Көңіл-күйді жақсартудың тәсілдері

Жаман көңіл-күйге күле қараңыз

Күлімсіреу, күлу – жаман көңіл-күйді көңілден «қуып шығудың» бірден бір тәсілі. Психологтардың айтуынша, күлімсіреу күні бойына жақсы көңілде жүруге көмектеседі. Сондықтан жиі күлімдеп жүріңіз. Ал күлкіні жақсы анекдот оқып, көңілді кино көріп те шақыруға болады. Тым болмаса айнаның алдына барып, езуді екі жаққа жайып көріңіз. Сол сәтте-ақ жүзіңіз күлімдеп шыға келмек.

Музыка тыңдаңыз

Психологтардың айтуынша, бұл – жаман көңіл-күйден құтылудың ең жақсы тәсілдерінің бірі. Жаныңыз жабырқап тұрса, ең сүйікті музыкаңызды қосып, тіпті бірге әндетсеңіз болғаны.

 Үй ішін, айналаңызды жиыстырыңыз

Жаман көңіл-күй көп жағдайда үйдегі бейберекетсіздіктен де туындайды. Әр заттың өз орнында рет-ретімен тұрғаны да көңілге жақсы әсер береді. Ал үйде болсаңыз, өз жайыңызға жайлылық енгізумен айналысыңыз. Ол үшін үйді тазалап, төсек-орынды ауыстыру қажет. Әр күн сайын осы іске біраз минутыңызды жұмсасаңыз, жаман ойлар сізден аулақ жүретін болады.

Позитивті ойлау

Қандай жағдай болсын қашанда оптимист болып қалуға тырысыңыз. Барлық жағдайда өзіңізді жақсылық болатынына сендірсеңіз, қарсы шыққан қиындықты жеңу де қиын болмайды.

Спортпен айналысыңыз

Оптимист болғанның өзінде салың суға кететін сәттер болады. Сондайда бірнеше минут физикалық жаттығулар жасап жіберіңіз. Мүмкіндігіңіз болса, жаттығу залына барып қайтыңыз. Күніне бірнеше минут жаттығу жасау арқылы денсаулығыңызды да қуаттап тұрасыз.

Өзіңізге қуаныш сыйлаңыз

Сүйікті ісіңізбен айналысыңыз. Болмашыға бұртимай, үнемі оптимист болуға өзіңізге уәде беріңіз. Бұл сіздің ғана қолыңызда!

Серуендеңіз

Тек жаман ойды ойлай берген адам депрессияға оңай шалдығады. Ал табиғаттан ең тамаша энергетиканы молынан алуға болады. Өзіңізді серуендеуге мәжбүрлеңіз. Таза ауада бірнеше минут жүргеннің өзінде көңіліңіздің айтарлықтай жақсарғанын байқайсыз.

Сонымен қатар, эмоцияны бақылауда ұстағаныңыз абзал. Себебі, көп адам өзінің көңіл-күйі болмаса, екінші адамның да көңілін түсіруге тырысады.