Масс-медиа туралы заң жобасын жіліктеу. Журналистика миссиясы жойыла ма?

Күлтегін, Масс-медиа туралы заң жобасын толық оқып шықтың ба?

Әлбетте. Бұл заң жобасын әр журналист оқуы керек еді. Бірақ бұл сөзіміз көп нүкте күйінде қалған тәрізді.

Осыған дейінгі ақпарат министрлері Дәурен Абаевтың, одан кейін Аида Балаеваның кезінде БАҚ туралы заң қабылданады деп айтыла бастады. Дегенмен заңда қандай нормалар болатыны, қандай талап-құқық енетіні белгісіз еді. Бұл сауалды министрлікке «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау ұйымының бұрынғы басшысы Татьяна Калиева көп жыл көтеріп келді. Алайда мандыған жауап болмады. Соған қарамастан, «Әділ сөз» табиғаты демократияға сай келетін адекват заң жобасын дайындап ұсынды. Оны елеген билік жоқ.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Ендігі мәселе мынадай болып тұр. Бұл заң жобасын әзірлеу 2022 жылғы Қаңтар оқиғасынан кейін төте қолға алынды. Өйткені президент 2022 жылғы наурыздағы жолдауында «Мемлекеттің мүддесін, қоғамның сұранысын және медиасаланың даму процесін ескере отырып, БАҚ туралы заңды қайта қарау керек» деген еді. Бұл жерден заң жобасы түбінде билік мүддесі бар екенін аңғару қиын емес. 

Заң жобасын үтір-нүктесіне дейін оқып шықтым. Бір ауыз сөзбен мұны абсурд, автократияны диктатураға айналдыратын механизм деп білемін. Иә, қолданыстағы БАҚ туралы заң ескірді. Дегенмен онда журналистерге қазір ұсынылып отырған ала-шұбар заң жобасынан әлдеқайда кеңішілік берілгеніне көзім жетіп отыр. 

Заң жобасын Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі әзірледі. Оның алдын ала мәтіні Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына шықты. Осы әзірлеген министрлікке әділет министрлігі және заң жобасына қатысы бар мекемелер мен органдар порталда кері байланыс жасауы керек. Мәтін соңындағы пікірлерде әділет министрлігінің ұсынысы бар, келіспейтін тұсын ашық жазған. Ұлттық қауіпсіздік комитеті де пікір білдіруі керек. Өйткені осы комитет, ішкі істер министрлігі, тағы да күштік құрылымдар демонстрация, төтенше жағдайлар сияқты кісі топтасатын ортадан ақпарат тарататын журналиске білігін арттыру курсын өткізеді. Демек, заң жобасына мүдделі. Комитет пікірін жүктемеген, бір сөзінде ғана заңға алып-қосары жоқ екенін жазған. Айтайын дегенім, осы заңға қатысы бар министрліктер, органдар лайық әрі ашық кері байланысын беруге тиіс еді. Құқықтан міндеті көп заң жобасын жарамсыз деп тануға үкімет органдары жігерсіз.

Заң жобасы 6 қаңтар мен 27 қаңтар аралығында қоғам талқысына ұсынылды. Ашық нормативтік-құқықтық актілер порталына жарияланды. Журналистер мәтін соңындағы пікірде, әлеуметтік желіде, интернет басылымында заң жобасында көрсетілген талаптарға, міндеттерге келіспейтінін жазды. Журналист ретінде заң жобасының қай тұсын қате деп санайсың?

Заң жобасына қатысты үкіметтік Legalacts.egov сайтына үш құжат жарияланды: қоғам талқылауына 6-27 қаңтарда «Масс-медиа туралы» заң жобасының тұжырымдамасы, 10-31 қаңтарда «Масс-медиа мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына реттеушілік саясаттың консультативті құжаты және 16 қаңтар-6 ақпан аралығында осы атауы бар заң жобасының тұжырымдамасы  ұсынылды.

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Порталда басты заң жобасына 55 пікір жазылды. Бір адамның бірнеше пікір жазғанын ескерсек, 20 шақты ғана медиа маман комментарий қалдырған. Бұл – өте аз, аянышты хәл. Азаматтық журналистиканың өкілдері де көрінбейді. Мемлекетшілміз дейтін меммедиадан пікір тіпті жоқ. Бір емес, бірнеше пікір жазған белсенді рецензенттердің қатарында Болатбек Мұхтар, Дархан Өмірбек, Құрмет Амангелді, Балжан Мұратқызы, Риза Исаева, Ғалымжан Елшібай, Әлібай Бақытнұр бар. 

Мерзімді басылымдарды субсидиялау, мемлекеттік ақпарат тапсырысын қаржыландыру және 158-бапты қылмыссыздандыру, жарнаманы реттеу туралы қозғалған консультативті құжатта да министрліктің мәселе сипаттамасы, оған ұсынған шешу жолы, қазіргі жағдайды, халықаралық тәжірибені және реттеудің ұсынылатын тетіктерін талдауы да сын көтермейді. Үшінші құжатқа Жадыра Мүслимова үш ұсыныс, «Северо-казахстанский правовой медиа-центр» қоғамдық қоры өткір пікір білдірген. Бұл журналистика қауымдастығының жауапкершілігін көрсететін мысал деп ойлаймын.

Заң жобасындағы мына нәрселерге келіспеймін: 

І тарау, 3-бап. Қазақстан Республикасының масс-медиа туралы заңнамасы. Осы баптың 3-тармағында мемлекеттік сатып алу туралы шарт осы заң жобасында реттелген құқықтық қатынастарға қолданылмайды дейді. Демек, қаржыландырудың грант, субсидия сияқты басқа да формаларын ұсынып отыр. Дегенмен оның қандай субъектіге, қандай ақпарат құралдарына қандай ережемен берілетіні әлі де бұлыңғыр. Сондықтан шикі, жетілмеген ұсыныс дер едім. Иә, министрлік грант үлестіру формасына кезең-кезеңімен толық көшеміз дейді. Бірақ мен үшін бұл аты бөлек, заты бір дүние. Ол бәрібір мемлекеттік ақпарат тапсырысы негізінде жүзеге аспақшы, өйткені көздегені – ақпараттық насихат. 

4-бап. Масс-медиа қызметінің негізгі қағидаттары деген баптың 3-тармағында жеке және заңды тұлғалардың қатысу құқы тең деп, 15-тармағында ақпаратқа қол жеткізу теңдегі туралы айтылады. Сөйте тұра, баспасөз картасы туралы 33, 35-баптарды енгізген. Бұл бап әлгі қағидаттарға қайшы келеді. Баспасөз картасының артықшылығы мен құзыреттілігін айқындайды. Баспасөз картасын алған адамға артықшылық беріледі, әлеуметтік жағдайына назар аудармақ. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі Azattyq радиосына берген комментариінде баспасөз картасын алған журналист көлігін кез келген жерге қойып кете алатынын айтты. Оған рұқсат дейді. Журналист мәртебесі жол ережесін бұзуға, мамандықтарды алалауға әкелмеуі керек. Оған қоса министрдің бұл айтқаны мына заң жобасына жазылмаған. Бұл екі бап – заң жобасы ішіндегі қайшылық. 

Осы орайда 33-бапқа тоқталайық. Жоғарыдағы 35-бап баспасөз картасының құзырет мүмкіндіктерін нақтылайды. Ал 33-бап соған түсінік береді. Бұл жерде баспасөз картасын беру тәртібін уәкілетті орган, яғни ақпарат және қоғамдық даму министрлігі айқындайды дейді. Бұл тәртіптерді қараңыз: «Журналистика» немесе соған байланысты мамандық бойынша жоғары білімі туралы дипломына қоса, БАҚ саласында кемінде 3 жыл жұмыс тәжірибесі болуы керек. Мұндай мамандықта оқымаса, кемі 5 жыл тәжірибесі болуы керек. Бұл – абсурд. Оған қоса журналистикаға байланысты мамандық деген не? PR ма, ақпараттық коммуникация ма, филология ма? Айқындалмаған. 

Онымен қоймай, баспасөз картасы бар журналист жұмыстан шықса, бұл картаны беретін комиссияға 3 күн ішінде хабар беруі керек. Сөйтіп 3 ай ішінде басқа жұмысқа кіруге міндетті. Журналист қажып, бұл уақыттан да көп демалғысы келетін шығар, мысалы. Қызмет барысында посттравмалық жағдайға тап болып, үзіліс алғысы келетін болар. Ондай кезде не істейді? Бұл нәрсе заң жобасында көрсетілмеген. Тіпті айқындалған күннің өзінде бұлай шектеу және баспасөз картасын енгізу дұрыс емес. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Бұл бапта баспасөз картасын алатын адам сотталмаған болуы керек деген талап бар. Қай соттылықты айтып отыр? Қылмыстық па, әкімшілік пе? Әкімшілік сотқа ілігетін журналист те, басқа азаматтар да көп болуы мүмкін ғой. Сонда ондай журналист ертең баспасөз картасын ала алмай ма? Өз басым баспасөз картасы дегенді былай түсіндім. Мысалы, адвокаттарға қызметіне лицензия беріледі. Оны адвокаттар коллегиясы бақылап, реттейді. Журналистің жұмысы да дәл сондай қызметке айналып бара жатыр. Редакция ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің ақпарат комитетінен куәлік алса жеткілікті. Ал әр журналисті баспасөз картасын алуға міндеттеу я ынталандыру ессіз қадам. 

Заң жобасында 34-бап жоқ. Қазақшасында да, орысшасында да жоқ. Оның құпияланғаны күмән тудырады. Барлық 78 бап көңілден шықса да, бір бап өңін өзгертіп жіберуі мүмкін. Бұл әділетсіз жағдай қалыптастырып отыр. Сондай-ақ заң жобасы аударма, мемлекеттік тілде жазылмаған. Орыс тілінде дүниеге келіп, кейін қазақша көйлек кигізілген, ол көйлектің өзі құрақ-құрақ. 

4-тарау. 28-бапта журналистердің құқықтары мен міндеттері белгіленген. Соның бірінші бөлігінде «журналистің кәсіби қызметін жүзеге асыруы үшін жағдайларды қамтамасыз ететін ерекше мәртебесі танылады» делінген. Мына сөйлем түсініксіз. Сонда журналист деген ерекше мамандық па? Әлеуметтік саладағы алалау деп есептеймін. Журналистикаға министр айтқандай көрінген жерді  «парковка» ететін, театр-концерттерге тегін билет беретін нәрсе деп қарамау қажет, сөз бостандығына кепілдік керек. Бар болғаны — осы. Билік мұны қауіп көрсе, онда табиғаты автократияға бейім екенін ресми мойындағаны.

Осы баптың екінші тармағында журналист осы мәртебеге тек «ел заңнамасында белгіленген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралының редакциясымен еңбек немесе өзге де шарттық қатынастарда болу және кәсіби қызметін жүзеге асыру кезеңінде» ғана ие болатыны жазылған. Демек, ақпарат құралымен еңбек және өзге шартты қатынастарда болатын адам ғана журналист болады деген сөз. Сонда тәуелсіз журналист қайда қалады? Тәуелсіз журналист деген бір редакцияның штатында болмауы мүмкін, азаматтық-құқықтық негізде ғана келісімшарт жасаспауы мүмкін. Билік штатта жоқ және бір жерге қаламақыға жазбайтын журналисті инфлюенсерге немесе блогерге жатқызғысы келеді. Сөйтіп «тәуелсіз журналист» деген ұғымнан қашқақтайды. 

5-тарау. 36-бап. Мұнда мемлекеттік ақпараттық саясат мәселелері жөніндегі республикалық комиссия және оған бағынышты өңірлік комиссиялар құрылатыны айтылған. Бұл комиссияның құрылуы Ресейдегі Роскомназдорға (Байланыс, ақпараттық технологиялар және бұқаралық коммуникацияларды қадағалайтын федералды қызмет – ред.) ұқсап кептесіне кім кепіл? Бұл комиссия өңірлердегі мемлекеттік ақпараттық тапсырыстың тақырыбын қарап, ұсынысын тұжырымдайды, мемтапсырыс алуға үміткерлердің өтінімі мен ұсынысын қарайды және грантқа үміткерлердің өтінімін тұжырымдайды. Былайша айтқанда, мемлекеттің насихатын жүргізуге ынталы ақпарат құралдарының өтінішін қарап, тақырыбын бекітіп отырады. 

Ақыры, осындай комиссия құрылады деген екен, онда ақпарат саясатына жергілікті атқарушы орган, яғни әкімдіктің қатысуын жою керек еді. Сонда ақпараттық тапсырыс алып отырған редакция жергілікті атқарушы органға тәуелді болмас еді. Сол қолыңызбен биліктен (оны әкімдік беріп отыр) тапсырыс алған соң, оң қолыңыз жергілікті билік жауап беретін мәселелерді ашық қозғауға батпайды ғой. Бұған отыз жылда көз жетіп, аксиома тұжырымға айналғалы қашан.

