Не болды?
Қазақстанда кітап оқу мәдениеті дамып келеді. Осыған байланысты ұлттық электронды кітапхана қорында оқырман саны артты. Бұл туралы Baribar.kz хабарлап отыр.
Мәлімет
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, кітапхана саласын жаңғырту, кітап оқуды насихаттау үшін цифрландыруға ерекше басымдық берілген.
Жыл басынан бері кітапхана қорына 2 506 цифрлық көшірме қосылып, 437 құжат өңделді. Сонымен қатар 127 мыңнан астам бет цифрланды. Қазір қорда 86 мыңнан астам құжат сақталған, оның ішінде 10 мыңнан астам сирек кітап пен қолжазба бар.
Бүгінге дейін ҚазҰЭК қорына жүгіну көрсеткіші 3,6 миллионнан асып, қашықтан пайдаланушы қатары 295 мыңнан астам адамға жетті. Осы уақыт ішінде электронды құжаттардың 891 мыңнан аса көшірмесі жүктелген.
Электронды кітапхана қызметіне 122-ден астам елдің оқырманы жүгінеді. Порталға Қазақстаннан бөлек Қытай, Ресей, АҚШ, Виетнам, Өзбекстан, Түркия, Германия, Франция және Қырғызстан оқырманы қызығушылық танытып отыр. Қордағы материалдар 70 тілде қолжетімді.
Порталдағы материалдарды тіркелусіз-ақ қарауға болады. Мұнда арнайы бағдарлама аясында жарық көрген кітаптар, сирек қолжазбалар мен құжаттар, түркітілдес елдер әдебиеті және басқа да жинақтар ұсынылған.
Осыған дейін 16 мамырда президент кітап оқу мәдениетін дамыту және интеллектуал ұлт қалыптастыруға бағытталған жарлыққа қол қойды.
Контекст
Естеріңізге салайық, Қазақстанда 12 мыңға жуық кітапхана бар.
