Алматыда қазақы мәдениет пен дәстүрді насихаттайтын SAQ фестивалі өтті. Онда тұрғындар мен қонақтар ұлттық ойын ойнап, қара жорға билеп, сауық-сайран құрды. Мерекелік іс-шара Jusan-ның қолдауымен ұйымдастырылды.
SAQ фестивалі Алматы маңындағы ашық алаңда, нақтырақ айтқанда Saq ипподромында өтті. Онда келе сала, байырғы қазақ халқының тыныс-тіршілігіне түскендей күйде болдық. Себебі жап-жасыл алқапта киізүйлер тігілген, аттар шауып жүр. Апалар кимешегін, қыз-жігіттер қазақы көйлегін киіп, мәз-мейрам. Кішкентайлар ләңгі теуіп ойнап жүр. Оған қоса шет жақта үлкен қазанда пісіріліп жатқан қуырдақтың иісі аңқып тұр.
Мұндай атмосферадағы іс-шараның бас ұйымдастырушысы — Құндыз Бошагулова. Құндыз бала кезінен атқа мінеді, қазір жануарлармен құдды адаммен сөйлескендей тілдеседі. Бір жыл бұрын Saq ипподромын ашқан. Өзінің айтуына қарағанда, фестивальді мерейтойды тойлау әрі қазақы мәдениетті дәріптеу мақсатында өткізіп отыр.
Бразилияда би фестивалі, Жапонияда сакураның гүлдеуі фестивалі, Үндістанда бояу фестивалі жыл сайын дәстүрлі түрде өтеді. «Неге бізге де осындай қазақты сипаттайтын фестиваль ұйымдастырмасқа?» деген ой келді. Содан қазақ дегенде алғаш есімізге жылқы түсінетінін ескеріп, SAQ фестін қолға алдық. Осы фестивалді жыл сайын ұйымдастырғым келеді. Ал алғашқы бастамаға қолдау білдірген Jusan-ға алғысым шексіз. Олар қазақ тарихына, мәдениетіне көп үлес қосып жатыр, — деді Құндыз Бошагулова.
Фестивальда әртістер ән айтып, би билеп өнерін көрсетті. Жиналғандар тек концерт емес, жігіттердің ат үстіндегі ойынын, қыздардың ат үстіндегі дефилесін тамашалады. Сонымен қатар фестте қонақтар «Қыз қуу», «Бәйге», «Ләңгі тебу», «Садақ ату» сияқты ұлттық ойындарды ойнады.
Іс-шараға үлкені де, кішісі де жиналған. Зейнеткер Әбілеким Сейітов төрт жасар немересіне бәйгені көрсету үшін арнайы келіпті.
Жақын маңда тұрамын. Мұнда апта сайын келіп, атта шабамын, анда-санда көкпарға барамын. Бүгінгі фестиваль туралы естігенде ерекше қуандым. Табиғат аясында адамдар жиналып, мәз-мейрам болып көңіл көтергені қандай керемет. Ауа райы да жақсы болып тұр. Оның үстіне, қазақы нақышта екен. Жастарға, балаларға ұлттық дәстүрді де насихаттап отыр. «Немерем көрсін» деп ертіп келдім. Кішкентайынан ұлттық ойындарды көріп, сусындаса деймін, — дейді зейнеткер.
Қазақы атмосферамен танысуға шетелден де қонақтар келген. Соның бірі – Дубайда тұратын украиналық Алина. Алина бортсерік болып жұмыс істейді, дегенмен оған қоса кәсіби түрде атта шабады, садақ атады.
Ұйымдастырушы Құндызбен Дубайда біздің ипподромда танысқанбыз. Ол арқылы қазақ халқының жылқыға жақын екенін білдім. Қонақ етіп шақырған соң арнайы ұшып келдім. Қазақстанға алғаш келуім. Адамдары жайлы, табиғаты ерекше жер екен. Қыздардың көйлегі, басына таққан шекеліктері әдемі. Бүгін қазақ дәстүрімен толық танысамын деген үміттемін, — деді Алина.
Фестивальда жеті үйір жылқыны жалғыз өзі бағып, ат құлағында ойнап қазақстандықтарды тәнті еткен Асыл Ахметова да жүр. Солтүстіктің шалғай ауылында тұратын Асылдан нағыз қазақ қызының болмысын көруге болады. Үстіне әдемі қызыл көйлек, ою-өрнек басылған етік киген, шашын өріп, тақия таққан.
Негізі мұғаліммін, бірақ ат үстінде шабу – өмірімнің тағы бір бөлшегі. Рухани байлығымызды көтеру үшін, ұлттық салт-дәстүрімізді ұмытпас үшін, қазіргі өсіп келе жатқан жас ұрпағымызға үлгі ретінде көрсету үшін мұндай шаралардың жиі ұйымдастырылғаны дұрыс деп ойлаймын, — дейді Асыл.
Jusan Bank PR директоры Гаухар Керімованың айтуынша, өткен мен болашақ арасына көпір болатын SAQ Fest сияқты жобалар жиі ұйымдастырылып тұрғаны абзал.
Jusan ұлттық дәстүрлер мен мәдениетті сақтау және насихаттау біздің болмысымызды қалыптастырудың негізгі факторы деп біледі. Сондықтан біз қазақстандықтардың ұлттық мәдениет пен тілдің сақталуына ықпал ететін жасампаз бастамаларын қолдаймыз. SAQ Fest сияқты жобалар өткен мен болашақ арасындағы алтын көпір. Мұндай шаралар әсіресе өскелең ұрпақ үшін ұлттық бай мәдениетіміз бен қазақ тілін үйренуге шабыт сыйлайды деп ойлаймыз. Jusan үшін бұл іс-шараға қатысу жай ғана брендті таныту емес, бұл Қазақстанның бірегей мәдениетін сақтау үшін осындай бастамалардың драйверіне айналу мүмкіндігі, — деді Гаухар Керімова.