Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Мансұр Ошурбаев мәжіліс кулуарында жасанды жаңбыр жаудыру бойынша жүргізіліп жатқан эксперимент туралы айтты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Вице-министрдің сөзіне қарағанда, алғашқы тәжірибеден кейін-ақ оның тиімдігіне қатысты белгілі бір қорытынды жасауға мүмкіндік болады.
Эксперименттің нәтижесі арнайы талданып, белгілі бір қорытындылар шығарылады. Бұл мәселе негізінен жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің құзыретіне кіреді. Біздің тарапымыздан тек бұлттар мен метеорологиялық бақылау бөлігі қадағаланады, – деді Мансұр Ошурбаев.
Ол министрлік жұмысы «Қазгидромет» деректері мен экологиялық мониториң негізінде жүргізілетінін атап өтті.
Вице-министрдің айтуынша, эксперимент аяқталғаннан кейін бұлттарға қатысты ақпарат пен жауын-шашын көлемі зерттеліп, нәтижелерге кешенді баға беріледі.
Егер тәжірибе барлық параметр бойынша белгіленген нормаларға сай келсе, оны экологиялық талаптарға сәйкес деп айтуға болады. Әлемдік тәжірибеде мұндай технологиялар экологиялық қауіпсіз саналады және көбіне су ресурстарын толықтыру үшін қолданылады, – деді ол.
Сонымен қатар шенеунік жасанды жаңбыр технологиясы табиғи су қоймаларында ылғал жетіспейтін аймақтарға көмектесуге бағытталғанын айтты.
Оның айтуынша, бұл технология жауын-шашынды бір өңірден екінші өңірге «ауыстырмайды», өйткені әсер нақты бір аймақтағы бұлттарға ғана жүргізіледі.
