер болды. Бірақ бүгінде керісінше, калькулятордың тиімді екенін, өмірді жеңілдетенін көріп отырмыз. Жасанды интеллект құралдары да дәл сондай деп ойлаймын. Дұрыс қолданған адамға пайдасы мол. Мысалы, мен университетте сабақ беремін. ІТ мамандығында оқитын студенттер код жаза білуі керек. Қазір басым бөлігі тапсырманы орындау үшін ChatGPT-ді қолданады. Меніңше, онда тұрған ештеңе жоқ. Мәселе баланың қолданғанында емес, өз бетімен код жазып-жаза алмайтынында. Мысалы, біз кейде кәдімгі қағаз қаламмен код жазғызамыз. Сол уақытта қай баланың шынымен білімі бар екені байқалады. Студенттің немесе басқа да адамдардың жасанды интеллект құралдарын қосымша құрал ретінде пайдаланғанында тұрған еш әбестік жоқ деп санаймын. Әрине, әрдайым емес, уақыт тапшы болғанда, қиналғанда, 10 сағаттап бір жауабын таппағанда неге қолданбасқа?! — дейді ІТ маманы.

Дегенмен ол жасанды интеллект құралдарын мемлекеттік деңгейде, әсіресе қарулы күштердің қызметіне енгізерде аса қырағы болу керек екенін ескере кетті.

Жақында АҚШ-та ұшақсыз ұшу аппаратына жасанды интеллектіні қосқан болатын. Оператор аппаратқа бағытты нұсқап отырған, бірақ жасанды интеллект дамып, оператордың бұйрығын ұнатпай, оған қарсы ата бастаған. Жасанды интеллект адам сияқты. Көп ақпаратқа ие болған сайын дами береді. Сол себепті мұндай маңызды мәселеде, әсіресе қаруға қатысты дүниелерде абай болу қажет. Жасанды интеллектінің қауіпсіздігі оған әлі дайын емес, — дейді Ерболат Мәмен.

Ерболат Мәмен. Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

***

Тағы оқыңыз:

IT-маман: ChatGPT мамандарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін