1 қазан — Музыканттар күні. Атаулы датаға орай, Baribar.kz қазақстандық лейблдарды шолып шықты. Лейбл — артистермен келісімшарт жасап, оларға түрлі форматта ән, видео жазып, түсіріп беретін, оны тарататын компания немесе агенттік.

Õzen лейблі

Шиза, Еңлік, лейбл
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қарапайым видеограф Айзатулла Хуссейн өзінің жеке компаниясы болғанын армандаған. Қандай бағыттағы компанияны ашса да, атауын Õzen деп қойғысы келген екен. Себебі өзінің айтуына қарағанда, ол үшін бұл ұғым жай ғана өзен емес, бұл — ағын. Кейін өзінің бала кездегі музыка, ән жазу деген хоббиін кәсіпке айналдырып, лейбл ашқан. Лейблдің аты затына сай! Шынымен-ақ, оған талантты жастар ағылып барды.

Õzen көбіне рэп, хип-хоп жанрында ән орындайтындарды қолдайды. Мысалы, «Қап-қара Шымкент» деп айтқан Shiza, «Доп-домалақ» деп шырқаған Yenlik, бүгін мен ертең туралы рэп айтқан Кисло-Сладкий & Bonah — Õzen лейблінің артистері. Марқұм Darkhan Juzz де Õzen-нің әншісі еді.

Shine production

Баян Мақсатқызы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Қазақстанда «лейбл» деген сөз көп қолданылмай тұрып, құрылып қойған лейбл бар. Бұл — Shine production. Оның негізін белгілі продюсер Баян Мақсатқызы қалады. Оның артистері Ерке Есмахан, Жәния Джуринская, Сая Оразғалиева, Жанар Дұғалова, Кәмшат Жолдыбаева, Айдана Меденова, Мөлдір Әуелбекова, Жарқынай Ханайым сияқты әншілер болды. Баян Мақсатқызының орталығының ең үлкен жетістігі — КешYou тобы. Бұл топқа биыл 17 жыл толды.

Баян бұл топта өнер көрсеткен қыздарға қатал қарады. Олардың даусына, түр-әлпетіне аса мән берді. Нәтижесінде вокалы мықты, сұлу қыздар сахнаға шығып жүрді. 17 жылда топ құрамы өзгеріп отырса да, әрқайсы өзінше көрермен көзайымы атана алды. Shine production-да тек қыздар емес, ұлдар да болған. Мысалы, ол “Алау” деген бойз-бенд құрған. Жігіттердің “Гүл әпше” әні талай тойда шырқалды.

Бұл лейбл әншілерге ән жазады, бейнебаян, кино түсіреді. Бүгінде орталықтың әр артисінің, тобының бірнеше бейнебаяны бар. Оған қоса Баян Мақсатқызы “Осторожно, корова”, “Ғашық жүрек”, “Сиситай”, “Бақыт” және тағы басқа фильмдерді экранға шығарды.

Juz entertainment

Juz entertaiment Ерболат Беделхан
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ерболат Беделханның Juz entertainment-і Қазақстан шоу бизнесіне жаңа леп әкелді. Елде Q-pop жанры пайда болды. Тіпті, бұл жанрдың жанкүйерлері бір қауымдастыққа айнала бастады. Бұл лейблдің ең танымалы артистері — Ninetyone тобы. Иә, талай сынның астында қалса да, шығармашылығын тоқтатпай, қазақ музыкасына жаңа көзқарас әкелді. Дегенмен қазіргі таңда топ Ерболат Беделханмен де, орталықпен де жұмысын аяқтады.

Juz entertaiment-те Нейтрон, Рэй, Пен, Океан, Крошка деген артистер де бар.

Rin’Go World лейблі

Ринго тобы
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Кеше ғана “Ғашықпын жаным тек саған” деп ән шырқап жүрген Ringo тобының жігіттері де шәкірт тәрбиелейтін, басқалардың өнердегі жолын қолдайтын жасқа жетіп қалыпты. Бүгінде олардың Rin’Go World деген лейблі бар. Олар 2012 жылы Ayumi деген топты құрып, олардың шығармашылығын дамытқан. Жанды дауыста ән айтатын сұлу қыздар — түрлі халықаралық байқаудың лауреаты. Ringo’Go world құрамында болғанда топ бірнеше ән жазып, бейнебаян түсіріп үлгерді. Мысалы, кезінде олардың орындауындағы “Ол сен емес пе?” әні көпшілікке кеңінен танылды.

Оған қоса Juniors деген бойз-бенді де болған. Бұл топтың жігіттерінің сымбаты да, даусы да кәрістің K-поперларынан еш кем емес. Олар өзінің шығармашылық жолын осы лейблда бастаған. 2013 жылы топ жыл сайын Юрмалада өтетін “Новая волна” байқауында жартылай финалға өткен.

Shotal

Ұя лейбл музыка
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Скриптониттің Music36 лейблі жұмысын тоқтатқан соң, оған мүше болған өнер иелеріне тарқауға тура келді. Дегенмен оның құрамында болған, Niman деген атпен танымал Әнуар Баймұратов 2022 жылы жаңа лейбл ашып, әріптестерінің басын қайта біріктіруді ұйғарды.

Ол өзінің лейблін Shotal деп атады. Бұл орталық Индаблэк, Райымбек janbyr, Kali, Kreamm, Diwave, Niko 0 problem, Malcolm kush, Ayrys, Lyan сияқты әншілердің және Mura тобының шығармашылығымен айналысады.

Shotal лейблдің алғашқы жұмысы ретінде Niman-ның “Прайс” деген әніне түсірілген бейнебаянды таныстырды.

Uya (Ұя) лейблі

Ұя лейбл музыка
Иллюстрация: Бекзат Исамбергенов

Ұя — Қазақстандағы алғашқы электрон музыка лейблі. Бұл лейбл Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі жас таланттарға мүмкіндік беруді мақсат етеді.

Біз командамызға жаңа музыка биігін бағындырғысы келетін, елімізде және шетелде электрон музыканы дамытқысы келетін адамдарды белсенді түрде іздейміз, — делінген сайтында.

Қазіргі таңда оған Rogich, Orkenn, Sakko және тағы басқа артистер мүше. Оған қоса лейбл серіктестерімен бірге кэмп, фест, кеш сияқты түрлі іс-шара ұйымдастырады.