Елімізге жаз басталғалы қанша шетел азаматы келді?

еQonaq ақпараттық жүйесінің дерегі бойынша, 2023 жылғы 1 маусым мен 23 шілде аралығында еліміздің қонақ үйлеріне 250 468 шетел азаматы тоқтаған. Бұл былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда үш есе артық. Бұл туралы мәдениет және спорт министрлігінің ресми сайты хабарлады.
Министрліктің мәліметінше, ТМД елдерінен келген туристер саны — 180 мың адам. Олар барлық туристің 72%-іне тең. Бір қызығы, былтыр бұл көрсеткіш 77% еді, демек алыс шетелден келген туристер саны артқан.
Мәселен, Моңғолиядан келгендер 11,6 есе (489-дан 5 683-ке дейін), Қытайдан келгендер 8,5 есе (2 223/ 18 954), Үндістаннан келгендер 4,7 есе (1 245/5 887), Оңтүстік Кореядан келгендер 3,8 есе (939/3 585), Ираннан келгендер 3,8 есе (237/897), Германиядан келгендер үш есе (1 659/5 054), АҚШ 2,2 есе (1 237/2 761) өсті, — делінген хабарламада.
Шетелдік туристердің елімізде демалуға келетін басты бағыттары –  Алматы (1 маусым мен 23 шілде аралығында – 77 308 турист), Астана (38 463 турист), Алматы облысы (19 049 турист) және Маңғыстау облысы (15 062 турист).