8-тарау. 68-бап. Міндетті хабарлар. Белгілі бір аумақта апат, оқыс оқиға я төтенше жағдай болған кезде сол мәселеге жауапты уәкілетті және жергілікті атқарушы органдар 3 сағат ішінде ресми ақпарат беруі керек деген норма бар. Бұл жақсы. Ал мәселеге бірнеше орган жауапты болса ше? Бұл кезде жұмыс қалай жүреді? Осыны нақтылап жазу керек. Алдын ала және аралық мәліметтер негізінде мерзімді 3 сағат емес, 1.5 сағатқы қысқартқан дұрыс, меніңше. 

69-бап. Теріске шығару не жауап беру құқығы. Журналист сұрау салғанда оған 5 күн ішінде жауап беріледі дегенге келіспеймін. Бұл қайта 7 жұмыс күнінен қысқарғаны. Дегенмен өз басым жауапты 7 күнде де алып көрмеппін, жауапты органдар 15 күнтізбелік күнге созады. Күрделі ақпарат сұралса, журналисті хабардар ете отырып, уақытты тағы 15 күнге соза алады деген ереже заң жобасында сақталған. 5 күн болса да, 15 күн болса да, қазіргі заманда ақпарат тез ескіреді. Тақырып ол кезге дейін өзекті болмай қалады. Сол қырынан алғанда бұл дедлайн орынсыз.

Айтпақшы, бұл заң жобасының бір артықшылығын айта кету керек. Журналистің материалына жауаптылық уақыты қысқарды, енді ол бір жыл болады. Демек, біреу бір журналистің баяғыда жазған материалы үшін соңына түсіп жүрмейді. Тіпті, мұны алып тастауға немесе 3 айға дейін қысқартуға болар еді. Өйткені әлдебір адам өзіне қатысы бар материалдан 3 ай ішінде хабардар болып үлгереді.

Заң жобасынан нені өзгерту керек? Не ұсынасың?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Журналист архивтен алынатын ақпаратты сұрағанда, онысын тауып беруге 3 жұмыс күні жеткілікті. Біз цифрлық үкімет дамуы индексі бойынша БҰҰ есебінде әлемде алғашқы отыздықта емеспіз бе?.. Сондай цифрлық мүмкіндік бар екен, ендеше жауапты созып не қажет?

Өзекті ақпараттар 3 сағат емес, 90 минут ішінде берілуге тиіс. Оған қоса журналист қай басқарамаға хабарласса да әкімдіктің баспасөз қызметімен келісіп алуы керек. Дәурен Абаевтан бері осындай ішкі ереже жүр. Осы бюрократияны жою керек. Өркениетті қоғамда төтенше жағдай бола сала соған жауапты лауазымды адам микрофон алдында жауап беріп жатады, оған парыз. Осындай ашықтыққа қол жеткізу керек, соның арқасында қоғамда фейк, манипулятивті ақпараттың таралуын дер кезінде тоқтатып, алдын алуға болады. 

Заң жобасындағы баспасөз картасы туралы 33-35-баптарды құрту қажет. 

Мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру үшін берілетін қаржы (грант, субсидия, тағы басқасы) есебі ашық болсын. Қаржының жұмсалуы А нүктесінен Б нүктесіне емес, әліппенің ең соңғы нысанына дейін айқын болуға тиіс. Бұл заң жобасына енсін. Министрлік арқылы бөлінген қаражаттың басынан аяғына дейін жұмсалған тізбегі ашық, қолжетімді болуы маңызды. Өйткені ол біреудің жанқалтасынан шықпайды, ол — мемлекеттің қаржысы. Демек, салық төлеуші азаматтар мен баршаға ортақ жер байлығынан түскен ақша. Ал қазір ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ақпарат құралдары осы қаржыны қалай жаратқанын жабық күйде ұстап отыр. Ақпарат министрлігі айналдырған 3 жылда (2019-2021 жылдары) мемлекеттік пропогандаға 162 млрд теңге бөлді. Ал оны кім, қандай қоғамға пайдалы ақпарат үшін қалай жаратқаны жұмбақ. Жалпы сомасы белгілі де, түбіртегі қоғамнан жасырын, неге? 

Былтыр күзде министрлік құрамындағы ақпарат комитетінің басшысы Қанат Ысқақов көпшілік алдында, эфирде заң жобасында барлығы ашық болады деп уәде берген. Іс жүзінде бұл жалған болып шықты. Министрлік қарамағындағы ақпарат ұйымдарына бөлінетін миллиардтаған теңгенің есебі белгісіз қалып отыр.

