Шылым, экология, өмір сүру салты. Орта Азия елдерінің денсаулыққа қатысты проблемасы қандай?

27-28 сәуір күндері Бішкекте City Health International Conference – қаладағы денсаулық сақтау проблемаларын талқылауға арналған он екінші халықаралық конференциясы өтті. Іс-шараға Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қытай, Ұлыбритания, АҚШ, Германия және басқа елдерден эксперттер қатысты. Мамандар Орта Азия елдеріндегі денсаулыққа қатысты проблемаларды айтты.

City Health — жыл сайын өтетін халық денсаулығы және зиянды азайту мәселелеріне арналған халықаралық конференция. Шараға қатысқан медицина және ғылым өкілдері денсаулыққа кері әсер етіп, адамның ертерек өлуіне жеткізетін факторлардың алдын алу мәселелеріне тоқталды.

Конференцияға қатысқандар әр елдің проблемасы әртүрлі екенін айтты. Өзбекстан шылым шегу проблемасымен күресіп жатыр. 2014-2019 жылдар аралығында елде темекі шегетіндердің саны 13%-тен 16,5%-ке артқан. Екінші басты проблема — жастардың шамадан тыс газдалған сусын ішетіні.

Швециядағы Линчепинг университетінің ішкі медицина профессоры Фредрик Нистром өкпе ауруларын зерттеумен айналысады. Ол дәстүрлі шылым мен тіс астына салып шайнайтын шылымның қайсы зияны көбірек екенін анықтау үшін жасаған зерттеу нәтижесін айтты.

Фредрик Нистром. Фото: City Health International Conference
Фредрик Нистром. Фото: City Health International Conference

Дәстүрлі шылым мен иіскейтін, тіл астына салатын темекі шеккеннің айырмашылығын білгім келді. Медициналық университеттердегі студенттермен тәжірибелік зерттеу өткізіп көрдік. Әуелі студенттердің қанындағы глюкоза деңгейін өлшеп алдық. Сосын тіл астына салатын никотин бердік. Глюкоза мен мен қант деңгейін тағы да өлшедік, өзгеріс болмады. Бір сағат өткеннен кейін оларды McDonalds мейрамханасына шақырып, үлкен бургер мен үлкен шоколад қосылған печенье бердік. Тамақ ішіп болған соң да, үш сағат өткен соң да студенттердің глюкоза мен қан деңгейінде өзгеріс болған жоқ. Демек, никотингің метаболизмге, адам организміне әсері өте аз деуге болады, — дейді Фредрик Нистром.

Ғалым өкпе ауруларын тудыратын, адам өліміне жеткізетін никотин емес, оның кішкентай бөлшектері екенін айтады. Ол дәстүрлі шылым никотинге қарағанда зиянырақ екенін мойындау керек дейді. Фредрик Нистром сол себепті шайнайтын шылымды мемлекет деңгейінде заңдастырып, рұқсат етуді ұсынды.

Ал Қазақстанда экологияның нашарлағанынан жыл сайын 10 мыңнан астам адам қайтыс болады. Дүниежүзілік банк дерегінше, елдегі төрт өңірдің өзінде ғана — Алматы, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстарында лас ауадан 1 016 адам алғаш рет созылмалы бронхит ауруына шалдығады. Сонымен қатар өңірлердегі жүрек, өкпе ауруларынан болған 2 665, өкпе ісігінен болған 183 өлім де ауа ластанғаннан болған.

Қазақстанның экологиялық ұйымдар қауымдастығының төрайымы Айгүл Соловьева еліміздегі ауа ластанғаннан болатын шығын туралы айтты.

Айгүл Соловьева. Фото: City Health International Conference
Айгүл Соловьева. Фото: City Health International Conference

Қазақстанда ауа ластанғаннан болған аурулардың кесірінен бюджет жыл сайын 2,5 миллиард доллар жоғалтады. Бұл — жалпы ішкі өнімнің 1,7%–і. Кейінгі дерек бойынша, Қазақстан атмосфералық ауаны қорғауға 85,3 миллиард теңге жұмсаған, — дейді ол.

Қырғызстан халқы да денсаулық сақтау саласындағы цирфларға экологияның нашарлағаны әсер етіп жатқанын айтады. Түтіннен бұрын тек Бішкек халқы зардап шексе, қазір бұл проблема облыс орталықтарына да жеткен.

Бішкек халықаралық медициналық университетінің ректоры Альфия Самигуллина адам денсаулығының 20%-і ғана экологияға байланысты дейді.

Альфия Самигуллина. Фото: City Health International Conference
Альфия Самигуллина. Фото: City Health International Conference

Қалған 20%-і — генетика, тек 10%-і медицинаға байланысты. Ал 50%-і – адамның өмір сүру салты мен өзін қалай күтетініне, жауапкершілігіне байланысты, — дейді ол.

City Health International Conference іс-шарасы екі күн болды. Конференцияның екінші күні қатысушылар есірткіге тәуелді болуды азайту, әлеуметтік қызметтің маңызы, инфекциялық аурулармен күрес тақырыптарын қозғады.