ҚР парламенті сенаты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, білім беру, денсаулық сақтау және баланың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң мен оған ілеспе құжатты екі оқылымда мақұлдады. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Заңды бұған дейін ҚР парламенті мәжілісі 2026 жылғы мамырда қабылдаған болатын.
Құжаттың негізгі мақсаты — педагог мәртебесін нақты қорғау және мұғалімдерді артық жүктемеден босату. Жаңа нормаларға сәйкес, педагогтардың білім алушылар алдындағы жауапкершілігі тек оқу процесі кезінде ғана қарастырылады. Бұл мұғалімдерді өзіне тән емес міндеттерден қорғауға бағытталған.
Сонымен қатар заң жобасында қағаз және электрондық форматтағы есепті қатар жүргізу, яғни «цифрлық бюрократияға» заңнамалық деңгейде тыйым салу қарастырылған.
Талантты жастарды қолдау мақсатында халықаралық кәсіби шеберлік байқауларының жеңімпаздарына жоғары оқу орындарына конкурстан тыс грант беру нормасы енгізілді. Құжатта баланың өмірі мен қауіпсіздігі үшін ата-аналардың жауапкершілігін кеңейту мәселесі де қамтылған. Заң авторлары білім мен тәрбие беру ісі тек мектептің ғана емес, отбасы мен мемлекеттің де ортақ міндеті екенін атап өтті.
Бұдан бөлек, педагогикалық және медициналық мамандықтарға студент қабылдау мен ауыстыру талаптары күшейтіледі. Бұл аталған салаларға білімді әрі білікті жастарды тартуға бағытталған.
Сонымен қатар заңда Қазақстан аумағында жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беретін қолайлы құқықтық режим енгізу көзделген.