Қылмыстық кодекстің 158-бабының 1-бөлігін алып тастамау керек. Қолданыстағы Қылмыстық кодекстің 158-бабының 1-бөлігінде журналистердің қызметіне кедергі жасау қылмыстық жауапкершілік болып саналады. Бұл норманы жоюға министрлік бар ынта-жігерімен құлшынып отыр. Министрліктің уәжі – кейінгі 5 жылда бұл айыппен сотқа бір де бір іс жетпепті. Мәселе істі сотқа жеткізбей отырған прокуратура мен тергеу органдарында екені анық. Қылмыссыздандыру жүзеге асатын болса, азамат ретінде, журналист ретінде заң шығарушы және атқарушы билікке сенім білдірмеу орынды деп есептеймін.

Заң жобасы талқыланып бітті, енді журналистер не істей алады?

Әуелі мынаны айта кетейін. Масс-медиа туралы заң жобасы Ашық НҚА-ға жүктелген кезде үміттенген көп әріптес үнсіз қалды. Бұл оның жұмыс істейтін редакция басшылығының қысымы я тыйымы деп ойламаймын. Журналистің ішкі цензурасынан ба деп топшылаймын. Бұл – журналистика жікке бөлініп кеткенінің белгісі. Керісінше, бір журналист қудаланып жатса, енді бірінің қызметіне кедергі келтірілсе, оған болысып, құнын даулап, ынтымақты болуға тиіс етін. 

Ертең сәуірде министрлік сөз бостандығына тосқауыл қоюға арналған осы заң жобасын парламентке ұсынады. Сол нұсқаның ішінде жоғарыда айтқан талаптар орындалмаса, журналистер қауымдастығы петиция жариялайтын болып шештік. Әуелі ұжымдық өтініш хат жолдаймыз. Бұл менің жеке бастамам емес, журналистердің ортақ байламы. Осы бастамаға басқа әріптестерім де қосылады деп үміттенеміз. Заң жобасы мәжіліс оқылымына келген бетте кері қайтарылмаса, петиция жарияланады, мәселеге қоғам назарын аударуға митинг өткізуге өтінім бермек.

Бұл заң жобасы журналистиканы құрдымға кетіреді. Қазірдің өзінде журналистика Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына ащық петиция жариялады. Өйткені жұмыс тобының заң жобасына қатысты талап-тілегі ескерілмеген. Ештеңе кеш емес. Журналистер қауымдастығынан сөз бостандығын сақтап қалу жөнінде бастаманың бәріне үн қосуға шақырамын.

Ал бұл жағдайда қоғам не істей алады?

Еркін БАҚ халықтың көзі, құлағы һәм үні болуы үшін мына заң жобасы үлкен тосқын. БАҚ өзіне жүктелген міндетті толығымен орындамаған соң, қоғамның бағы бола алмаған соң, қанды Қаңтарға жеткізер соққы алғышарттар қордаланғаны белгілі. Бүгінгі заң жобасы  болашақта қоғам наразылығын өршітеді. Проблема баспасөз бетінде, желіде, үкімет мәжілісінде ашық талқыланбаса, жұртшылық оны алаңда талқылайды. 

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Журналистика – қоғам өмірінің барлық саласын қамтитын ең ауқымды, әмбебап сала. Қоғамның кемшілігі болса, оны да бүкпесіз беретін, фактчекинг жасайтын, айтар уәж-мәселесі болса, оны да жеткізетін – БАҚ. Сондықтан жұртшылық осындай сын сағатта журналистерді бір уақ қолдап, араша түсуі керек. Кемінде мәселеге назар аударуға тиіс. 

Адекват журналистика биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот деген үш тармағын бақылап отыратын «төбе би». Оның миссиясы – сол. Журналистиканы төртінші билік дейді, маған салса, БАҚ – төбе билік. Либерал-демократ қоғамда БАҚ – мемлекет пен қоғамның мүддесі үшін биліктің үш бұтағын қадағалайтын мониторинг билік. Диктатура режимінде БАҚ-ты атқарушы билік басқарғысы келеді. 

19 наурызда мәжілістің VIII шақырылым депутаттары сайланады. «Жаңа Қазақстанды» легитимдеу ритуалынан өтетін депутаттар атқарушы биліктің кемшілігі көп. Мемлекет болашағына қатер төндіретін заң жобасын осы қалпында қабылдар болса, онда парламентке халық күткен құт қонбағаны. Билік сенімнен біржола айырылады. 

Айта кетейін, бұл заң жобасы ішінде телерадио хабарын тарату туралы талдай алмаймын. Ол салада тәжірибем жоқ. Менің айтқанымның бәрі интернет ақпарат ресурстары мен жалпы БАҚ қызметіне қатысты болды. 

Әңгімеңе рақмет!