Экологияны қорғайтын түрлі әдіс бар. Соның бірі — 23 сәуірде Jusan-ның қолдауымен Алматы Аренада өткен «Жастар таза ауа үшін» мұз шоуы. Онда мәнерлеп сырғанаушы жұптар өнер көрсетіп, өзара сайысты. Шоу-байқау билеттерінен жиналған қаржыға қаладағы мұқтаж отбасылардың үйіне газ жылуы орнатылады. Сөйтіп, ол отбасыларда көмірдің орнына газ жағылып, бұл Алматы экологиясын жақсартуға мүмкіндік береді. Baribar.kz тілшісі ерекше шоуды тамашалап қайтты.

Star On Ice жобасы аясындағы мұз айдынындағы шоуға 11 жұп қатысты. Бір қызығы, олар кәсіби мәнерлеп сырғанаушылар емес, түрлі мамандықты оқып жүрген студенттер. Олар жобаға өтініш беріп, бес ай бойы мәнерлеп сырғанауды үйренген. Кейбірі үшін бұл бұрыннан айналысып жүрген сүйікті ісі болса, енді бірі осы жобада бірінші рет коньки теуіп көрді. Бүгін олар ұзақ уақыт бойғы дайындықтың нәтижесін көрсетті.

Қатысушы жұптың бірі — 20 жастағы Болат Омаров пен 18 жастағы Жібек Ерболған. Екеуі осы жобада танысыпты. Жібек — болашақ қаржыгер, ал Болат ақпараттық технология қауіпсіздігі саласын меңгеріп жүр. Дегенмен бүгінгі олардың мақсаты компьютер мен цифрлардың емес, тайғақ мұз бен өткір конькидің тілін табу. Олар мұз үстінде «Құбыжық пен ханшайым» кейпінде Adele орындайтын SkyFall әніне биледі.

Осы қойылым арқылы көрерменге тән сұлулығына қарағанда жан сұлулығы маңызды екенін жеткізгіміз келді, — дейді Жібек.

Болат Омаров пен Жібек Ерболған. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Жібек те, Болат та конькиді дұрыс тебуді, мәнерлеп сырғанауды осы жобаға келіп үйреніпті.

Медеу мұз айдынына барып, коньки тебетінмін. Тіпті бір аяқпен сырғанайтынмын, содан «біраз тәжірибем бар ғой» деп ойладым. Бірақ жобаға келгенімде мүлдем сырғанай алмайтынымды түсіндім. Бәрін басынан үйретті, — дейді Жібек.

Мәнерлеп сырғанау — өте әдемі әрі нәзік спорт түрі. Жұптардың ерекше қимылынан көз алмай қарап отыра беруге болады. Дегенмен бұл спорт түрімен айналысатын адам аса қырағы, байқампаз болуы қажет. Қимылың сәл қалт кетсе, жарақаттанып қалуың мүмкін. Мысалы, дайындықта Жібек құлап қалып, мықын сүйегін ауыртып алған. Соған қарамастан бүгін байқауға қатысып отыр.

Өте қатты ауырды. Екі апта дайындыққа келмедім. «Қатыспай-ақ қойсам ба?» деген ой болды, бірақ үш ай бойғы дайындығымды есіме түсіріп, соңына дейін жеткіземін деп шештім, — дейді Жібек.

Болат Омаров пен Жібек Ерболған. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Бұл жағдай тек Жібекке емес, Болатқа да ауыр соққа болған. Сол кезде ол мәнерлеп сырғанау қандай жауапты спорт түрі екенін тағы бір мәрте ұққан.

Осы жағдайдан соң қорқып қалдым, ынтам сөнді. Жұбым жарақаттанып қалғандықтан, «қатыспаймыз» деп ойладым. Бірақ Жібек берілмеді, байқау уақыты да ұзарды. Ештеңеге қарамастан тәуекелге бел байладық. Мұның өзі — біз үшін жеңіс, — дейді Болат.

Болат Омаров пен Жібек Ерболған. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Жібекті де, Болатты да Алматы экологиясы алаңдатады. Екеуі экобелсенді болмаса да, табиғатқа зиянын тигізбеуге тырысады. Мәселен, Жібек кимейтін таза киімдерін балалар үйіне, мұқтаж адамдарға береді. Осылайша, ол қайырым жасайды әрі артық қоқыс шығармайды. Болат кейде достарымен бірге сенбілікке шығып, таудағы қоқысты жинайды.

Алматының экологиясына алаңдаймыз, себебі мұнда жағдай өте нашар. Таудан қарасаң, қаланы түтін басып тұрады, сондықтан осындай жобалардың болғаны маңызды. Жоба мақсатын естігенде қуандық, — дейді Болат пен Жібек.

Болат Омаров пен Жібек Ерболған. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Қазақстанның әйелдері күштерінің альянсы төрағасының орынбасары, жоба ұйымдастырушысы Әлия Ахмеджанованың айтуынша, 10 жыл бұрын қазақстандық студенттер америкалық Star On Ice жобасын елге әкеліп, университет қабырғасында ұйымдастырып жүрген. Дегенмен пандемияда бұл шоу уақытша тоқтап қалған. Биыл жоба қайта іске қосылды.

