Оралда шахматтан «ORAL OPEN» халықаралық турнирі мәреге жетті

28 шілде күні Оралдағы «Атамекен» өнер ордасында шахматтан Қазақстан Республикасы кубогының 4 кезеңі — «ORAL OPEN» халықаралық турнирінің жабылуы өтті.

Халықаралық турнирдің 1 кезеңі биыл сәуір айында Астана қаласында, 2 кезеңі маусым айында Ақтөбе қаласында, 3 кезеңі 11-19 шілде күндері Астана қаласында өтті.

Шахмат бәсекесіне АҚШ, Армения, Үндістан, Беларусь, Украина, Ресей Федерациясы, Өзбекстан, Швеция, Түркия, Дания, Черногорье мемлекеттерінен және еліміздің өңірлерінен барлығы 180-ге жуық шахматшы, соның ішінде 16 халықаралық гроссмейстер қатысқан болатын.

Турнирдің жабылу салтанатында Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов сөз алып,  халықаралық турнирдің маңыздылығына тоқталды.

Оралда халықаралық шахмат бәсекесенің өтуі – біз үшін үлкен мәртебе. Турнирде әлемнің 12 елінен спортшылар бақтарын сынады. Осындай ірі спорттық шара болашақта әлемдік деңгейдегі спортшыларды дайындап, тәрбиелеуге үлкен септігін тигізеді деп ойлаймын. Жарысқа қатысушыларға шын жүректен ризашылығымды білдіремін. Турнирдің барлық серіктестеріне іс-шараны ұйымдастыруға қолдау көрсеткендері үшін ерекше алғыс айтқым келеді, — деді шаһар басшысы.

Жарыс қорытындысы бойынша А—Турнирінде Ниманн Ханс (АҚШ) жеңімпаз атанды. Екінші орынды Сетураман Панаяппан (Үндістан) иемденсе, үшінші орын Мануэль Петросянға (Армения) бұйырды.

Б—Турнирінде бірінші орынды Асылхан Құмар (Қазақстан) иеленді. Екінші және үшінші орынды сәйкесінше, Ерсұлтан Қамбар (Қазақстан) мен Әділет Серіков (Қазақстан) қанжығалады.