Қазіргі таңда қандай да бір ғылымды кітаптан ғана емес, әлеуметтік желі арқылы да үйренуге болады. Әлеуметтік желіде мамандар өзі істеп жатқан ғылым саласын түрлі әдіспен түсіндіруге тырысып жүр. Baribar.kz желіде ғылымның қыр-сырын айтып жүрген блогерлерді шолып шықты.

Ұлан Үсенов — @Wanna_be_teacher

Ұлан Үсенов, химик
Ұлан Үсенов. Фото жеке архивінен

Тиктокер, химия пәнінің мұғалімі Ұлан Үсенов оқушыларға химияны мектеп қабырғасында ғана үйретіп қоймай, әлеуметтік желіде ғылымды қызық етіп баяндап береді. Балаларға ақпаратты дұрыс әрі тиімді жеткізу үшін контентті аниме, әзіл-қалжың, музыка арқылы жасайды.

Басында Ұлан мырза химияны «Наруто» анимесі арқылы түсіндіре бастаған. Өйткені оқушылардың көбі осы анимені қызыға тамашалаған.

Одан кейін ол музыкалық контент жасай бастаған. Оған қоса химик тағы бір ерекше форматпен химияны түсіндіреді. Ол — пародиялық контент. Қандай да бір элементті жанды етіп бейнелеп, көзілдірік киген мұртты химиктің рөлін сомдайды.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Улан Усенов (@wanna_be_teacher)

Бұл видеода Ұлан Үсенов гелий туралы толық ақпарат ұсынады. Күн мен ғаламның 25%-і гелийден тұрады. Гелий – ежелгі гректің Күн құдайының құрметіне аталған химиялық элемент.

Нұрқожа Ерсайын — @Derekkoz.kz

Нұрқожа Ерсайын. Тарих
Нұрқожа Ерсайын. Фото жеке архивінен

Блогер Нұрқожа Ерсайын әлеуметтік желіде халқымыздың ежелгі аңыз-әңгімелерін түсіндіріп, тарих туралы қызық мәлімет ұсынып жүр. Нұрқожаның мәдениет пен тілді насихаттайтын Derekkoz деген жобасы бар.

Ол жерде түркі елінің тарихы мен мәдениеті туралы әңгімелейді. Бұл жоба әлеуметтік желінің екі платформасында бар — Instagram және YouTube.

Instagram-да қысқа әрі нұсқа деректер ұсынылса, YouTube-те автор тақырыпты толық ашып, бастан-аяқ түсіндіреді.

Көбіне Нұрқожа мырза түркітілдес елдердің әдет-ғұрпы, мәдениеті, тұрмыста қолданған заттары мен тарихта болған оқиғалары жайлы айтып береді. Оған қоса блогер тарихи жерлерге барып, әлеуметтік желіде онлайн экскурсия өткізеді.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от DEREKKÖZ (@derekkoz.kz)

Нұрқожа мырза нағыз қазақы былғары сауыт киімін киіп көрсетті. Оның айтуынша, жібек жейденің үстінен ішкі шапан киіледі. Одан соң нағыз былғарыдан жасалған арнайы киім мен сауыттың өзі киіледі. Батырлардың қабат-қабат киімі қозғалуға еш кедергі келтірмейді. Ал басына төбетей мен тымақ киеді.

@Jump2mars

Jump 2 Mars командасы
Jump 2 Mars командасы. Фото жеке архивінен

Бұл — ғылымның бірнеше саласын жан-жақты қамтитын жоба. Jump2mars командасы физика, математика, биология, химия, тарих туралы қызық фактілер айтады.

Jump2mars жобасы да бірнеше әлеуметтік желінің платформасында бар: Instagram, YouTube және TikTok. Бірақ парақшаларды бір адам емес, әр саланың мұғалімдері бірлесіп жүргізеді.

Олар контентті түрлі түсіндіру әдісін араластырып қолданады. Мысалы: екі адам арасындағы диалог, анимация, хуманизация (жансыз заттарды немесе жануарларды адам кейпінде бейнелеу — ред.) және тағы басқа.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от Jump 2 Mars (@jump2mars)

Бұл видеода күн жоғалып кетсе не болатыны жайлы айтылған. Күн жоқ болса, аспандағы жұлдыздар анық көрініп, ал ай мүлдем көрінбей қалады. Фотосинтез процесі тоқтап, өсімдіктер оттегі шығармай қояды. Жерді мұз басып, ауаның температурасы -40 градусқа дейін төмендейді. Планетамыз ғарыш кеңістігіне ұшып кетеді.

@DAA English

DAA English командасы
DAA English командасы. Арман Арғынбаев, Дмитрий Черкасов және Әділжан Анай. Видео скрині

Әлеуметтік желіде ағылшын тілін үйрететін контент көп болғанымен, қазақша контент салыстырмалы түрде аз. Ағылшын тілін қазақша түсіндіретін аккаунттың бірі — @DAA English.

Бұл жобаны Сүлейман Демирел атындағы университеттің үш мұғалімі Арман Арғынбаев, Дмитрий Черкасов және Әділжан Анай жүргізеді. Олар ағылшын тілін сапалы, қызық әрі түсінікті етіп түсіндіреді.

Көбіне олар өмірде қолданатын сөздер мен сөз тіркестерін баяндайды. Оған қоса команда ағылшын тілі курсын ашқан.

Жобаның авторлары білім насихаттайтын контентпен қоса шетелге сапар шеккенде лайф-контент түсіреді. Басқа елдің мәдениеті туралы айтып, саяхаттап жүргенде ағылшын тіліндегі жаңа сөздерді де үйретуді ұмытпайды.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от АҒЫЛШЫН ТІЛІН ҮЙРЕНУ (@daa.english)

Мұнда авторлар “Мен ерігіп жүрген жоқпын” деген фразаның ағылшыншасын үйретіп жатыр. Бұл фразаның екі аудармасы бар екен — «I’m not playing around» және «I’m not fooling around». Мысал ретінде олар фильмнің түрлі үзіндісін қолданады.

Алина Еркінқызы — @Dr_yerkinovna_ginekolog

Алина Еркінқызы. Гинеколог
Алина Еркінқызы. Фото жеке архивінен

Қазіргі заманда әлеуметтік желі медецина саласында жұмыс істейтін мамандар үшін өте тиімді. Пайдалы контент жасай отырып, адамдардың медицина саласындағы сауаттылығын артады.

Алина Еркінқызы Instagram-парақшасында гинекология туралы контент жасайды. Ол бұл салада кездесетін терминдердің мағынасын түсіндіріп, аурулар жайлы, аурудың алдын алу туралы, зардабы мен белгілерін айтып береді. Оған қоса дәрілерді жіктеп, қандай да бір ота қалай жасалынатынын баяндайды.

 

Посмотреть эту публикацию в Instagram

 

Публикация от МЕДИЦИНА ТУРАЛЫ БЛОГ (@dr_yerkinovna_ginekolog)

Бұл жерде фолий қышқылы немесе витамин В9 туралы айтылады. Фолий қышқылы жүктілік кезіндегі ең маңызды витаминдердің бірі болғандықтан, ол барлық кешенді препараттың құрамына кіреді.