Бұл жоба салауатты өмір салтын ұстануға және студенттерге бос уақытын тиімді өткізуге көмектеседі. Қатысушының бәрі  — студент. Күндіз сабаққа барады, сондықтан түнде 23.00-ден 02.00-ге дейін дайындалды. Осы уақыт ішінде олардың тек мәнерлеп сырғанауды емес, командамен жұмыс істеуді үйренгенін байқадық. Қазіргі жастарға тәнті болдым. Дайындықта бірін-бірі қарсылас деп көрген жоқ. Керісінше, жобаға атсалысып жатқан бір команда болды. Балаларға осындай мүмкіндік берген, оларға сенген Jusan-ға алғыс айтамыз, — дейді Әлия Ахмеджанова.

Оның айтуынша, шоудан түскен қаржыға Алматының Түрксіб ауданындағы 20 мұқтаж отбасының үйіне газ жылуы орнатылады.

Жобаның тақырыбы жыл сайын өзгереді. Биыл ең өзекті проблема — экологияға арнадық. Мүгедектігі бар адамдардың, жалғыз тұратын ата-әжелердің үйіне газ жылуын қосып береміз. Келесі жылы басқа проблемаға назар аударамыз. Жобаның арқасында студенттер өз жұмысының нақты нәтижесін көреді, қоғамды өзгерте алатынын, оған үлес қоса алатынын түсінеді. Келер жылы тағы осындай игі іспен айналысуына да себеп болуы мүмкін, — дейді Әлия Ахмеджанова.

Есімі ерекше Кирсан Құлмағамбетов мен Сәнді Амангелді «Лед» фильмінің саундтрегіне өнер көрсетті. Олар сол фильмнің бас кейіпкерлерін сомдады.

Бала кезінен мәнерлеп сырғанаумен кәсіби түрде айналысқан қыз кенет жарақат алып, арбаға таңылады. Барлық арман-мақсаты құрдымға кетеді. Оған хоккейші жігіт көмектесіп, аяғынан тұрғызады. Екеуіміз де бұл фильмді көргенбіз. Оның сюжеті екеуіміздің де жүрегімізді елжіретті. Осы қойылым арқылы фильмдегі оқиғаны да, мәнерлеп сырғанаудың қызығы мен шыжығын да, өзіміздің үйренген техникамызды да көрсеткіміз келді, — дейді Сәнді Амангелді.

Кирсан Құлмағамбетов пен Сәнді Амангелді. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Кирсан халықаралық құқық, Сәнді басқару менеджменті мамандығында оқиды. Бос уақытында Кирсан каратэмен, Сәнді хорегографиямен айналысады. Екеуі жаңа тәжірибе, жаңа эмоция алу үшін мәнерлеп сырғанауға қатысып көруді шешкен. Дегенмен бұл олар ойлағандай оңай болмаған. Алғашында олар конькимен тік тұра алмаған, талай құлаған, буынын созып алған. Дегенмен байқауда өнерін сәтті орындап шықты.

Ең бастысы, конькиді киген соң өзіңе сенімді болуың керек екенін, қойылымда эмоцияңды барынша көрсетуің керек екенін түсіндік. Біздің қойылым ерекше болды деп ойлаймыз, себебі біз тек сырғанап қоймай, жұп арасындағы диалогты көрсеттік, — дейді Кирсан.

Кирсан Құлмағамбетов пен Сәнді Амангелді. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Сәнді — университетінде белсенді студенттің бірі. Түрлі сенбілікке барып, экошараларға қатысады. Бүгінгі мұз шоуының тақырыбын жақсы біледі.

Университеттегі белсенді студенттер бас қосып, экологияға үлес қосудың түрлі амалын қарастырып жүрміз. Мысалы, жақында пластиктен бас тартуды жоспарлап отырмыз. Ал бүгін мұз шоуынан түскен қаржы алматылықтардың үйін жылытуға кететінін естігенде жобаға деген құлшынысымыз арта түсті, — дейді Сәнді.

Кирсан Құлмағамбетов пен Сәнді Амангелді. Фото: Jusan баспасөз қызметі
Кирсан Құлмағамбетов пен Сәнді Амангелді. Фото: Jusan баспасөз қызметі

Шоу қатысушылары көрерменді таңғалдарды. Олар мұз бетіне түрлі образда шықты. Бірі көрерменді Аватарлар әлеміне, енді бірі Кариб теңізінің қарақшылары әлеміне апарды.

Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі

Jusan Bank PR–директоры Гаухар Керімова жас таланттарды қолдауға дайын екенін айтты.

Jusan Bank ылғи да шығармашылық жобалары мен жас таланттарды қолдауға тырысады. Ал қоршаған орта мен климатты сақтау, жалпы экология тақырыбы Jusan үшін ерекше маңызды. Біз жастардың жарқын болашағы үшін осы сынды бастамаларды алдағы уақытта да қолдаймыз, Jusan еліміздің өскелең ұрпағының шексіз әлеуетіне сенеді, — дейді Гаухар Керімова.

Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі
Фото: Jusan баспасөз қызметі

Шоу соңында  «Аватар» бейнесімен мұз айдынына шыққан Урсула Теңелбай мен Дидар Батырбеков І орын, «Бойдақ» бейнесімен өнер көрсеткен Мирас Ақан мен Камила Ибраева ІІ орын, «Лед» фильмінің саундтрегіне мәнерлеп сырғанаған Сәнді Амангелді мен Кирсан Құлмағамбетов ІІІ орын алды.

Фото: Jusan баспасөз қызметі