Мазмұнға өту
Басты бет / Басты /

АҚШ-та грин-карта алу тәртібі өзгерді. Үміткерге қойылатын талап қандай?

Фото: Бақдәулет Әбдуалы/Baribar.kz

Не болды?

АҚШ-та тұрақты тұруға мүмкіндік беретін грин-картаны рәсімдеу ережесі қайта қаралып жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Ел үкіметі ұсынған жаңа өзгеріс бойынша, енді үміткер тұрақты резидент мәртебесін алуға өтінішті АҚШ аумағында бермейді. Бұл үшін өз еліндегі АҚШ елшілігіне барып, құжат тапсыруы қажет .

Грин-карта – шетел азаматына АҚШ-та тұрақты тұруға, жұмыс істеуге және білім алуға мүмкіндік беретін құжат. Карта иесі Америка азаматы болып саналмайды, сайлауға қатыса алмайды және кей мемлекеттік қызметті атқара алмайды. Дегенмен кейін грин-карта иесіне АҚШ азаматтығын алуға болады. Грин-карта иесі АҚШ аумағынан еркін шығып, қайта орала алады, — делінген мәтінде.

Жаңа талап студенттерге, туристерге және уақытша жұмыс визасымен жүрген азаматтарға да қатысты. Бұған дейін кей жағдайда осы санаттағы адамдар АҚШ-та жүріп-ақ грин-карта рәсімдей алатын болса, енді өтініш беру үшін өз еліне оралуы қажет. АҚШ азаматтық және иммиграция қызметінің мәліметінше, төтенше жағдайда ғана бұл ережеден тыс әрекет етуге болады.

Бұл өзгерістің мақсаты – заңсыз көші-қон деңгейін төмендету. Ресми мәліметке қарағанда, өтініш мигранттың өз елінде рәсімделсе, АҚШ-та заңсыз қалып қоятындардың саны азаяды.

Грин-картаны қалай алуға болады?

  • лотерея (Diversity Visa Lottery): орта білім алғанын растайтын аттестаты, еңбек өтілі кемі екі жыл болған және АҚШ бағдарламаға қатысуға рұқсат еткен ел азаматы лотереяға қатыса алады. Тіркелу биылдан бастап 1 доллар тұрады. Жыл сайын күзде тіркелуге болады. Шамамен, 50 мың виза ойнатылады;
  • отбасында АҚШ азаматы болса – АҚШ азаматының немесе тұрақты резиденттің жұбайы, баласы, ата-анасы және бауыры грин-карта алуға өтініш бере алады;
  • жұмыс арқылы көшу – АҚШ-тан жұмыс берушінің ресми ұсынысын алған білікті маман грин-карта рәсімдей алады;
  • инвестиция салу – АҚШ экономикасына кемі 800 мың доллар көлемінде инвестиция құюға дайын шетел азаматына иммиграция визасын беру қарастырылған;
  • босқындар мен пана іздейтіндер – өз елінде қудаланып, АҚШ үкіметінен ресми қорғау алған адамның да грин-карта алуға құқы бар.

Грин-карта иесінің АҚШ азаматымен тең дәрежеде медицина сақтандыруын, елдегі әлеуметтік жеңілдік және білім алу құқы бар.

Грин-картаны рәсімдеу кезеңдері

Грин-карта рәсімдеу бірнеше кезеңнен тұрады. Алдымен үміткер өтініш беріп, жұмыс берушісі немесе туысы құжат тапсыруына болады. Кейін медицина тексерісінен өтуге тиіс. Үміткер соңғы кезеңде АҚШ елшілігіндегі немесе консулдығындағы сұхбатқа қатысады. Мұнда үміткердің барлық құжатының түпнұсқасын, өмірбаяны мен қаржы жағдайын тексереді. Осыдан кейін ғана иммиграция визасын беру немесе бермеу туралы түпкілікті шешім шығады.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа талап АҚШ-та жүрген көп шетел азаматтың көші-қон процесін күрделендіруі мүмкін. Әсіресе, жұмыс, отбасы немесе басқа да негізде тұрақты резидент болуды жоспарлағандарға артық шығын мен уақыт талап етеді. Алайда АҚШ билігі бұл шаралар көші-қон жүйесінің бақылауын күшейтіп, заң сақталуын қадағалау үшін керек деп отыр.

2026 жылы грин-картаға қай кезде өтініш беруге болады?

Грин-картаға өтінішті тек ресми сайттан беруге болады. Агенттік көмегі қажет емес. Өтінім, әдетте, қазан айының басынан қараша айының басына дейін қабылданады.

Ал биыл өтініш беру уақыты әлі нақтыланбады. АҚШ-тың консул бюросында өтініш беру әзірше тоқтап тұрғаны жазылған.

Былтыр құжат 2 қазан мен 7 қараша аралығында қабылданған. Лотерея жауабы келер жылы мамыр айының басында ресми сайтта жарияланатын.

Контекст

Естеріңізге салайық, қаңтарда елшілік АҚШ-тағы Қазақстан азаматтарына ескерту жасаған еді.