«Қазақстан халқына» қорынан 113,4 миллион теңге бөлініп, паралимпиада спортшыларына арнайы спорттық жүгіру протезі жасалды. Протез алған 10 спортшы паралимпиада чемпионы, неміс жеңіл атлеті Генрих Поповтың жетекшілігімен Running Clinic мектебінде дұрыс жүгіру техникасын үйренді. Baribar.kz тілшісі спортшының жаттығуын көріп қайтты.

Атлеттердің көбі алдыңғы протезін талай жыл киіп тоздырған. Спорттық жүгіру протезі спортшылардың екінші демін ашқандай.

Қатысушылар әуелі жүгірудің алдында қалай дұрыс жаттығу жасау керек екенін үйренді.

спортшылар, жаттығу, паралимпиада
Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz
жүгірушілер
Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Жеңіл атлетикадан халықаралық жарыстардың чемпионы Руфат Хабибуллин сегіз жыл бойы бұрынғы протезбен жүрді. Осы уақыт аралығында спортшы найза лақтырудан жастар арасында Азия чемпионатында рекорд орнатты. Онымен қоса ядро лақтырудан үшінші, ал диск лақтырудан екінші орын алды.

2013 жылы жол апатынан бір аяғымнан айырылдым. Оған дейін де спортпен айналысатын едім. Мына жағдайдан соң достарым мені параволлейболға апарды. Бірақ бұл спорт түрі менің көңілімнен шықпады. Одан кейін 2014 жылы жеңіл атлетикамен айналыса бастадым. Жаңа протездің сапасы бұрынғы протезбен салыстырғанда керемет екен: өте жеңіл, әрі жылжып кетпейді. Оны «иномарка» деп айтамын. Енді жаңа иномаркамды ақтап шығуым керек, — деді Руфат Хабибуллин.

Хабибуллин Руфат, жеңіл атлет, паралимпиада
Руфат Хабибуллин. Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Бүгінгі іс-шараға жүгірумен енді айналыса бастаған атлеттер де қатысты. Солардың бірі — 18 жастағы Айгерім Қали. Ол бұған дейін фитнеске барып жүрген, жүгіруге ауысқанына екі күн болған. Жүгіруге аяғының ампутациясы түрткі болды.

Жеңіл атлетикаға да, жаңа протезге де енді үйреніп жатырмын. Екеуі де ұнап жатыр. Жүгіру қатардағы адам сияқты сезінуге көмектеседі. Кейде кез келген адам айналыса алмайтын спортпен шұғылданғаныма мақтанамын. Күнделікті қарапайым протезбен жүремін. Мына спорттық жүгіру протезі оған қарағанда өте жеңіл және спортпен айналысуға ыңғайлы, — деді Айгерім Қали.

Айгерім Қали, паралимпиада, протез
Айгерім Қали. Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Спорттық жүгіру протездері 10 адамға берілген. Спортшылар жасына, денсаулығына қарай іріктеп алынған. Осы спортшылар паралимпиадаға қатысатын жүгіру командасы болып құрылды.

Протездерді дайындау үшін «Қазақстан халқына» қоры 2023 жылы 113,4 миллион теңге қаржы бөлді. Протездер Германияда жасалып, Қазақстанға әкелінді. Бұл қайырымдылық жобасымен ҚР ұлттық паралимпиадалық комитеті мен Оttobock халықаралық концернінің еліміздегі өкілі «Фармас» өндіруші компаниясы айналысты.

Комитеттің атқарушы директоры Ерлан Сүлейменовтің айтуынша, протездер спортшының меншігі емес. Спортшылар жақсы нәтиже көрсетіп, жетістікке жетсе, протез атлеттің меншігене толық беріледі.

Протезді келісімшарт арқылы уақытша пайдалануға береміз. Ал жыл соңында спортшының қаншалық дамығанына, қандай жетістікке жеткеніне қараймыз. Ол қандай да бір ұлттық немесе халықаралық жарыстарда жеңіске жетіп, алға қарай ұмтылса, протез спортшыға қалады. Нәтиже болмаса, протезді басқа адамға береміз, — деді Ерлан Сүлейменов.

Ерлан Сүлейменов,, паралимпиада, протез
Ерлан Сүлейменов. Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Үш күндік жүгіру мектебінің қорытындысы бойынша, барлық спортшы 13-17 мамыр аралығында Алматыдағы орталық стадионда өтетін Қазақстан Республикасының VI паралимпиада ойындарына қатысады.

жүгірушілер
Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz

Бұл қайырымдылық жобасының мақсаты — мемлекетке, қоғамға протезбен жүгіру спортының бар екенін көрсету. Сонымен қатар спортшылардың халықаралық жарыстарда жақсы нәтижеге жетуге дайын екенін дәлелдеу, — деді комитет басшысы.

жүгірушілер
Фото: Аяулым Жақсылық/Baribar.kz