Мазмұнға өту
Басты бет / Push /

Алматыдағы Тимирязев көшесінен БРТ жолағы алынуы мүмкін

Фото: Informburo.kz

Не болды?

Алматыдағы Тимирязев көшесінде орналасқан БРТ жолағы алынуы мүмкін. Қала әкімдігі көшедегі қозғалыс сызбасын өзгертіп, қоғамдық көлікке арналған жолақты жолдың ортасынан шеткі бөлігіне көшіру мәселесін талқылап жатыр. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.

Мәлімет

Тимирязев көшесіндегі БРТ жүйесі 2018 жылы іске қосылған. Бұл жолақтың ерекшелігі – автобус жолдың ортасымен қозғалып, аялдаманың да көшенің ортасында орналасуында. Қазір бұл бағытта тәулігіне 120 мыңнан астам жолаушы қатынайды. Нәтижесінде қоғамдық көлік кептелісте тұрмай, еркін жүре алады.

Жол қозғалысы және жолаушылар көлігін ұйымдастыру басқармасының басшысы Ержан Диханбаевтың айтуынша, Тимирязев көшесіндегі қозғалыс Әл-Фараби даңғылындағы көлік кептелісіне әсер етеді. Осыған байланысты көшедегі қозғалысты біржақты қылып, автобус жолағын жолдың оң жақ шетіне ауыстыру нұсқасы талданып жатыр.

Мұндай өзгеріс жолаушыға да, жүргізушіге де ыңғайсыз болады. Тұрғындарға қоғамдық көлікпен қатынау қиындаса, қалада жеке автокөлік көбеюі мүмкін. Бұл кептеліс мәселесін одан әрі ушықтырады, — дейді урбанист маман.

Сонымен қатар Райымбек даңғылында салынып жатқан БРТ жобасы да тоқтап қалған. Егер жұмыс аяқталса жаңа жолақ күзде қолданысқа берілуі мүмкін еді. Бұған дейін автобус жолағын салуға 39 миллиард теңге бөлініп, жұмыстың 37%-ы аяқталғаны хабарланды.

Контекст

Естеріңізге салайық, Әл-Фараби даңғылындағы болған жол апатына қатысты жаңа деректер жарияланды.

Мақалаға реакция