БҚО әкімі өндірісті өңір Бөрліге жұмыс сапарымен барды

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапарымен өндірісі өркендеген өңір Бөрлі ауданына барып, шаһардағы бірқатар маңызды өндірістік нысандарды аралады.

Өңір басшысы алдымен Бестау су тоғанында болды. Аталған нысан 2016-2017 жылдары 639 млн. теңгеге жөндеуден өткен еді. Тоған бүгінде айына 600 текше метр, ал жылына 2900 млн. текше метр су береді. Оған қоса, жазда Ақбұлақ су тоғанынан да қала халқына су жеткізіледі.

Нариман Төреғалиұлы жылыту орталығын да қарады. Ол қаладағы 1, 4, 5 шағын аудандарда орналасқан 77 көпқабатты үйді, 12 әлеуметтік нысанды, сондай-ақ шағын және орта бизнес нысандарын жылумен қамтамасыз етеді. Кәсіпорын балансында 46 қазандық бар, оның ішінде Ақсай қаласында 20 қазандық және ауылдық елді мекендерде 26 қазандық жұмыс істейді.

2683aefa26b89fc1e8c206c837c93624 БҚО әкімі өндірісті өңір Бөрліге жұмыс сапарымен барды
Фото: БҚО әкімдігі

Өңір басшысы Ақсайдың жылу беру маусымына толық дайын екендігін атап кетті.

Ақсай қаласының халқы қысты күні жылусыз немесе ауыз сусыз қалмайды деп есептеймін. Өйткені, Оралмен салыстырғанда мұнда жағдай жақсы. Ендігі мақсат — осы қалыпты жағдайдан төмен түсіп кетпеуіміз керек. Осы бағытта жұмысты жалғастырыңыздар. Мекемеге, жұмысшыларыңызға алғыс айтамыз, — деді Нариман Төреғалиев.

Облыс әкімі келесі кезекте «Digitalisation and Recycling» ЖШС қоқыс сұрыптау кешенінің құрылыс барысымен танысты. Мекеме директоры Дархан Күзенбаев облыс әкіміне жоба қуаты жылына 5000 тонна екендігін, Ақсай қаласы бойынша тұрмыстық қалдықтардың 25 пайызын сұрыптау мүмкіндігі бар екендігін айта келіп, биыл іске қосу жоспарланғанын жеткізді. Кешен іске қосылғанда қоқысты сұрыптаудан өзге, қағаз, картон, пластик бөтелкелер, пластмассадан жасалған қалдықтарды, пайдаланылған шиналар, бетон, ағаш қалдықтарынан қайталама шикізат өндірілмек. Салынған инвестиция көлемі 500 млн. теңге. Әкім қанатқақты жобаны мемлекеттік қолдау шараларымен қамту және қаржыландыру бойынша өзге де мәселелер шешімін табады деді.

119e03feb3824b79cbe75c846fcfef98 БҚО әкімі өндірісті өңір Бөрліге жұмыс сапарымен барды
Фото: БҚО әкімдігі

Облыс әкімі Нариман Төреғалиев барған келесі нысан — «Green Spark Limited» ЖШС. Серіктестіктің негізгі қызмет түрі — электр энергиясын және жасыл сутегі өндіру. Бұл өңірдегі энергетика, жоғары технологиялар саласында маманданған және мұнай мен газ саласында қызмет ететін бірден бір компания. Кәсіпорын елімізде 7 жылдан бері жұмыс істейді және бүгінгі таңда Қазақстаннан бөлек, әлемнің екі елінде (Сербия, Италия) кеңселері бар. Компания қызметінің бағыттары: экологиялық таза энергияны пайдалану үшін кешенді шешімдер әзірлеу, электр материалдарын сатып алу, сондай-ақ мұнай-газ саласында жобалау.

Өңір басшысы ЖШС жұмысына оң баға беріп, серіктестік қызмет аясын кеңейтуді мақсат еткен жағдайда аудан әкімдігі тарапынан қолдау болатындығын атап өтті. Сонымен қатар, компанияға өнімдерін жергілікті тұрғындарға, шаруа қожалықтарына жарнамалауды ұсынды.

Н.Төреғалиевке Ақсай индустриалды паркінің жұмысы таныстырылды. Күні бүгін он кәсіпорынмен шартқа отырып, тығыз байланыс орнатқан, отандық нарықта өз орнын тапқан мекеме, негізінен, мұнай-газ саласына қажетті заманауи құрылғыларды шығарады. Қазір мұнда 100-ден аса адам тұрақты еңбек етуде. Нариман Төреғалиұлы кәсіпорынның қолға алған жобаларымен танысып, жұмыс барысына оң баға берді.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ

Тағы да